Accessibility links

Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстанның оппозиция өкілдері Алматыда бас қосты


Орталық Азия елдерінде авторитарлы саяси тәртіптің әлі жойылмай отырғандығын сөз етті желтоқсанның 14-і күні Алматыда аяқталған "Қазақстан мен ТМД елдеріндегі демократиялық қозғалыс" атты халықаралық конференция барысында сөз алған Қырығызстан, Өзбекстаннан келген оппозиция өкілдері. Бұл ретте сарапшылар аймақтағы қоғамдық оқиғаларды сараптайтын орталық құруды ұсынып, демократиялық қауымдастықты бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Қазақстан мен Ресейдегі бүгінгі саяси жағдай, парламент құрамы, оның заң қабылдау үрдісі, партиялық құрылыс бір-бірінен айырмашылығы шамалы дегенді айтты Ресейдің Еуразиялық Одақ партиясының атқару комитетінің төрайымы Вера Оспенникова:

- Біздің партия заң жүзінде әлі бар, бірақ іс жүзінде жоқ. Сіздердегідей бізде де қысқарту, бірігу жүріп жатыр. Бірақ қарапайым адамның құқықтарының сақталуы үшін өмірінің соңына дейін күресетіндер бәрбір осындай партиялармен қалады.

Келесі сөз алған қырғызстандық «Асаба» партиясы лидерлерінің бірі Роза Отунбаева болса, Қырғызстанда екі фазадан тұратын, яғни, «наурыз айында» болып, «қараша айында» жалғасын тапқан революцияның болғандығын тілге тиек етті. Бірақ революция жолымен келген қазіргі қырғыз басшылығының демократиялық қауымдастық алдында берген өз уәдесін орындамағанын айтты Роза Отұнбаева:

- Билікті Бакиевтің тобы алғаннан кейін бұрынғы президент пен оның маңайындағыларға тиесілі болған жекеменшікті қайта бөлісу басталды. Сыбайласқан жемқорлық Ақаевтың заманындағыдан да өршіп кетті! Криминалдық топтар билікпен біте қайнасты. Ақ үйге бағынышты мемлекеттік телевидение қазір де насихаттау жұмысымен айналысады. Қараша айында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, халық жаңа биліктің жалғыз жетістігі ретінде бастауыш сыныптардағы тегін тамақтандыруды атайды. Біз Ақаев конституциясының төртінші мерзімінде өмір сүріп жатқанымыз анық! Бір отбасының орнын - екіншісі, Ақаевтың орнын - оның сыңары, А әрпінің орнын - Б басты!

Ал Қазақстанның келесі бір көршісі - Өзбекстан 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейін Орталық Азиядағы «саяси қара құрдымға» айналғанын айтты өзбекстандық «Озод декханлор партиясының» лидері Нигара Хидоятова.

- Бізде 7 мың қуғын-сүргінге ұшырған саяси тұтқын бар. Олардың арасында үкімет пен президентке саяси реформаларды ұсынғанымыз үшін жазықты болған менің апайым да бар. Сондай-ақ оппозиция лидері Санжар Омаров та түрмеде отыр. Ол да Өзбекстанды дағдарыстан алып шығу жолдарының жобасын ұсынған. Бүгін оған оның адвокаты да жақындай алмайды. Оның қазіргі жай-күйінен мүлдем хабарсызбыз. Осыған қарап-ақ Өзбекстандағы қазіргі демократиялық қозғалыстың не екендігін түсінуге болады. Бірақ біздің салымыз суға кетіп, әрекетсіз отырған жоқпыз. Біз күресімізді жалғастыра береміз. Өйткені, бізде жоғалтатын да ештеңе қалған жоқ, - дейді Нигара Хидоятова.

Орталық Азияның барлық елдерінде, оның ішінде Қырғызстанда диктаторлық режимнің жойылмағандағын айтады Қырғызстанның «Еркіндік» партиясы лидері Топчыбек Турғыналиев.

- Авторитарлы билік жойылмағаны былай тұрсын, көп жерде мығым тұр. Өйткені, Қырғыстанның 100 басшысының 90-95-і кешегі сыбайласқан жемқорлыққа белшесінен батқан бұрынғы шенеуніктер. Сондықтан, біз терең кадрлық реформалар жүргізілуін талап етеміз, - деді Топчыбек Тұрғынәлиев.

Ол сонымен бірге Орталық Азия елдеріндегі авторитарлы билікке қарсы тұру үшін оппозициялық ұйымдарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Ал «Озод декханлор партиясының» лидері Нигара Хидоятова Алматыда аймақта болған қоғамдық ахуалды зерттеп, сараптайтын Орталық Азия елдерінің сараптау-ақпараттық орталығын ұйымдастыруды ұсынды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG