Accessibility links

Украина Қазақстаннан мұнай тасымалдап отырған Ресейге негізгі бәсекелес болмақ па?


Украина Қазақстанда мұнай-газ өндіруге және оны тасымалдауға мүдделі. Бұл туралы желтоқсанның 14 күні Астанада президент Назарбаевпен кездесуден кейін Украина премьері Виктор Янукович хабарлады. Оның айтуынша, бұл мәселелер бойынша нақты шешімдер Қазақстан президенті Назарабаевтың Украинаға 2007 жасағалы отырған сапары барысында жасалуы мүмкін. Ал, әзірге, Қазақстан мұнайы Ресей құбырлары арқылы, танкерлермен және темір жол көлігімен тасымалданып жатыр.

Қазақстандағы сапары барысында Украина премьері алдымен Қазақстан премьері Ахметовпен кездесті. Сосын президенит Назарбаевпен келіссөздер өткізді. Украина премьері хабарлағандай кездесуде мұнай тасымалдау мәселесі талқыланды.

«Қатынасымыздың маңыздысы энергетика. Бұл Қазақстанмен Украина территориясында газбен мұнайды бірігіп өндіру», деді Украина премьері Янукович. Оның айтуынша Украинаның Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстандағы кен орындарына қатысу жөніндегі нақты ұсыныстары бар.

Қазақстан премьерінің баспасөз қызметі хабарлағандай Украина жағы Қазақстанды «Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізін ұйымдастыруда Украинаның транзиттік мүмкіншілігін белсенді пайдалануға шақырды. Бұған дейін президент Назарбаев мұнай тасымалдау мәселелерін Қазақстанға Ресеймен бірлесе шешу қажет деген. Қазақстан мен Украина арасында “Одесса-Броды” мұнай құбырын бірігіп пайдалану туралы келісім жобасы жасалғаны белгілі. Әзірге, Қазақстан мұнайы Ресей құбырлары арқылы, танкерлермен және темір жол көлігімен тасымалданып жатыр. Украина премьері Януковичтің айтуынша осы кездесуде көбінесе мұнай тасымалдау және біріккен мұнай өңдеу зауытын салу мүмкіншілігі талқыланды. «Мұндай ниет бар, келіссөздер аяқталғансоң нақты мөлшерлер туралы айтамыз», деді Украина премьері Янукович.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстан арқылы өтетін ресейлік «Каспийдің құбырлық консорциумы» арқылы тасымалданатын мұнай көлемін екі есеге ұлғайту жоспарланған. Бірақ, кейбір сарапшылар Ресей Қазақстанды әдейі өз транзитіне тәуелді етуді көздеп отыр деген пікірде. Қысқаша «КТК» аталатын ұзындығы мың жарым шақырымнан асатын құбыр көлемі жыл сайын 67 миллион тонна мұнайды тасымалдауға ескерілген. Бұл туралы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының бірінші вице-президенті Жақсыбек Құлекеев хабарлаған:

- Былтырғы жылы сол «КТК»-ны пайдалана отырып Қазақстандағы мұнай саласында жұмыс істеп тұрған компаниялар 30 миллион тонна мұнай тасымалдады. Ендігі мәселе Қазақстанда мұнай саласы жақсы дамып келе жатқандықтан қосымша тасымалдау көздерін ашу керек болып отыр. Соған байланысты осы «КТК»-ның екінші кезегін іске қосуды жан-жақты инвесторлармен талқылап жатырмыз. Осы тұрғыда Ресеймен қарастырып жатқан мәселелер бар.

Бірақ, кейбір сарапшылардың айтуынша Қазақстаннан табылатын мұнай көлемі қазіргідей ұлғая беретін болса «КТК» Қазақстанға жеткіліксіз болады. Сондықтан, ресейліктерге бәсекелес болғалы отырған Украин құбыры да Қазақстан үшін, тиімді дейді мамандар. Экономист Уәлихан Қайсаровтың айтуынша, осыған қарамастан Ресей Қазақстанды әдейі өз транзитіне тәуелді етуді жоспарлап отыр:

- Ресейдің саясаты Қазақстанның мұнайымен газын өткізу үшін, ақшасын тек қана өзіне алу. Негізі, мына Украина мұнай құбыры арқылы Қазақстанға 44 миллион тонна өткізуге болады екен. Ал, қазір біз өз мұнайымыздың көбісін Каспий арқылы және мына Новороссийск айлағы арқылы өткізіп жатырмыз.

«Каспий мұнайын өткізу мүмкіншілігі ең жоғары құбыр Ресейдің меншігі болғандықтан, Ресей жағы мұнайдың едәуір көлемін өз территориясы арқылы өткізіп, транзиттен түсетін табысын ұлғайта беруге мүдделі екенін жасырмайды», - дейді саясаттанушы Берік Әбдіғалиев.

-Мұнай тасымалдау өте үлкен қаражат әкеледі. Егер, біз басқа жол іздесек Ресей бізге саяси, экономикалық талаптарын күшейтеді.

Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың айтуынша, мұнай саласында саясат көп болатыны орынды, бірақ, Қазақстан - экономикалық тұрғыдан тиімді бағытты таңдағаны жөн дейді ол:

- Украина құбыры қысқа жол, экономика жағынан тиімді. Егер, мұнайымыз артылып жатса, Еуропада бағасы жоғары болса, ол құбырмен неге жібермейміз?

Қазақстан президенті Назарабаев болса, Украинаға 2007 жылы 28 қаңтарда баруы мүмкін. «Осы сапар барысында біз нақты шешімдерге қол жеткізуіміз мүмкін», деді Украин премьері Янукович.
XS
SM
MD
LG