Accessibility links

Дж.Буш “Ирақтағы соғысты зерттеу тобының” нұсқауына немқұрайды қарай ала ма?


Ирақтағы соғысты зерттеу үшін АҚШ Конгресі жасақтаған 2 партиялық Комиссия Ирақтағы дағдарысты шешуді көздейтін өзінің ұсыныс-нұсқауын 6-ншы желтоқсан күні жариялауға тиіс. “Ирақты зерттеу тобы” деп аталған бұл Комиссияның қорытындысы АҚШ президенті Дж.Буштың іс-қимылына бөгет бола алмайтын сияқты. АҚШ әскерін Ирақтан шығару керек деген бастамаға Дж.Буш іс жүзінде әлденеше рет қарсы шыққан болатын. Кейбір хабарға қарағанда, көп бастамасының бірі ретінде бұл Комиссия Ирақтан АҚШ әскерін шығаруды ұсынатын көрінеді. Халықаралық істерден хабары бар бір бақылаушының мәлімдеуінше, қазіргі саясатынан онша көп ауытқымау үшін, бәлкім, Дж.Буш аталған комиссияның кейбір ұсынысын қабылдауға мәжбүр болуы да мүмкін.

Иорданияда Ирақ премьер-министрі Нұри Әл-Мәликимен өткен аптадағы кездесуінен кейін Дж.Буш елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Ирақ халқының өз қабылеті жеткенше, АҚШ әскерін Ирақта қалдыру саясаты жалғаса беретінін тағы да шегелеп айтты.

ДЖ.БУШ: “АҚШ әскерін шығару туралы бұл істі жүзеге асыру тіпті мүмкін емес. Біз бұл билікке көмек берейін деп отырмыз. Мен біздің көмегімізге мұқтаж және өз елін қорғау бастамасын өзінің қолына алуға қабылеті арта түскен үкіметтің бар екенін айта аламын”.

Әл-Мәлики де осындай пікірді қайталады. Оның айтуынша, Дж.Бушпен екеуі елдің қауіпсіздігін қорғау міндетін толығымен өзінің жауапкершілігіне ертерек алуы үшін Ирақтың қауіпсіздік күштерін жаттықтыруды жеделдету жоспарын қабылдады. Американың ABC News телеанасына берген сұхбатында Ирақ премьер-министрі бұл жоспар 2007-нші жылдың маусым айында жүзеге асуға тиіс деп мәлімдеді.

Алайда, Дж.Буш пен Әл-Мәлики өздерінің осындай бірлескен жоспарын ұсынып отырған тұста, “Ирақты зерттеу тобы” өзінің ұсыныс-нұсқауын әзірлеп үлгерді. Дж.Буштың Республикалық партиясы мен оппозициядағы Демократиялық партияның жетекші тұлғаларынан АҚШ Конгресі жасақтанған бұл Комиссия өзінің осы қорытындысын Ақ үй мен Конгрестің алдына сәрсенбі күні, яғни 6-ншы желтоқсан күні ұсынады. Күнделікті “The Washington Post" газетінің өткен жұма күні – 1-інші желтоқсанда хабарлағанындай, “Ирақты зерттеу тобы” 2008-інші жылдың басына қарай АҚШ әскерін Ирақтан толық шығаруға нұсқау береді. Ирақта қалатын әскери бөлім Ирақтың қарулы күштерін жаттықтырумен ғана шектеледі. Мұндай ұсыныс Ирақтың қауіпсіздік күштері дайын болмай, Ирақтан АҚШ әскерін шығаруға болмайтынын талай рет мәлімдеген Дж.Буштың саясатына қарама-қайшы келуі сөзсіз. Бірақ, штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан Әлемдік саясат Институтының аға қызметкері Уильям Хартунгтің (William Hartung) пікірі бойынша, қанша дегенмен де Дж.Буш кейбір ұсынысты қабылдауға мәжбүр болады. Оның басты себебі, деп түсіндіреді У.Хартунг, осы Комиссияның жұмысына өзінің Республикалық партиясынан қатысқан кейбір тұлғаның саяси салмағы болып отыр. Олардың ішіндегі ең танымалы – “Ирақты зерттеу тобының” тең төрағасының бірі – Джеймс Бэйкерге Дж.Буш немқұрайды қарай алмайды, деп санайды Уильям Хартунг.

Джеймс Бэйкер – көп жылдан бері Буштар әулетінің жақын досы болып табылады; ол АҚШ-тың қазіргі президенті кіші Дж.Буштың әкесі – үлкен Дж.Буш президент болып тұрған кезінде мемлекеттік хатшы қызметін атқарды; сондай-ақ Дж.Бэйкер, У.Хартунгтің мәлімдеуінше, 2000-ыншы жылғы президент сайлауында Флорида штатындағы дауыстарды есептеу проблемасын “дұрыс” шешуге көмек берді. Міне оның сол “көмегі” кіші Дж.Бушты Ақ үйге отырғызды.

Джеймс Бэйкер, У.Хартунгтің пікірінше, Республикалық партияның ішіндегі оның “неоконсервативтік” қанатынан ерекшеленетін қуатты ағынын құрайды. Республикалық партияның “неоконсервативтік” қанаты, негізінен, Дж.Буштың 2003-інші жылы Ираққа басып кіруінен бастап бүкіл қазіргі саясатын қалыптастыруға атсалысты. Саясаттанушы Хартунг Республикалық партияның өз ішінде таяуда қорғаныс министрі қызметінен кететін Дональд Рамсфельд сынды “неоконсерваторлардан” алшақ ұстанған өзгерістер байқалып, басқа күштердің арасында тепе-теңдік туғаны сезіледі деп атап көрсетті.

У.ХАРТУНГ: “Оның (Дж.Буштың) әкімшілігінде неоконсерватиктік күшке тепе-тең қарама-қайшы күш құруға деген бетбұрыс бар сияқты...”

Дж.Буштың Ирақтағы саясаты да өзгеруі мүмкін. Өйткені, деп мәлімдейді У.Хартунг, президент қорғаныс министрі қызметіне сабырлы саяси көзқарас ұстанатын Республикалық партияның тағы бір беделді өкілін таңдап алды. Болашақ қорғаныс министрі Роберт Гейтс – Дж.Буш өзін Пентагонның жаңа қожайыны етіп таңдаған сәтке дейін, үлкен Дж.Буштың тұсында Ақ үйде Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде қызмет атқарды және “Ирақты зерттеу тобының” мүшесі болды. “Неоконсерваторларға” қарағанда, Дж.Буштың Ирақтағы “соғыс саясатын” қалыптастыруға Гейтстің тиіп-қашты қатысы болған емес.

Алайда, Дж.Бушты “Ирақты зерттеу тобының” кейбір ұсынысын қабылдауға мәжбүрлейтін үшінші себеп тағы бар. Ол – АҚШ-тағы таяуда болып өткен “аралық” сайлау.

Өткен айда болып өткен сайлауда демократтар Конгресте басым дауысқа ие болды. Бұл сайлау, бір жағынан, президенттің Ирақтағы соғысына қарсы референдум сияқты болды. Ендігі жерде Буш, У.Хартунгтің пікірінше, халыққа өзін “икемге көнетін” саясаткер ретінде көрсетуге тиіс.
XS
SM
MD
LG