Accessibility links

Биыл жазда Шаңырақ елді мекенінде болған қақтығысқа қатысты қылмыстық тергеу ісі аяқталды


2006 жылғы шілденің 14-күнгі Шаңырақ оқиғасына қатысты тергеу ісі аяқталды. Бұл туралы «Азаттық» радиосына Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ал «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің мәліметі бойынша, бұл іске қатысты 27 адамға қарсы қылмыстық іс қозғалып, тергеу материалдары 30 томға жеткен.

Алматы облысына қарасты Қақпақ ауылының тұрғыны Жүсіп Сүйіндіков «Шаңырақ» ықшам ауданының тұрғындары мен полиция арасындағы қақтығысқа қатысқандардың арасында болған баласының абақтыда жатқандығын, төрт айдан бері онымен кездесе алмай отырғандығын айтады.

- Алматының Ішкі істер департаменті іздеу салып жатқанын естіп, балам өз еркімен шілденің 30-күні сол органға барған еді. Содан бері 4 ай өтті, онымен кездесудің бір сәті түсер емес. кімге барып, қандай шағым айтарымызды білмей, қиын жағдайда отырмыз, - дейді Жүсіп Сүйіндіков.

Сонымен қатар, «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің төрағасы Дос Көшім де бұл іс бойынша жүргізіліп жатқан тергеу ісінің барысын билік құпия сақтап отырғандығын атап көрсетті.

- Алматы қалалық ішкі істер департаменті Шаңырақтағы оқиға болғаннан үш күннен кейін таратқан мәліметінен соң бұл іске қатысты ешқандай ақпарат бермей отыр. Содан бері бес ай өтті. Мұндай құпиялылық демократиялық қоғам құрамыз деп отырған елдең ұмтылысына қайшы келеді. 5 мыңға жуық адам қатысқан мұндай оқиғаны қоғамнан құпия ұстауға болмайды. Тым құрығанда ұсталған адамдар тізімі мен оларға тағылып отырған айыптар жариялануы керек еді, - дейді Дос Көшім.

Алматыдағы Ішкі істер департаменті осы мәселеге қатысты «Азаттық» радиосына қандайда бір ақпарат беруден бас тартып отыр.

- Бұл мәселе бойынша жауап бере алмаймыз. Өйткені, бұл іс министрліктің қарауында, - деген жауапты қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ернұр Уәлиден естідік.

Ал Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі «Азаттық» радиосына «Шаңырақ оқиғасына» қатысты тергеу ісі аяқталғандығы туралы ақпаратты ғана жеткізді.

- Бұл іске қатысты тергеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда онымен күдіктілер мен оның жақтаушылары танысып жатыр. Одан соң күдіктілердің адвокаттары тергеу материалдарына шағым түсіру процесі жүруі мүмкін. Содан кейін барып іс прокурорға беріледі. Бұл істің сотта қаралу-қаралмауын прокурор шешеді, - дейді Ішкі істер министрлігі баспасөз хатшысының орынбасары Олег Иващенко.

Әзірге министрліктен алынған мәлімет осы ғана.

«Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда Шаңырақ оқиғасына қатысы бар деген күдікпен 16 азамат Алматыдағы тергеу абақтысында жатыр. Ал жалпы осы оқиға бойынша 27 адамға қарсы қылмыстық іс қозғалған, дейді «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің төрағасы Дос Көшім.

- Біздің мәліметіміз бойынша 27 адамның үстінен іс қозғалып, оның жетеуі адам өліміне қатысы бар деген күдікпен істі болып отыр. Айыпталушылардың 16-ы қамауда болса, қалғандары қолхат беру арқылы үйлерінен қатынап жүр. Қазіргі таңда тергеу толық аяқталып, оның нәтижесінде 30 жуық том материал дайындалған. Біз бұл мәселені көзден таса қылғымыз келмейді.

Сонымен қатар, Дос Көшім «Шаңырақ оқиғасына» қатысты сот процесі «желтоқсан оқиғасының» 20 жылдығы аталып өткеннен кейін, яғни желтоқсанның 20-нан соң басталуы мүмкін екендігін айтады.

- Бұл екі оқиғалардың арасында белгілі-бір ұқсастық бар. Соған байланысты билік «желтоқсан оқиғасының» 20 жылдығын өткеріп алған соң ғана «Шаңырақ оқиғасына» кірісетін секілді, - дейді «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің төрағасы Дос Көшім

Осы жылғы шілденің 14-күні Шаңырақ ықшам ауданының тұрғындары заңсыз соғылған үйлерді бұзуға барған полицияға қарсылып көрсетіп, қақтығыстың нәтижесінде бір полицей қаза болған еді. «Шаңыраққа тірек» комитетінің мәліметі бойынша, осы оқиғадан соң жүзден астам шаңырақтықтар тергеу амалдарына тартылған.
XS
SM
MD
LG