Accessibility links

Қапшағайлық кәсіпкерлер қала әкімінің үстінен шағым айтып отыр


Құрылыс материалдарын дайындаумен айналысатын бірқатар компаниялардың басшылары Қапшағай қаласының әкімі Сергей Зеленскийді «жемқорлық әрекетке барған» деп айыптады. Кәсіпкерлердің пікірінше, Зеленский мырза заңды рұқсатқа қарамастан өндіріс қажетіне бөлінген жер телімін компанияларға бермей отыр. Алайда, Алматы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры Мұрат Өсербаевтың айтуынша, Қапшағай қаласының Бас жоспары бойынша бұл жерлерге өнеркәсіп кешені салынуы тиіс.

Құрылыс материалдарын өндірумен айланысатын «Құм транссауда» компаниясының басшысы Сейтжан Досмұхамбетов Қапшағай қаласына қарасты «Николаевское» кенішін 25 жылға пайдалану құқығын тендерден жеңіп алғандығын айтады. Өндіріс жұмыстары осы жылы басталуы тиіс еді. Алайда Қапшағай қалалық әкімшілігі компанияны бұл кенішке жолатпай отыр, - дейді Сейтжан Досмұхамбетов.

- Табиғи қазба байлығын өндіруге құқық болғанымен, жерді пайдалануға рұқсатымыз болмай отыр, - дейді «Құм транссауда» компаниясының директоры Сейтжан Досмұхамбетов.

Бұдан бөлек «Николаевское» кенішін пайдалану құқығы «Мак Ойл», «MKS Company», «Тәңірі Мұнай» компанияларына берілген. Аталған компаниялардың басшылары да өндіріс жұмыстарын әлі бастай алмай отырғандығын айтады.

Алматы облыстық әкімшілігінің Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры Мұрат Өсербаев аталған компаниялардың қазба байлықтарын өндіруге құқығы бар екендігін жоққа шығармайды. Оған қосымша бұл жерлерге үлкен ауқымды өндіріс кешендерін салу туралы тағы шешім шығарылған, дейді департамент басшысы Мұрат Өсербаев.

- Бір орган табиғи байлықтарды пайдалану құқығын берсе, келесі бір орган бұл жерге қаласының Бас жоспарына сәйкес өнеркәсіп кешенін салуды көздеп отыр.

Ал компания басшылары болса өндіріс жұмыстарының кешігуінің салдарынан 360 миллион теңге шамасында шығынға батқандығын айтады. Соған қарамастан Қапшағай қаласының әкімшілігі заңдылықтардың талаптарын орындамай келгендігін алға тартып отыр компания басшылары.

- Жұмыс бағдарламасы бойынша мен қазірден бастап салық төлей бастауы керек. осы жылдың өзінде 30 мың текше метр құм шығару керек болатын, - дейді «Құм транссауда» компаниясының директоры Сейтжан Досмұхамбетов.

Алайда облыстық әкімшіліктегілер ешкімнен ешқандай шығын шықпағандығын айтуда. Облыстық әкімшіліктің Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры Мұрат Өсербаевтың пікірінше, бұл мәселені бейбіт жолмен де шешуге болар еді.

- Алдымен біз не тиімді екендігін қарап алуымыз керек: жерді қазып тастағанымыз дұрыс па, әлде мыңдаған адамдарды жұмыспен қамтитын өнеркәсіп кешенін ашқан дұрыс па?!

Ал Кәсіпкерлерді қорғау одағының Президенті Василий Резван бұл ретте Қапшағай қаласы әкімшілігінің осындай әрекетін «рейдерлік» деп атап, бұның артында сыбайлас жемқорлық тұр ма деген күдігін жасырмады.

- Сыбайлас жемқорлық туралы Заңда азаматтардың өтінішіне бір ай мерзімінде жауап бермеушілік – жемқорлыққа жол ашатын заң бұзушылық болып саналатындығы жазылған. Бұл жағдайда Қапшағай қаласының әкімшілігі кәсіпкерлердің өтінішіне құлақ аспай отыр. Кәсіпкерлерге осы жылдың мамыр айында тиісті жерді өнідіріске пайдалануға рұқсат берілген. Ал қалалық әкімшілік бұл келісімді бір айдан кешіктірмей заңдастыруы керек еді. Алайда Қапшағай қаласының әкімі сотқа жүгінбей жатып, бұл жерлерді басқаға бергісі келеді. Мұндай әрекетті басқа мемлекеттерде «рейдерлік» деп атайды, - дейді Кәсіпкерлерді қорғау одағының президенті Василий Резван.

Заңгерлер әңгіме болып отырғандай жағдайды болдырмау үшін Қазақстанда рейдерлік туралы заң қабылдау қажеттігін айтады. Ал мұндай заңның жоқтығына байланысты бізде «рейдерлік» бар деп ашық айта алмай отырмыз, дейді Резван мырза. Оның пікірінше, республиканың қай аймағын алсаңыз да, шенеуніктердің рейдерлікке тартылғандығын айқын байқауға болады.

Қапшағай аумағында өндіріс жұмыстарын бастай алмай отырған төрт компанияның басшылары болса, бұл мәселенің заңды жолмен шешілуін сұрап, Қауіпсіздік Кеңесіне хат жолдағандығын айтады. Хаттың мәтінінде компанияларға жер телімдерін бермеген Қапшағай қаласы әкімінің әрекеті жемқорлық сипатқа ие екендігі айтылған. Ал кәсіпкерлердің бұл айыптауына қатысты Қапшағай қаласының әкімі Сергей Зеленский мырзаның өзінен қандай да бір түсінік алмақ болған талпынысымыз сәтсіз аяқталды.
XS
SM
MD
LG