Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.12.2006 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген газеттердің бірінде дәрігерлердің Шымкентегі тоғыз мектепті жабу туралы материалдарды сотқа өткізгендігі туралы жазылыпты. Ал тағы бір басылымда бірқатар компаниялардың ВИЧ инфенкциясына шалдыққандарға көмек үшін қорға өткізген ақшаларын қайтарып беруін талап етіп жатқандығы айтылған.

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығындағы 9 мектеп жабылу алдында тұрғандығы туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. «Аймақтағы мектептерде жылудың қаншалықты мөлшерде берілетіндігін тексерген облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мамандары мектептер мен балалар бақшасында температуралық режимді сақтамағандары үшін тоғыз оқу-ағарту мекемесін жабу туралы хаттама толтырып, он тоғызына айыппұл салған. Санитарлық дәрігерлердің әзірше ашқан кемшілігі мұнымен бітпейтін секілді. Өйткені тексеру амалдары одан әрі жалғасып жатыр» делінген мақалада. Сонымен бірге, «Айқын» газеті облыс аумағындағы балалар бақшаларында да температуралық режим сақталмайтындығын жазған. «Осыған байланысты тәртіпті бұзған мекемелерді жабу туралы барлық материалдар сотқа берілді» делінген мақалада.

Бұл уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясын жұқтырған балаларды шетелде емдету жұмыстары жүріп жатқандығына «Казахстанская правда» газеті тоқталып өтіпті. «Қазіргі таңда жағдайы ауыр екі баланы Израильде емдету жағы қарастырылуда. Қазақстандық мамандар да тәжірибе жинақтау үшін аталған мемлекетке науқас балалармен бірге барады. Жақында Оңтүстік Қазақстан облыстық дәрігерлердің біліктілігін тексеру сынақтары жүргізіліп, аймақтағы 262 емдеу мекемелері басшыларының тек 73-і ғана бұл сыннан сүрінбей өткен. Осы ттексерудің нәтижесінде екі облыстық денсаулық сақтау мекемесінің басшылары өз ісін жетік білмегендігіне байланысты жұмыстарынан босатылатын болады» деп жазды «Казахстанская правда» газеті.

Оңтүстік Қазақстан облысында жаппай ВИЧ инфекциясының таралуынан зардап шеккен отбасыларға көмек қолын созған компаниялардың бірқатары қайырымдылыққа жұмсаған қаржыларын қайтаруды талап етіп жатқандығы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде жазылыпты. «Балаларды СПИД-тен қорғау» қайырымдылық қорына 169 миллион теңгеден астам қаржы жиналған екен. Аталған қордың президенті Сағдат Масауров қордың қаржылық қызметіне қатысты мәліметті көпшілікке таратпайтындығын мәлімдеген соң бірқатар тұлғалар қайырымдылыққа бөлген ақшаларын қайтарып беруді талап ете бастаған» делінген мақалада. «Мәселен, осы қор құрылған кезде алғашқылардың бірі болып 1 миллион теңге аударған «Шымкентмай» компаниясының басшылығы бұл ақшаны қайтарып алып, оны ВИЧ эпидемиясынан зардап шеккен отбасыларға таратып беретіндігін білдірген. Бүгінгі күні қорға жиналған барлық қаржының 106 миллион теңгедейі жаратылыпты» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Келесі жылдың бюджетінде республикадағы денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 5 жылдық бағдарламасына 31 миллиард 675 миллион теңге қаржы қарастырылғаны «Егемен Қазақстан» газетінде көрсетілген. «Аталған қаржының 247 миллионы медицина кадрларының, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы менеджерлердің біліктілігін арттыруға және оларды қайта даярлауға жұмсалады. Жергілікті деңгейде медициналық денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 16 миллиардтан астам ақша бөлінген» делінген «Егемен Қазақстан» газетінде.

Ал осы жылы тұмауға қарсы вакциналарды сатып алу үшін жергілікті бюджеттерден 135 миллион теңге аударылғаны «Литер» газетінде жазылған. «Тұмауға қарсы егу шаралары зейнеткер жасындағыларға, созылмалы өкпе аурулары мен жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандарға, иммундық жетіспеушілігі бар балаларға және дәрігерлерге тегін көрсетіледі. Дәрігер Амангелді Дүйсекеевтің пікірінше, тұмауға қарсы егу шараларына дұрыс мән бермейтіндер көп. Әзірге тұмаудан қорғанудың ең басты жолы - вакцинация» деп жазды «Литер» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG