Accessibility links

Ақтөбеде еңбек дауымен наразылық танытқан жұмысшылардың қойған талабы орындалды


Ақтөбе қаласындағы троллейбус паркінің жұмысшылары екі күнге созылған наразылық шерулерінің арқасында басшылыққа қойған талаптарын орындатты. Қалалық троллейбус паркі директорының орынбасары Ғизат Алдияров желтоқсанның 15-күні «Азаттық» радиосына жұмысшылардың екі айлық жалақысы түгелдей берілгендігін хабарлады.

Қазақстанның Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюросының Ақтөбедегі өкілі Ольга Петрованың айтуынша, қаладағы троллейбус паркінің жұмысшылары желтоқсанның 4-5 аралығында наразалық шеруін өткізді. Шеруге шыққандар парк басшылығынан үш айлық жалақының төленуін талап етіп, жұмыс істеуден бас тартты деп айтты Ольга Петрова.

- Қалалық троллейбус паркінде жұмыс істейтіндердің дені әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар. Олардың көпшілігі осы паркке 20-25 жыл қызмет көрсетіп келе жатқандар. Сондықтан олар үйреншікті кәсібін тастап кеткісі келмей, парктің ыстық-суығына ұзақ уақыт бойы төзіп келген. Тағы бір айта кетерлік жағдай, жұмысшылар наразылық өткізгенде қолдарына плакат ұстап, ұрандатып шыққан жоқ. Олар күнделікті әдетінше паркке жиналып, екі күн бойы жұмыс істеуден бас тартты. Қала тұрғындарының осындай наразылық акциясы өтіп жатқандығынан бейхабар қалуы да ғажап емес. Өйткені, троллейбустар желісі қаладағы көліке қатынасында бұрынғы маңыздылыған айрылып қалған, - деді Ольга Петрова «Азаттық» тілшісіне.

Қазіргі таңда қалалық троллейбус паркі көлік жолының бір бағытын ғана қамтамасыз етеді. Кезінде көліктің бұл түрі қалалың кез-келген бөлігін жалғап жатқан-тын, дейді қала тұрғындары. Соңғы жылдары көлік бағытымен қоса жұмысшылардың саны да недуәір қысқартылған. Қазір бұл паркте 60 адам жұмыс істейді. Олар жалақысын талап етіп наразылық шеруіне шыққаннан соң жұмысшылар қойған талаптарды орындадық, дейді қалалық троллейбус паркі директорының орынбасары Ғизат Алдияров.

- Екі айлық жалақы бердік. Біршама қиындықтар болған еді, қазір жағдайымыз жаман емес. енді осы жылдың аяғына дейін желтоқсан айының жалақысын береміз.

Ғизат Алдияровтың айтуынша, жұмысшылардың жалақысын төлеуге қалалық әкімшілік көмектескен. Қазіргі таңда жұмысшылардың орта жалақысы 25 мың теңге, келесі жылы жұмысшылардың саны көбеюі мүмкін, дейді парк директорының орынбасары.

- Троллейбус паркінің жаңартылмағанына көп болған еді. Қазір жаңа троллейбустар алып жатырмыз. Келесі жылы да көлік санын көбейтуді жоспарлап отырмыз.

Осылайша наразылық шеруінен соң жаңадан жасақталған парк басшылығы троллейбус желесінің қаладағы көлік қатынасындағы бұрынғы маңыздылығын қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Алайда Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның Ақтөбедегі өкілі Ольга Петрова қалалық троллейбус паркіндегі ауыс-түйістер жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына оң әсер ететіндігіне күмәнмен қарайды.

- Менің білуімше, троллейбус паркінің жұмысшылар 90-жылдардан бері бірінші рет наразылық шеруіне барып отыр. Қалалық әкімшілік бұл парктегі жағдайды өзгертуге бірнеше мәрте талпысын жасап көрген еді. Осыдан үш жыл бұрын да парк басшылығы ауысқан болатын. Жұмысшылар шеруге шыққаны сол еді, қалалық әкімшілік парктің басшылығын өзгертті. Алайда соңғы жылдары жүргізілген осындай ауыс-түйістер жұмысшылардың жағдайын жақсартпағаны көрініп тұр, - дейді Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның Ақтөбедегі өкілі Ольга Петрова.
XS
SM
MD
LG