Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.09.2006 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдарда, жұма күні Астана өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 16-жалпы отырысында көтерілген мәселелер туралы сөз болады. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде 9-желтоқсан - Халықаралық жемқорлықпен күрес күніне орай мақалалар жарияланған.

«Жас Алаш» басылымы шетел инвесторларының жұма күні өткен 16-ыншы отырысына қатысқан Еуропалық Қайта құру және даму банкінің президенті Жан Лемьер Қазақстанның білім-ғылым саласын сынға алғанын жазыпты. «Инвесторлар өздеріне қажетті жұмыс күшін Қазақстаннан таба алмайды», - деген Жан Лемьер, сондай-ақ, қазақстандық ғылымның құлдырап бара жатқанын да тілге тиек еткен. Лемьерді алаңдататын бір мәселе – мемлекеттік шенеуніктердің деңгейі. Оның пікірінше, шенеуніктерді де ауық-ауық оқытып, кәсіби біліктілігін арттырып отыру қажет», - деп жазады «Жас Алаш» басылымы.

Ал, «Егемен Қазақстан» басылымы, Қазақстан Президенті қатысқан, бұл отырыста, отандық кадрлар даярлау мәселесі сөз болғанын жазады. Н.Назарбаевтың айтуынша, қазір даярланып жатқан мамандар, бүгінгі еңбек рыногының талаптарына сай келмейді. Сондықтан да, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялар, шетелден жұмыс күштерін көптеп тартуда. Егер 2000 жылы 10 мыңнан шетелдік маман Қазақстанға келсе, осы жылғы соңғы 9 ай ішінде олардың саны 30 мыңнан асқан.Сондай-ақ, Назарбаев, Шетелдік компанияларға қазақстандық мамандарды даярлау мен біліктілігін арттыру жөнінде міндет қою туралы ұсыныс тастады, - деп жазады «Егемен Қазақстан».

«Айқын» газеті болса осы жиында Президент шетелдік инвесторларға, қазақстандық жұмысшыларды еңбекақы төлеу мен еңбек жағдайына байланысты хұқықтарын шектемеуді ескерткенін жазыпты. «Президент шетелдік жұмыс күшінің басым бөлігін техникалық және қызмет көрсетуші тұлғалар құрайтынын, нәтижесінде қазақстандықтарға ең ауыр, жалақысы да ең төмен жұмыстар бұйыратынын айтты. Теңіздегі атышулы төбелес осының бір ғана мысалы еді. Назарбаевтың айтуынша, «бұл мәселені Қазақстан байлығының иесі болып саналатын жергілікті халыққа құрметпен қарай отырып, бірлесіп ой елегінен өткізу керек». Яғни, мұнда бірінші кезекте Қазақстан халқының мүддесі ескерілуге тиіс, - деп жазады «Айқын».

«Экпресс-К» басылымының жазуынша, президент Үкіметке шетелдік компаниялармен бірлесе отырып, мамандар дайындау жөнінде арнайы бағдарлама жасап, инвесторларға кадр даярлауда міндет жүктейтін заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ президент, маман даярлауда келісім-шарт жүйесін енгізуді ұсынды. Ол бойынша, жұмыс беруші, студенттер мемлекеттік грант бойынша білім алатын, жоғары оқу орнына қаржылай көмек көрсетеді. Ал өз кезегінде жоғары оқу орны түлектерін демеушілік еткен кәсіпорынға жұмысқа жібереді, - деп жазады «Экспресс-К».

«Казахстанская правда» газеті, шетелдік инвесторлардың 16-ншы отырысында маман даярлау жөніндегі Қазақстан президентінің ұсынысын барлық инветорлар қолдағанын жазыпты. Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялардың 20-дан астамының өкілдері Қазақстанда орта білім беру жүйесі жақсы дамығанын айтты. Сондықтан бүгінгі күні, экономикасы дамыған елдердегі жоғары деңгейдегі білім беру институттары секілді Қазақстанда жоғары сапалы білім беру жүйесін жасау арқылы пайда табудың маңыздылығын атап көрсетті, - деп жазады «Казахстанская правда».

«Литер» газеті, жемқорлықпен күрес турасындағы «Трансперенси Интернешнл» агенттігі жүргізген сауалнама нәтижесі туралы жазады. Әлемнің түкпір-түкпірінен сауалнамаға қатысқан респонденттердің 69 пайызы, өздері тұратын мемлекеттегі үкіметтің жемқорлықпен күресте жүргізіп отырған шарасы тиімсіз дейді. Еуропалықтардың 42 пайызы және солтүстікамерикалықтардың 50 пайызы жемқорлықпен күрес еш нәтиже бермейтінін айтыпты. Азиялық респонденттердің 15 пайызы мен 23 пайыз латынамерикалықтардың пікірінше, билік жемқорлықты қолдайды. Ал, сауалнамаға қатысқан африкалықтар, парламент, саяси партиялар, соттар мен полицияны жемқор санайды, - деп жазады «Литер».

«Айқын» газеті Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдігі Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Конвенциясына қосылмай жүргеніне алаңдаушылық білдірді, - деп жазады. Қазақстанда сот, құқық қорғау орындары және медицина саласында пара алу деректерінің көбеюі ең үрейлі оқиға ретінде бағаланады. «Ал, Қазақстан БҰҰ-ның жемқорлықпен күрес Конвенциясына қол қояр болса, біраз міндеттемелерді мойнына алады. Қолы былғаныш шенеуніктер мен жекелеген адамдар, қоғам, саяси партиялар, халықаралық ұйымдар, тіпті БҰҰ мен ЕҚЫҰ өкілдері де бірлесе күреседі. Бірақ, құзырлы орындар бірге жұмыс істеуге дайын ба?», - деген сауал тастайды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG