Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.06.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз беттерінде, биылғы жылы құрылғанына 5 жыл толған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бүгінгі жай-күйі туралы сөз болады. Сондай-ақ, басылымдарда, Қазақстан мектептерінің 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуі жөнінде мәселе көтеріліпті.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының құрылғанына 5 жыл өтсе де, ұйымға мүше мемлекеттер тізе қосып, бір де бір ортақ жобаны жүзеге асырған емес деп жазады «Аргументы и Факты Казахстан» басылымы. Қытай жағы Қазақстан мен Ресей арқылы Қытай мен Еуропаны жалғастыратын автокөлік жолын салу жобасын алға тартады. Бірақ, бұл да ортақ жоба болмағандықтан, ұйымға мүше әр мемлекет көлік жолын өзіне бұрғысы келеді. Сондықтан, әзірше бұл ұйым, әрбір көлік өзінше қозғалатын жолға ұқсайды. Дегенмен, ортақ аялдамалар жоқ емес. Мысалы, «Терроризмге қарсы орталық» құру бастамасы. Бірақ оны да сәтті деп айтуға келмейді, - деп жазады «Аргументы и факты Казахстан».

«Экспресс-К» басылымының жазуынша, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы қырғи-қабақ соғыс жылдарындағы халықаралық саяси блоктарға ұқсамайды. Дегенмен, Ұйымға Батыстың көзқарасы аса жақсы емес. Сондықтан, ұйым құрамына, АҚШ, Еуропа Одағы секілді дамыған елдерден мүшелер тарту қажет. Бірақ, бәрінен бұрын Жапонияға көңіл аударған жөн. Оның бірнеше себептері бар. Атап айтқанда, соңғы жылдары Жапонияның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы біршама күшейіп келеді. Сондай-ақ, күн шығыс елі аймақтағы мемлекеттерге өз ықпалын арттыруды көздеп отыр деп жазады «Экпресс-К» басылымы.

«Литер» газеті, соңғы жылдары посткеңестік Азия мемлекеттері арасында Жапонияның беделі біршама төмендегенін жазады. Есесіне, жалпы Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан аймақтағы саяси маңызды елге айналып келеді. Оған себеп ретінде, Қазақстандағы табиғи кен орындарының үлкен қорын атауға болады. Сондай-ақ, Орталық Азия елдері, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы секілді ықпалды халықаралық ұйымдарға мүше. Дегенмен, Жапония Шығыста орналасқан ел болғанымен, геосаяси маңыздылығы жағынан батыс елдерімен теңестірілетін мемлекет. Сондықтан, кейбір сарапшылар, Шанхай Ынтымақтастық ұйымының 2007 жылы Бішкекте өтетін, саммитіне Жапонияны бақылаушы немесе айрықша қонақ ретінде, шақыруды ұсынып отыр деп жазады «Литер».

«12 жылдық білім беру жүйесіне көшу – қажеттілік» деп жазады «Известия Казахстан» басылымы. Газетке сұхбат берген «Оқулық» республикалық ғылыми-пракитикалық орталық директоры Алма Әбілқасымованың айтуынша, қазіргі заманда балалардың орта мектепте қажетті білім алуы үшін 10-11 жыл жеткіліксіз. Сондай-ақ, оқушылар мектеп қабырғасында компьютерді жетік меңгеріп, шет тілдерін игеруі тиіс, - дейді Алма Әбілқасымова. Алайда, қазірдің өзінде балалар мектепке дейін компьютермен танысып, тілдерді де жоғары сынып оқушыларына қарағанда тез меңгереді. Сондықтан, оқушылардың пікірінше, егер 12 жылдық білім беру жүйесінде де қазіргі бағдарлама оқытылатын болса, оның қажеті жоқ. Бірақ, оқушылардың пікірімен ешкім санасып жатқан жоқ, - деп жазады «Известия Казахстан».

«Литер» басылымының жазуынша, 12 жылдық орта білім беру жүйесіне көшу мәселесі қазір өзекті болып отыр. Осыған байланысты ұстаздар арасында және Білім министрлігінің өзінде де қызу пікір-таластар жүріп жатыр. Президент бекіткен мемлекеттік білім беру бағдарламасына сәйкес, оқушы бастауыш сыныпта 4 жыл, негізгі мектепте 6 жыл және тағы 2 жыл мамандық бойынша білім алады. Бірақ, әзірге дейін бұл мектептерге лайықты оқулықтар мен мұғалімдер дайындауға назар аударылмай келеді. Сондықтан, педогикалық жоғары оқу орындарында 12 жылдық мектептерге сабақ беретін арнайы мұғалімдер дайындау қажет. Өйткені, қайта даярлау мен мұғалімдердің біліктілігін көтеру жеткіліксіз. Тіпті ұстаздарды қайта даярлайтын да мамандар жоқ, деп жазады «Литер» газеті.

Ал «Егемен Қазақстан» басылымы орта білім беру саласынаа тағы бір жаңалық енгізу жоспарланып отырғанын жазады. Үкіметте Қазақстан мектептерінде мультисервистік ақпараттық-коммуникациялық білім беру желісін енгізу мәселесі талқылануда. Бұл жүйенің артықшылығы оқу үде¬рісін жақсартуға және мектеп¬тер арасындағы өзара қарым-қатынасты қамтамасыз етуге қызмет етеді. Осыған орай, арнайы құрылған жұмыс тобы “Интербелсенді мектептің” негізгі өлшемдерін анықтап, физика, химия және биология бойынша білім берудің сандық ресурстарына мониторинг жүргізді, - деп жазады «Егемен Қазақстан».
XS
SM
MD
LG