Accessibility links

Қастандықпен өлтірілген оппозиция қайраткері мен серіктеріне қатысты істі қараған Жоғарғы Сот Алматы облыстық сотының үкімін күшінде қалдырды


Жұма күні Қазақстанның Жоғарғы Сотында белгілі қоғам қайраткері, оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін өлтірді және тапсырыс берді деп Алматы облыстық сотының үкімімен жазаланғандардың апелляциялық шағым-арызына байланысты сот үкімі шығарылды. Жоғарғы Соттың шешіміне сәйкес, сотталушылардың жазалары сол күйінде қалдырылды. Алматы облыстық сотының үкімі әділетті деп танылды. Ал қастандықпен кісі өлтіруге тапсырыс берген деп сотты болып отырған Ержан Өтембаевтың әйелі Людмила Тен болса қамауда отырған жұбайының Астанадағы бұл сот отырысының басталып, аяқталғанын да білмегенін айтады.

Сот отырысына басшылық еткен Қылмыстық істер жөніндегі алқаның төрағасы, судья Әбдрашид Жүкенов Жоғарғы Сотқа апелляциялық шағым берушілердің арызы қанағаттандырылмағанын баян етті. Өйткені, оның айтуынша, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін 2006 жылдың 11-ақпанында өлтіруге қатысқан барлық қылмыскерлер жауапқа тартылды:

– Өтембаев 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ибрагимов өлім жазасына, басқалары әртүрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды. Бүгін Жоғары Сот алқасы үкімді заңды және негізді болғандықтан өзгеріссіз қалдырды. Шағымдарды қанағаттандырмады. Бүгіннен бастап үкім күшіне енеді.

Сонымен бірге Жоғарғы Соттың судьясы Әбдрашид Жүкенов қылмыстық істен ешқандай саяси астар іздеудің негізі жоқ екенін де мәлімдеді:

– Парламент Сенатының аппарат басшысы болып жұмыс істеген азамат Е.Өтембаев А.Сәрсенбайұлына жеке бас наразылығы негізінде өзінің танысы, бұрынғы полиция қызметкері Ибрагимовке Сәрсенбайұлын ұрып-соғуға өтініш айтқан. Ал ол Сәрсенбайұлын өлтіруді ұсынып жауап берген. Өтембаев келісіп және 60 мың АҚШ доллары сый ақысына бұл қылмысты ұйымдастыруды тапсырған.

Жоғарғы Соттың шешімінен кейін енді шағымданушыларға бір-ақ жол қалды. Бірақ, мұның өзінің жүзеге асуы Бас прокуратураның қолында екен.

– Қылмыстық істер кодексінің негізінде міндетті түрде қарау ол апелляциялық тәртіп. Бұдан басқа қадағалау сатысы бар. Ол міндетті түрде емес. Ол егер де Бас прокурор наразылық келтірсе, ал оған Жоғарғы Сот қараймыз деп шешім шығарса ғана қарауы мүмкін, – дейді судья Әбдрашид Жүкенов.

20 жыл бас бостандығынан айырылып отырған бұрынғы мемлекеттік шенеунік Ержан Өтембаевтың адвокаты Игор Меерзун соттың шешімі осылай болатыны басынан-ақ белгілі болды дейді.

- Өйткені, сот отырысы басталар алдында судья мен прокурордың жүздерінде күлкі болды, олар өздеріне сенімді болды,– дейді Ержан Өтембаевтың қорғаушысы.

Ал Ержан Өтембаевтың зайыбы Людмила Теннің айтуынша, сот отырысы аяқталғаннан кейін барып жұбайымен кездесуге мүмкіндік алған. Сонда мәлім болғаны – Жоғарғы Сотта осы сот отырысының басталып-аяқталғанын Ержан Өтембаев білмеген.

Ержан Өтембаевтың адвокаты Игор Меерзун полиция өкілдерінің Ержан Өтембаевқа қандай колонияға барғысы келетінін сұрап, өтінішіңді бер деп келгенін айтады.

- Мен осыған дейін барлығына шыдап келдім, үндемедім, енді кіммен күресерімді де білмеймін, – дейді «Азаттық» тілшісіне Ержан Өтембаевтың зайыбы Людмила Тен.

Ал Жоғарғы Соттың судьясы Әбдрашид Жүкенов шешім шыққаннан кейін өткізген баспасөз мәслихатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне:

- Соттың шешімін сыйлап, қоғамға нақты жеткізулерің керек. Сотты сыйлау керек, – деп баса айтты.

Осы күндері тәуелсіздіктің 15 жылдығы қарсаңында Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мәми жыл адамы атанды.Ал бұл сыйлықпен марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының апасы келіспейтіндігін жеткізді:

– Қайрат Мәмидің жыл адамы атанып «Алтын адам» жүлдесін президенттің қолынан алғанын теледидардан өз көзіммен көрдім. Сотты әділетті өткізеді деп сеніп едік. Жыл адамын 15 миллион халықтың ішінен Қайрат Мәмиге беріп отыр. Алайда, бұл сот өте әділетсіз өтті. Ол үшін мен ұялып отырмын.

Ұзақ жылдар мемлекетте жоғары лауазымды қызметтер атқарған, өмірінің соңында оппозицияға кетіп, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы болған Алтынбек Сәрсенбайұлы көмекшілері Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевпен бірге президент сайлауынан кейін, биылғы жылғы ақпан айының 12-інде Алматыда қастандықпен өлтірілген болатын.
XS
SM
MD
LG