Accessibility links

29 қараша – палестина халқымен халықаралық ынтымақтастық күні


29 қараша – палестина халқымен халықаралық ынтымақтастық күні. 1977 жылы осы күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы Палестинада Израиль оккупациясын тоқтату, палестиналықтарға егемендік беру және палестина халқына басқа әлем халықтары тәрізді заңды құқық беру жайлы шешім қабылдаған болатын. Соған қарамастан, бүгінгі күнге дейін палестина халқының құқықтары мен заңды талаптары өз деңгейінде шешілмей келеді дейді Қазақстандағы Палестина мемлекетінің елшісі Валид Хасан «Азаттық Радиосына» берген сұхбатында.

Палестина елшісінің айтуынша, палестина халқының өз құқықтарына қол жеткізе алмауына Біріккен Ұлттар Ұйымы палестина мәселесіне байланысты қабылдаған көптеген қарарларының ұзақ жылдан бері орындалмауы себеп болып отыр.

- Палестинадағы зорлық-зомбылықтардың, соғыстардың негізгі себебі Израиь оккупациясынан басталды. Израиль Палестина жерін жаулауды тоқтатып, палестина мәселесіне қатысты халықаралық қарарларды орындаса, аймақта әділетті әрі толық бейбітшілік орнап, палестина халқының ұзақ жылдан бергі қасіреті аяқталар еді. Қазірде, бейбітшілікті орнату тек Израильге ғана байланысты болып отыр, - дейді Валид Хасан.

Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Құралай Байзақова тәуелсіз палестина мемлекетінің жарияланбай қалуы, екі халықтың дұшпан болып қалыптасуы 1948 жылғы араб-израиль соғысынан басталады дейді. Алайда ол осы күнгі соғыстардың барлығына тек Израильді ғана кінәлай беру дұрыс емес деп, соғыс өртінің тұтануына жауапкершілікті Батыстың ірі державаларына да артады.

- Палестина алдымен Батыс елдерінің ықпалында болды. Олар Палестинаға дербестік беру керек болғаннан кейін, қалай болса да осы аймақта ықпалын сақтап қалу үшін Израильді жан-жақтан қолдап келді. Әлемдік қауымдастық Израильге, жалпы еврей жұртына не үшін қолдау жасады? Ол еврейлердің 2-ші дүниежүзілік соғыста көп зардап шегуіне байланысты еді. Бірақ, еврейлер кейіннен БҰҰ қабылдаған шешіммен шектелінбей, өздеріне қосымша жерлер ала бастады, - дейді тарихшы.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкері, «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы Асылбек болса, бұл қақтығыстардың діни сипатқа ие болып отырғандығын айтып, осы күндегі палестиндықтардың әр түрлі шарасыз әрекеттерін ақтап алуға болады дейді.

- Өз жерлерін талап етіп жатса, оған неше түрлі террорист деген ат беріп, әйтеуір түрлі «измдерді» сол байғұс халыққа таңа береді. Ал олар өз жерін қайтарып алғысы келеді. Өз жерін, бас бостандығын талап еткен халық бақайшағына дейін қаруланған Израиль әскеріне қалай қарсы тұрады. Сондықтан да палестиндықтардың неше түрлі іс-әрекетке баратыны табиғилық, - дейді Оңғар қажы Асылбек.

Палестина мемлекетін құру туралы шешім 1947 жылы БҰҰ-ның «Палестина жерінде тәуелсіз Палестина және Израиль мемлекеттері құрылсын» деген қарарында көрсетілген болатын. Алайда 1948 жылы басталған араб-израиль соғысында Палестина мемлекеті құрылмай, оның біраз жерлері Израильге өтіп кеткен еді.Әзірше, Палестина Израильден өзіне тиесілі жерлерін толық қайтарған жоқ. Алайда, Палестина басшылығы да, осы аймақтағы көптеген радикальды топтар да, қайткенде де Палестина Араб мемлекетін құруды аяғына дейін жеткіземіз деп отыр. Сонымен қатар, әлі Иерусалим мәртебесі, қайтарылмаған жерлер және босқындар мәселесі де шешімін таппай отыр.
XS
SM
MD
LG