Accessibility links

«Қазақмыс» компаниясының акциялары Лондон биржасы мен Қазақстанның қор биржасында еркін сатылатын болды


Қарашаның 29-ы күні Алматыда «Қазақмыс» компаниясының басшылары журналистер қауымымен кездесіп, компанияның биылғы жылы қол жеткізген табыстары мен кейбір жақсылықтары жөнінде хабардар етті.

«Қазақмыс» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы, компания президенті Владимир Кимнің айтуынша, ол басқаратын компания Қазақстанда ірі өндірістік компанияның бірі болғанымен әлемде мыс өндіруші компаниялардың алғашқы ондығына еніп отыр.

Оның айтуынша, компания 2005-ші жылдан бері Лондондағы қор биржасына өз акцияларымен қосылған бұрынғы кеңес одағы елдерінің ішіндегі алғашқы мыс компаниясы болмақ. Осы уақыт ішінде компания акциясының жалпы құны 10 млрд долларға жетіпті. Бүгінде «Қазақмыс» компаниясында 70 мыңдай жұмысшы бар ,ал компания жылына 400 мыңдай тонна мыс өндіреді.

«Қазақмыс» компаниясының вице-президенті Серік Тұрдалиевтің айтуынша, жылына компанияның өндіретін осыншама көлемдегі мыстың тек бір проценттейі ғана Қазақстан мұқтаждығына арналып, қалған 99 процентей өнім шетелге, соның ішінде ең көбі Қытайға сатылады екен.

- Қазақстанда «Қазақмыс»-тың мысын алатын Жезқазғандағы мыс жіптерін жасау зауыты өз өнімдерін Павлодардағы трансформатор зауытына береді, басқа бізден мыс алып оны пайдаға асыратын ешқандай зауыт, өнідіріс жоқ, - дейді ол.

Сейсенбі күнгі жағдаймен Лондон биржасында бір тонна таза мыстың бағасы 6930 АҚШ долларын құрады. Ал осы «Қазақмыс» компаниясы өз өнімін шетелге қандай бағамен сатады деген сұрағымызды компанияның вице-президенті С.Тұрдалиев мырзаға қойған едік. Алайда ол бұл мәселемен Лондонда отырған бір ағылшын фирмасының айналысатындығын, өзінің қазақ мысы дәл қаншаға сатылатындығынан хабары жоқ екендігін айтты. Қалайда Лондон биржасындағы баға төңірегінде болуы керек деп бір болжам білдіріп қойды ол.

Халықаралық экономика саласының маманы Болатқан Тайжан «Қазақмыс» компаниясы өз өнімін Лондон биржасындағы бағадан көп төмен бағаға сатады деген пікір айтады. Өйткені, биржадағы бағаға ешкім жүгіре қоймайды, сондықтан «Қазақмыс» төмен бағаға жақын жерге Қытайға өз өнімін сатып отыр, өйткені бұл сұрауы жоқ байлықты асап жатқан компанияға да тиімді баға болады дейді ол. Қалайда келер ұрпақ үлесін ұмытып, В.Ким секілді олигархқа қазақ халқының байлығын осыншама асатып қойған қәзіргі үкіметке таң қаламын дейді ол.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшімнің пікірінше, Қазақстандағы «Қазақмыс» секілді ірі компаниялар осы уақытқа дейін Қазақстан экономикасының дамуына сеп боларлықтай ешнәрсе істемей отыр. Олар тек халықтың байлығын қомағайлана жеп, соның қызығын көріп отырғандар. Ал бұған көңіл бөлуі тиіс үкімет ешнәрсе айтпайды, өйткені «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген қазақта мақал бар дейді ол.
XS
SM
MD
LG