Accessibility links

Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай ашылды


8 желтоқсан күні Қарағанды облысында өтіп жатқан мұражайлардың Республикалық фестивалі аясында Долинка елді-мекенінде саяси қуғын-сүргін құрбандары тарихының музейі жұмысын бастады. Сталинизм дәуірінде концентрациялық лагерлердің негізгі орталығы болған Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай алғаш рет ашылып отыр.

Ұзақ жылдардан бері саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеп жүрген журналист Екатерина Кузнецова осындай мұражайдың пайда болуы Қарағанды облысы үшін маңызды оқиға деп есептейді. Ол саяси қуғын-сүргін тарихы мұражайында әзірге тек Карлагтықтарға ғана қатысты жәдігерлер жинақталғанын айтады.

- Мұражайда негізінен Карлагта болғандардың портреттері, суреттері, заттары жинақталған. Мұражай көп адам сиятындай үлкен емес. Қасымызда бұрын Қарлагтың бас басқармасы болған ғимарат бар. Бұл ғимарат біздің қарамағымызға берілген. Осы ғимаратты өзімізге қосып алу арқылы біз мұражайды әлде де үлкейтіп, оны саяси қуғын-сүргін құрбандарының бүкіл тарихын қамти алатындай жасасақ деп едік. Алайда, бұл ғимарат нашар жағдайда болғандықтан, қазір күрделі жөндеуде, - дейді саяси қуғын-сүргін тарихының маманы Екатерина Кузнецова.

Ал осы мұражайдың ашылуына атсалысқан адамдардың бірі, өнертанушы Дана Сапарова мұражайға қажетті жәдігерлерді жинаудың оңайлықпен жүзеге аса қоймағанын тілге тиек етті.

- Алғаш жұмысқа кіріскенімізде мұнда жәдігерлер тым аз болатын. Сондықтан, жәдігердің барлығын өзімізге жинауға тура келді. Айталық, біз жер-жерлерді аралап, жәдігерлерді Қарлагта болғандардың үрім-бұтақтарымен кездесе отырып жинадық. Сосын осы жайлы газеттерге жарнама бердік. Осының бәрі жәдігердің бізге көптеп жиналуына мүмкіндік берді, - дейді Дана Сапарова.

Ал «Әділет» тарихи-ағарту қоғамдық қорының атқарушы директоры Сәуле Айтмамбетова Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін тарихы мұражайын ашу туралы идея алғаш «Әділет» қоры тарапынан туғанын айтады.

- Біз 2000 жылы президенттің қабылдауында болғанымызда, президент біздің осы ісімізді қабыл алған. Сол кездегі біздің бірінші ұсынысымыз - Алматы маңындағы Жаңалық елді-мекенінде саяси құрбандарға арнап ескерткіш орнату болды. Және президентке, мына Долинкада аспан асты музейін жасау жайлы да ойымыздың барын айттық. Себебі, бұл жақта тарихи маңызы бар орындар көп болатын. Алайда, бұл ұсынысымыз әлі жүзеге аса қоймады, - дейді Сәуле Айтмамбетова.

Сонымен қатар С.Айтмамбетова Қазақстанда осы күнге дейін саяси қуғын-сүргін құрбандарын ұлықтаудың ақсап жатқанын айта келіп, «Әділет» қорының осы бағытта жаңаша ұсынысы барын айтты.

- Біз әлгі күнге дейін сталинизмнің құрбандары туралы аз білеміз. Мысалы, өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары Қазақстаннан Сібірге, Магаданға кімнің аударылып, кімнің сол жерлерде сүйегі қалғанын білмейміз. Сондықтан біз компьютерде жинақталған мәліметтер базасын жасасақ деп едік. Сонда адамдар өздерінің сол жылдары оралмай кеткен туған-туысқандары жайлы ақпаратты тез тауып алар еді. Әйтпесе, осы күнде қажетті мағлұматтары адамдар Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне хат жазып, іздеп жатады. Ресейде осы сияқты саяси қуғын-сүргін құрбандарының мәліметтер базасы бар, - дейді Сәуле Айтмамбетова.

Қарағанды облысында ашылып отырған саяси қуғын-сүргін құрбандары тарихы мұражайы Қазақстанда саны жағынан үшінші мұражай болып есептеледі. Ең алғашқы саяси қуғын-сүргін құрбандары тарихы мұражайы Шымкентте ашылса, тағы біреуі 2003 жылы Алматыда ашылған болатын.
XS
SM
MD
LG