Accessibility links

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі елдегі баспа қызметіне рұқсат беру тәртібін енгізуді ұсынып отыр


Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің елдегі баспа ісіне лицензия беру тәртібін енгізуге ниетін, Қазақстандағы сөз бостандығын шектеуді көздейтін кезекті ұмтылысы ретінде бағалайды "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Қалеева. Министрліктің сайтындағы «Баспа қызсметі туралы» заң жобасында министрлік полиграфиялық жұмыспен айналысатын баспалар лицензия алуы шарт екені жазылған. Ақпарат министрлігінің осы ұсынысты бір жылдың ішінде екінші мәрте қайтадан көтеруі елдегі бірқатар журналистік ұйымдар тарапынан сынға ілігіп жатыр.

Биылғы жылы жазда «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға өзгерістер енгізгер кезде, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев елдегі полиграфиялық жұмыспен айналысатын баспалар лицензия алуы шарт деген ұсыныс жасаған болатын. Кейбір журналистер бұл сөз бостандығын шектейді деп, қарсылық білдірді. Министрліктің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Нұрлан Нұрғазин болса «БАҚ туралы» заң жобасында қорқатындай ештеме жоқ деген-ді:

- Сөз бостандығына келетін болсақ өздеріңіз көріп отырсыздар журналистерге қарсы бір нәрсе бар ма, жоқ. Тек қана бас редакторға ғана байланысты нәрсе бар, оның өзінде де бас бұзарлық қателік кетсе ғана. Газетті жауып тастайды дегенде жоқ. Сонан кейін, оны министрлік жаба алмайды, ол тек сот шешімімен жабылады.

Ал өз есімін айтқысы келмеген газет тілшісі соттардың тәуелсіздігіне күмән келтіреді:

- Кез келген сот, аудандық, қалалық кішкентай сот белгілі бір желеумен жаба салуы мүмкін. Ал, соттарда қандай жағдай бар екенін біз жақсы білеміз. Бұрыңғыдай еркін тіркелу болмайды. Екіұшты пікір айтқандар өте алмайды. Тек қана биліктің саясатын қолдаған БАҚ-тар тіркелетін болады.

Ол кезде қоғамдық ұйымдар мен парламенттің кейбір депутаттары бұл өзгерістерді қабылдамай, әлгі ұсынысты парламент қабылдамай тастаған еді. Ал 2006 жылдың 1-желтоқсанында Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтында жарияланған «Баспа қызметі туралы» заң жобасында, полиграфиялық жұмыспен айналысу үшін алдымен лицензия алу қажеттігі туралы бап бар.

Қазақстандық "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Қалеева бұны баспаларға жасалғалы отырған қысым деп бағалайды.

- Ондағы мақсат – ол баспаларда оппозициялық газеттерді басқызбау, бұл цензураның бір түрі, - дейді Т.Қалеева.

«Астанамедиасервис» баспаханасының қожайыны Ерлан жұмысты күрделі қылатын кез-келген жаңа енгізудің жаман екенін, әлгіндей шектеулерден туындайтын бюрократиялық кедегілер жұмысқа тек кесірін тигізетінін айтады.

- Бірақ, егер кез-келген адам кез-келген ақпаратты баса бермеуі керек, бір жағынан, бұл істе тәртіпсіздік болмауы керек. Менің түсінуімше, бұл жерде қандай да бір цензура енгізілгелі отыр, - дейді Ерлан.

Ал, заң жобасына жауапты министрліктің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Нұрлан Нұрғазиннен осы мәселеге байланысты түсінік алу мүмкін болмады. Оның орынбасары Мақат Садық өзінің қызметке кіріскеніне тым аз уақыт өткенін алға тартып, заң жобасы жөнінде қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG