Accessibility links

Қазақстан шығармашылық одақтар Конфедерациясының құрылтайы өтті


Жұма күні Алматыдағы Кино үйінде, Қазақстандағы он шығармашылық одақтың тоғызының басын біріктірген «Қазақстанның шығармашылық одақтары конфедерациясы» құрылтай конференциясын өткізіп, бірлестіктің құрылғанын мәлімдеді. Алайда, бұл конфедерацияға Қазақстан жазушылар одағы кірмеді. Бұл Конфедерация өздерінің алдындағы негізгі мақсаты - шығармашылық тұлғаларының қоғамдағы лайықты мәртебесі үшін күрес деп отыр.

Қазақстан шығармашылық одақтарының Конфедерациясын құруға «соңғы кездері елеусіз, ескерусіз болып кеткен шығармашылықпен айналысып жүрген зиялы қауым өкілдерінің мұң-мұқтаждары мәжбүр етті» дейді Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ынталы топ мүшесі Сейтқазы Матаев:

- Бұдан 3-4 жыл бұрын ассоциация құрмақшы едік, одан да түк шыққан жоқ. Енді міне осындай Конфедерация құрайық деген оймен сіздердің бастарыңызды жинап отырмыз. Кейбір кезде біздердің мүдделерімізге тікелей байланысты заңдар парламентте өтпей жатады. Мысалы, БАҚ туралы заң, не болмаса бүгін естіп отырмыз, кеше сенат «Мәдениет туралы заңды» қабылдапты. Оны да біз білмейміз, ешқандай кең ауқымды талқыдан өткен жоқ. Осындай жағдайлар біздің басымызды қосып отыр. Бірақ, ашығын айтсақ, біздің елде он шығармашылық одақ болса, соның тоғызы бізді қолдап, ал конфедерацияға Жазушылар одағы кірмейміз деп, бүгін осында бақылаушылар ретінде қатысып отыр. Оларға да келіп отырғандарына көп рахмет!

Ал бұл бірлестікке Қазақстан жазушылар одағының кірмей отырғанына екі себеп бар дейді жазушылар атынан сөйлеген Қалихан Ысқақ.

- Қазір ТМД елдеріндегі жазушылар одағы ыри-тыри болып бөлініп кетті, ал басын қосқандары үкіметтен еш көмек болмай, тіршілік жасай алмай жатыр. Быт-шыт болып кетті. Ал солардың ішіндегі жазушылар одағын сақтап қалған тек біздер - Қазақстан ғанамыз. Жетпіс жыл сақтап келген дүниеден қазір айырылып қалу – ол болмайтын нәрсе! Екінші себеп, Қазақстан жазушылар одағының жеке шығармашылық одақ болып өмір сүруіне мүмкіндігі бар. Басында баспанасы бар, оның конферец-залы дейміз бе, керек десеңіз ресторанына дейін бар, шығармашылық үйі және бар. Бұл – бір! Екі газет, екі журналы бар. Енді баспа ашамыз деп отыр. Кәдімгі үлкен корпорация құрмақшымыз. Сонда біз жазушылардың кітабын да шығара аламыз, олардың материалдық жағдайына көмектесе аламыз. Оның құқығы мен хақысын қорғай аламыз деп отырмыз. Оның үстіне жуырда жазушылардың әлеуметтік, творчестволық құқығын қорғау жөнінде үкіметке үлкен ұсыныс жасадық. Үкімет тарапынан оны қарап жатыр. Бізге әйтеуір, ептеп, жарым-жартылай болса да, қаражат жағынан, әлеуметтік жағынан, басқа жағынан да бізге бет бұратын түрі бар, - дейді жазушы Қ.Ысқақ.

Алайда жаңадан құрылып отырған бірлестік мүшелері Жазушылар одағының мүлкіне таласайын деп отырған жоқпыз дегенді айтады. Кейбіреулер, әлгі қазақтың «тоқ бала аш баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген сөзін осындайда сөз арасына қыстырып жатты.

Жаңа бірлестіктің төрағасы болып Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Игорь Вовняка сайланды. Ол «Конфедерацияның мақсаты конфрантация емес - консолидация, яғни бірлесе жұмылу» деп тұжырымдап отыр.

- Елдегі шығармашылық одақтар мен шығармашылық тұлғалардың жеткілікті дәрежедегі мәртебесін бекіту, оларға шығармашылығы үшін жағдай жасау, шығармалары лайықты қаржыландыратын кепілді жүйе қалыптастыру - бұл бірлестіктің алдындағы мақсат. Ол үшін арнайы заңдар қажет, міне сол іске біздер ұйытқы болуымыз керек, - дейді Вовняка.

Парламент депутаты Ғаділбек Шалахметов «бұл конфедерация Қазақстан мәдени мұраларының халықаралық деңгейдегі жоғын жоқтаушы болса игі еді» десе, Ақпарат және Мәдеиет министрлігінің өкілі Валерий Күзембаев «жалпы мұндай бірлестіктің құрылғаны ортақ мәселелерді шешуге көмегін тигізеді» деп сенетінін айта келіп, «бұл жерде де біртегіс емес, сіздерге жазушылар қосылмай отыр» деп түртіп кетті.

Ал Қалихан Ысқақ болса зиялы қауымның біртұтас бірлестікке біріге алмай жатуының астарында саясат бар дейді.

- Мұның барлығын жинап келіп айтқан уақытта – қазіргі біздің үкіметтің интеллигенцияға, зиялы қауымға деген көзқарасының салдары, бұл – саясат! Интеллигенцияны халықтан, қоғамнан, үкімети, саяси дүниеден бөліп тастау. Оның сөзін жоқ қылу деген нәрсесі осы, - дейді Қ.Ысқақ.

Қазақстан журналистер одағының жетекшісі Сейтқазы Матаевтың айтуынша, «мәдениет пен саясат басы бірікпес нәрселер, сондықтан бұл Конфедерация саясатпен айналыспайды, бірақ қоғамдағы елеулі оқиғаларға байланысты өз пікірлерін білдірмек».

Соңғы жылдары әр түрлі саяси сілкіністерге ұшыраған Қазақстан қоғамында «Зиялы қауым үні неге естілмейді?» деген сауал көп айтылып жатушы еді. Ал жаңа құрылған Конфедерация «оған құлақ асатындар болса, айтуын – айтамыз!» деп отыр.
XS
SM
MD
LG