Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.28.2006 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда сол күні Минскіде ашылған ТМД саммитіне орай, Достастықты реформалаудың маңыздылығы туралы мақалалар жарық көрген. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде, Қазақстанда жүргізіліп жатқан мүлікті жария ету шарасының айтарлықтай нәтиже бермей отырғандығы сөз болады.

«Экспресс-К» газеті, ТМД-ның 15 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған саммит, ұйымның тағдырындағы ерекше жиын болады деп атап көрсетеді. Басылым дерегінше, құрамына посткеңестік 13 мемлекет енетін ұйымның тиімділігі күн санап төмендеп барады. Сондықтан, ұйым мүшелері Достастықты реформалауды қажет деп тауып отыр. Мысалы, Қазақстан президенті көпжақты ынтымақтастықты дамытып, ұйымның жарғылық және жұмыс органдарының қызметін оңтайландыруды ұсынып отыр. Бұл бастама Минскіде өтіп жатқан ТМД саммитінде талқыланатын болады деп жазады «Экспресс-К»

«Казахстанская правда» басылымының дерегінше, ТМД-ны дамыту үшін, Қазақстан 5 бағытқа баса назар аударуды ұсынып отыр. Атап айтқанда, миграциялық саясат, транспорт, білім беру салаларына, қазіргі заманғы сыртқы қауіп-қатерге қарсы тұру және гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты арттыру. Ал Ресей жағы, халықаралық мәселелерде бірыңғай ұстанымда болуды және ортақ қорғаныс саясатын жүргізуді ұсынып отыр. Жалпы, айтқанда осы мемлекетаралық құрылым жұмысының белсенділігін арттыру көзделуде. Бірақ, ұйымның болашағы ТМД -ға мүше мемлекет басшыларына тікейлей байланысты, - деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

«Жас Алаш» басылымы, ТМД-ны реформалауға қатысты сарапшылар пікірін жариялапты. Беларусь президенті Александр Лукошенконың пікірінше, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының ешкімге кедергісі жоқ. Сондықтан, реформаны сылтауратып, оны таратып жіберудің қажеті шамалы деп санайды ол. Ал Ресей сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Андрей Денисов, ТМД-ны сақтап қалудың бір-ақ жолы барын айтады. Оның ойынша, ұйымның қызметі мүше мемлекеттердің мүддесіне жауап беруі тиіс. Сондықтан, Денисовтың пікірінше, Достастықты қазіргі заманға лайықтап, тиімді етіп, қайта құру ғана қалды, - деп жазады «Жас Алаш».

Президент Назарбаевтың пікірінше, мүлікті жария ету шарасының қаншалықты маңызды екенінен халық бейхабар, сондықтан, бұл акция нақты нәтиже бермей отыр деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. Осыған орай, «мүлікті жария етуге байланысты мемлекеттік іс-шараларды кеңінен түсіндіруде барлық мүмкіндіктер қолға алынуы тиіс. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз мүлкін немесе капиталын жария еткен адамдарға еш қауіп төнбейтінін ашық түсіндіруі қажет». Бұл туралы Президент сенбі күні Алматыда өткен облыс әкімдерімен және республикалық құзырлы мекемелер басшыларымен әңгімелесу кезінде мәлімдеді деп жазады «Егемен Қазақстан».

«Литер» басылымының дерегінше, аталған жиында Президент бұдан былай мұндай мүмкіндік берілмейтінін айтқан. «Президенттің сөзіне қарағанда, 2007 жылдың 1-сәуіріне дейін заңдастырылмаған мүлік пен капитал көлеңкелі, яғни экономиканың заңсыз айналымында жүрген болып саналмақ. Яғни, осыдан кейін, заңдастырылмаған нысандар хұқық қорғау орындарының назарына ілінбек. Ал, оффшорлы аймақтарда, шетелдердегі банктерде жатқан заңсыз ақшаларды мемлекет, әлемдік хұқық қорғау орындарынан сарапшылар жалдап, ашатын болады», - деп жазады «Литер» басылымы.
XS
SM
MD
LG