Accessibility links

А.Сәрсенбайұлының ісі бойынша жәбірленуші жақ Жоғарғы соттың шешімімен келіспейтіндіктерін айтады


Сейсенбі күні саясаткер А.Сәрсенбайұлы ісі бойынша жәбірленуші жақ өздерінің Жоғарғы соттың шешімімен келіспейтіндігін мәлімдеді. Олар сот процесі кезінде өздерінің құқықтарына нұқсан келтірілгенін айтты.

Алматы облыстық сотының оппозициялық саясаткер А.Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің қастандықпен өлтірілуіне қатысты шығарған үкімімен қалай келіспесек, алдыңғы жұмада шығарған Жоғарғы соттың аппеляциялық шағым бойынша шығарған шешімімен тағы да келіспейміз деп мәлімдеді А.Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы:

- Өйткені, бұл сот сол соттың үкімін қайталаумен тынды. Тергеу орындары қандай айыптау қорытындыларын жазады, тергеу орындары дәл соны бекітеді. Ал прокуратураның көшіріп жазған нұсқасын дәл сол күйінде үкім етіп тағайындайды. Жоғарғы сот соны «ксерокстен» өткізгендей, «дәл осындай болды» дейді.

Рысбек Сәрсенбайұлы сонымен бірге сот барысында өздерінің жәбірленуші ретінде азаматтық құқықтарының тағы да бұзылғандығын тілге тиек етті:

- Сотта айыпталушылар мен айыптаушылардың айтқан сөздерінен кейін олардың уәждері, пікірлерімен келісу-келіспеу жөніндегі құқымызды шектеді. Бізге оған мүмкіндік берген жоқ. Мұның өзі Жоғарғы соттың заңды белден басып жүргізгендігін көрсетеді.

Жәбірленуші жақ өкілдері Жоғарғы сот мәжілісінде үкім шығар кезде айыпталушы жақтың 4 өкілі қатыспағандығына және олардың бірі, сот «тапсырыш беруші» деп таныған, Сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың да болмағандығына назар аудартты. Өтембаевтың сотқа жіберілмеуі себебі тұрғысында Рысбек Сәрсенбайұлы былай деді:

- Өтембаев сонда жертөледе отырды дегенді естідік. Ол, әйелінің сөзіне қарағанда, сот процесінің басталып кеткендігін де білмейді. Әйелі маған айтты: Өтембаев сотқа қатысқысы келетінін айтқан. Бірақ оған қысым жасалғандықтан, «сотқа қатыспаймын. Бас тартам» деп жазып бер деген. Ол олай жазбаған: «қатысу-қатыспауымды сот шешсін» деген. Ал соттың шешкені сол: Өтембаевты шығарған жоқ. Ол Ибрагимов сияқты бір шындықтың шетін шығарып, тапсырыс берушілердің аттарын атап қоя ма деген қорқыныш болды.

Бұл уақытта сотта қылмысты орындаушы ретінде танылып, ату жазасына кесілген Рустам Ибрагимовтің қорғаушысы Нұрлан Устемиров те сотқа көңілдері толмайтындығын айтып отыр. Сондықтан, ол келесі аптада қорғауындағы Ибрагимовпен кездесіп, шешім қабылдайтындықтарын айтады.

- Оны қайда алып кеткенін білу керек. Егер оны Қостанай облысындағы Жетігір түрмесіне жіберсе, кездесіп, оған рақымшылық жасау туралы өтініш жаз деп айту керек, - дейді адвокат Устемиров.

Оның айтуынша, Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланғандықтан, бұл өмір-бақи жазасын өтеумен алмастырылуы мүмкін. Егер президент рақымшылық жасаса, Ибргимов 25 жылға бас бостандығынан айырылу мүмкіндігі бар дейді Устемиров. Бұл уақытта «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Төлеген Жүкеев А.Сәрсенбайұлы ісі бойынша саяси күресті жалғастыратындықтарын айтады. Олар алдымен Жоғарғы сот құрылымындағы тиісті орындарға шағымданбақ.

- Жоғарғы соттың әрі қарайғы отырысы бар ғой. Мынау коллегия, одан кейін Жоғарғы соттың өзі, пленумы бар. Соған барамыз. Бірақ онда да аттары аталып жүрген кісілер шақырылады, жауапқа тартылады деген үлкен үміт жоқ, Осылай қалатын болар. Шұқи берсек, түбі бәрі шығатыны белгілі. Билік бірақ бәрібір оны өзгертпейді. Бәлкім, Қазақстан Еуропалық Кеңеске мүше болып кірсе, содан кейін Еуропалық сотқа баратын шығармыз. Басқа амал жоқ! - дейді Т.Жүкеев.

«Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы болған Алтынбек Сәрсенбайұлы көмекшілері Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевпен бірге биылғы жылғы ақпан айының 12-інде Алматыда қастандықпен өлтірілген болатын.

AzattyqTV

Астана маңындағы ауыл

Қояндылықтар жол сұрайды

XS
SM
MD
LG