Accessibility links

Желтоқсанның 1-і – дүниежүзілік СПИД-пен күрес күні


Бүгін, желтоқсанның 1-і - дүниежүзілік СПИД-пен күрес күні. Биылғы жылы СПИД-пен күрес науқаны "СПИД-ті тоқтатыңыз. Уәдені орындаңыз" ұранымен жүрмек. Қазіргі таңда әлемде ВИЧ-инфекциясын жұқтырған шамамен 40 миллионан астам кісі тіркелсе, 20 миллионнан астам адам осы аурудан көз жұмған. Ал 15 миллион халқы бар Қазақстанда бүгінде 7 мыңнан астам қазақстандық ВИЧ-инфекциясын жұқтырса, 500-ге жуық науқас осы дерттен қаза болған.

Қазақстанда ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандар саны жыл санап артуда. Сондықтан, мамандарды елдің эпидемиологиялық ахуалы алаңдатып отырғандығын айтады Республикалық СПИД-тің алдын-алу және онымен күрес орталығының бас директоры Мәриям Хасанова.

- Қазақстанда 7 мың 88 ВИЧ-инфекциясын жұқтырған адам тіркелген. Бұл сан барған сайын өсіп жатыр. Инфекцияның өсім қарқыны мен таралу деңгейі алаңдатады. Тек қана былтырғы жылмен салыстырғанда, Қазақстанда СПИД ВИЧ-инфекциясы тіркелуінің екі есе өсуі байқалады, - дейді М.Хасанова.

Алайда, бұл ресми мәліметтер. Шын мәнісінде жағдай одан гөрі нашарлау, Қазақстандағы ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандар саны одар артық деп есептейді БҰҰ-ның Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Александр Зуев.

- Сырқатқа шалдыққандардың бәрі бірдей тіркелмеген, бәрі бірдей анықталмаған. Бірақ, білікті халықаралық сарапшылардың есептері бойынша, шын мәнісінде ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандар саны біздегі ресми тіркелгендерден 2-3 есеге артық. Дегенмен, мәселе – олардың санында емес, олардың аса қауіпті таралу динамикасында. Себебі, СПИД-тің Қазақстандағы бүгінгі көрсеткіші төмен. Бірақ, қазір СПИД эпидемиясы кең етек алып отырған көптеген елдер де 10-12 жыл бұрын тап осындай деңгейде болған. Аурудың өсім қарқыны байқалған кезде оның таралу ауқымы да жылдам артады, - дейді А.Зуев.

Қазақстанда ВИЧ/СПИД инфекциясын жұқтырғандарды анықтап, осы ауруды жұқтыруға бейім топтармен жұмыс жүргізу керек дейді Қазақстан Парламенті сенатының депутаты Светлана Жалмағамбетова.

- Өйткені, аурулар кімдер? 77 пайызы – нашақорлар. Сонымен бірге секс-индустрия қызметкерлері. Сонан кейін 30 пайызы – түрмеде жатқандар. Жалпы, нашақорлар саны да ашық емес. Ол үшін олардың санын он есеге көбейту керек, - дейді сенатор.

Сонымен бірге ол бүгінгі таңда СПИД-ке шалдыққандар қоғамда керексіз адамдарға айналып, олардың құқықтары қорғалмай отырғарнын айтады.

- Бүгін СПИД-пен ауыратындар ешкімге керек болмай отырғаны ешкімге құпия емес. Оларды емдеудің орнына жұмысқа алмайды, олар бір жерге барса, қудалай бастайды. Сондықтан, ең бірінші олардың құқығын қорғау керек! Заң бойынша олар тек қан тапсыруда донор бола алмайды, ал қалған жағдайда барлық адамдармен құқықтары бірдей, - дейді депутат С.Жалмағамбетова.

Қазақстанда ВИЧ/СПИД инфекциясына шалдыққандардың 74,8 пайызы – жұмыссыздар. Ал бұл ауруға шалдыққандардың 50 пайызданг астамын 20-29 жастағы жастар құрап отыр.
XS
SM
MD
LG