Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.01.2006 жыл


Жұма күні жарық көрген баспасөз беттерінде, 1 - желтоқсан халықаралық СПИД-пен күрес күніне орай мақалалар жарияланған. Сондай-ақ, тәуеліз басылымдар, соңғы кезде Қазақстанда бизнесті күшпен тартып алу - рейдерліктің белең алып отырғаны туралы мәселе көтеріпті.

«Литер» басылымының дерегінше, СПИД проблемасы – бүкіл әлемдегі өзекті мәселелердің бірі болып қалып отыр. Бүкілдүниежүзілік СПИД пен күрес күні - Еуропада шерулер ұйымдастырылады. Ал, Америкада бұл мәселеге орай дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, пікірталас өтеді. Қазақстанда да бұл күн ескерусіз қалмайды. Еріктілер оңтүстік астана көшелеріне шығып, ақпараттық кітапшалар таратады. Бірақ, осындай шаралардың СПИД ауруымен байланысты ахуалға тигізер пайдасы шамалы, - деп жазады «Литер» газеті.

«Эпоха» апталығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше 2006 жылы әлемде ВИЧ инфекциясын жұқтырған адам саны 39 жарым миллионға жеткенін жазады. Оның 2 миллиондайы Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен ТМД елдерінде. Қазақстанда ВИЧ жұқтырған 7 мың 88 адам тіркеуде тұр. Ал Шымкенттегі 81 сәбиден қауіпті вирус табылуы СПИД проблемасына осы уақытқа дейін үкімет деңгейінде назар аударылмауының салдары. Өйткені, бұл медициналық мекемелердің жұмысымен ғана шектелмейтін әлеуметтік проблема, - деп жазады «Эпоха».

СПИД-пен ауыратындар саны жағынан Қазақстан ТМД елдерінің арасында бесінші орында деп жазады «Панорама» апталығы. Басылым дерегінше, қауіпті дертті жұқтырғандардың 50 пайыздан астамы 20-29 жас аралығындағылар. Әлеуметтік құрамы бойынша, СПИД-пен ауыратындардың 72 пайыздан астамы жұмыссыздар. 75 пайызға жуығы – инеге отырған нашақорлар, деп жазады «Панорама» газеті.

«Республика» басылымы Шымкент қаласында емделіп, қан ауыстырған семейлік 10 айлық бүлдіршіннен ВИЧ инфекциясы табылғанын жазады. Газетке сұхбат берген нәрсетенің анасы, ВИЧ табылған сәбилер 16 жасқа толғанша ай сайынғы төленетін 8800 теңге жәрдемақыны ала алмай отырғанын айтыпты. Өйткені, бұл қаражат тек Оңтүстік Қазақстан облысының бюджетінде ғана қарастырылған. Ал, Шығыс Қазақстанда бұл жәрдемақы төленбейтін көрінеді. Бұған қоса, басылым дерегінше, ВИЧ індеті тараған Шымкент қаласынан 200-ге тарта бала Қазақстанның түрлі аймақтарына қоныс аударған. Сондықтан, қауіпті вирус басқа да өңірлерден табылуы мүмкін деген болжам жасайды «Республика» газеті.

«Караван» апталығы, Оңтүстік Қазақстан облысында 81 баладан ВИЧ инфекциясы табылуына орай, Аурудың алдын алу жөніндегі орталық деп аталатын америкалық халықаралық ұйым жүргізген зерттеу қорытындысы туралы жазады. Бұл ұйымның дерегінше, балалардың басым көпшілігі бір генотипті вирус жұқтырған. Сондай-ақ, жүргізілген зерттеу, бірінші бала вирусты қан ауыстыру кезінде жұқтырғанын, ал өзге сәбилерге ВИЧ тазартылмаған медициналық құралдардан тарағанын анықтап отыр. Бірақ, әзірге дейін, қауіпті дерт таратушы донордың кім екені белгісіз, деп жазады «Караван» газеті.

«Апта» басылымы, Қазақстанда жемқорлықтың жаңа түрі - рейдерлік белең алып келеді деп жазады. Бұл мәселе тіпті Парламентте көтеріліп, Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов, Президентке Үндеу жолдаған. Депутаттың айтуынша, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғаннан кейін, меншікті жаулап алудан үлкен тәжірибесі бар, ауқымды қаржылық капиталға ие халықаралық рейдерлерге есік ашылады. Сол кезде, Әбдрахмановтың пікірінше, мұндай технология саясат саласына дендеп, сайлау нәтижесіне әсерін тигізбейтініне кепілдік жоқ, деп жазады «Апта» басылымы.

«Республика» апталығының дерегінше, Қазақстанда қолында билігі барлар ғана рейдерлік айналысып, бизнесті күшпен тартып ала алады. Осы орайда басылым біреудің жерін алдап қараулықпен алуды да, күшпен басып алуды да рейдерлікке жатқызады. Сондай-ақ, басылымның жазуынша, оң жақ рульді көліктерді елге әкелу мен келешекте пайдалануына тиым салу туралы Президенттің мәлімдемесі де - рейдерлік. Өйткені, мемлекет біреудің меншігіндегі мүлікті күшпен тартып алуға әрекеттенуде. Ал рейдерлік туралы дабыл қаққан депутаттар, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлердің уәжіне құлақ асар ешкім жоқ, деп жазады «Республика».
XS
SM
MD
LG