Accessibility links

Ғылым және ғаламның қызықты жаңалықтары


Бұл апта да ғылыми әлем қызықты жаңалықтарға толы болды. Күшті дауылдарда үйді ұстап тұратын мығым шегелер, сондай-ақ иесін қомағайлықтан құтқаратын сөйлейтін тоңызытқыш және бір көрген адамын келесі жолы қалай жазбай тануға болатыны жөнінде ойлап табылған ғылымдағы соны жайлармен таныстырамыз.

Құрама Штаттары инженері Ед Сат өткен онжылдықтағы біраз уақытын жаңа шеге ойлап табуға арнаған екен. Харикейн дауылынан кейін қирап қалған үйлер үйіндісін зерттей жүріп ол қызықты тоқтамға келген. Әсіресе ағаш үйлердің дауылдарға шыдас беруі үшін шегенің атқаратын рөлі ерекше, дейді ол. Өзге әріптестерінің “үйдің мығым болуы үшін шегенің саны көп болуы керек”, деген идеясын Сат мырза қолдай бермейді. Бұл жерде шегенің саны емес, сапасы маңызды. Бірнеше жылдық ізденістерден кейін Сат пен оның әріптестері Харикуйк атты шегені ойлап табысты. Оның толық аты- Харикейн әнд Ерскуйк нейл, деп аталады. Яғни харикейн дауылы мен жер сілкінісіне төтеп беретін шеге деген сөз. Саттың айтуынша бұл шеге жер сілкінісі оқиғасының 50 пайызына және сағатына 274 километр жылдамдықпен соғатын желге төтеп береді екен. Шегенің басы да, тұқылы да үлкен боп келеді. Оның бағасының өзі аса қымбат емес дейді Сат. “Мысалы, 1858 шаршы метр үйге жұмсалатын жаңа шегенің құны, осындай үйге қажетті ескі шегенің бағасынан шамамен 15 долларға қымбат болады”, деді инженер. Бұл жаңа шегені жай балғамен қағу қиынға соғады. Алайда электр балғаларға бұл іс- оп-оңай. Дей тұрғанмен ол шегені дәл орынына қағу-аса маңызды, дейді Сат.

Украинадағы Запорожье университетінің қызметкері Хрихори Чаусовский таяуда сөйлейтін тарелка ойлап тапты. Ол тарелкаға салынған тамақтың салмағын өлшейтін арнайы жабдық орналастырылған. Иесі ашқарақтықпен қажетті көлемнен де асырып, тамақ сала бастаса, әлгі тарелка; “Сенің ерік-жігерің қайда?” деп ескерту жасайды екен. Сондай-ақ иесі тамақты асығыс жей бастаса, әлгі тарелка жылдам да, агрессивті музыка ойнай бастайды. Ал жайлап, асықпай тамақтанса, баяу әуен ойнап тұрады екен. Чаусовский сондай-ақ қомағайлықтан құтқаратын тоңазытқыш та ойлап тауыпты. Оның есігін әр жолы ашқан кезінде иесінен тоңазытқыш, “Сенің шынымен қарның ашты ма? Әлде әйтер тамақ ішу керек, деген сезіммен келіп тұрсың ба?” деп сұрайды екен.

Кейбір адамдар “мен бір көрген адамның жүзін ешқашан ұмытпаймын” деп дес бермейді. Алайда, ондай кісіге өзінен басқа нәсілдегі адамдарды жазбай тану оңай емес, дейді Құрама Штаттарының Аризона штатындағы университеттің психолог маманы Жош Аккерман. Көбінесе өзге нәсіл өкілдерінің ашуланған немесе сес көрсеткен сәттері ғана есте сақталып қалады екен. Адам бойында өзін-өзі қорғау сезімі басым болғандықтан да ашуланған адамның түрі есте жақсы сақталып қалады, дейді ғалым таяуда “Сайкалажи сайенс” журналында жариялаған мақаласында. Аккерманның бұл зерттеулері қылмыс дүниесімен жұмыс жүргізетін заңгерлер үшін орайлы ақыл-кеңес болуда. Дей тұрғанмен шабуылға душар болған жанның өзінен гөрі көлденең куәгердің есінде шабуылшының жүзі, әсіресе егер ол ашулы болса, жақсы сақталып қалуы мүмкін, дейді ғалым.
XS
SM
MD
LG