Accessibility links

«Азаттық» радиосының тілшісі Азамат Жетпісбаевтың ұсталуына қатысты кейбір қоғамдық ұйым өкілдері өз алаңдаушылықтарын білдіруде


Желтоқсанның 15-і күні Алматыда тұтқындалған "Азаттық" радиосының Бішкектегі тілшісі Азамат Жетпісбаевтың қайда екендігі жайлы құқық қорғау орындарының ешқандай мәлімет бермей, 3 күн хабарсыз ұстап отыруы заңсыз екендігін айтты, Қазақстандағы халықаралық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис желтоқсанның 18-і күні «Азаттық» радиосына. Адам құқығын қорғаушы сонымен бірге билік орындары жастар ұйымының бұрынғы белсендісі әрі журналист Азамат Жетпісбаевтың ісіне "таңдап-іріктеу" тұрғысынан келіп отыр дейді. Бұл оқиға бойынша дүйсенбі күні сондай-ақ Қазақстанның социалистік қарсылық жастар ұйымының, "Журналистер апатта" қоғамдық ұйымының өкілдері өз ұстанымдарын білдірді.

Желтоқсанның 15-і, яғни, жұма күні Алматыда қамауға алынған «Азаттық» радиосының Бішкектегі тілшісі 22 жастағы Азамат Жетпісбаевтың бүгінгі күні қайда жатқаны белгісіз күйінде қалып отыр. Республикалық қаржы полициясы, Алматы қаржы полициясы, ішкі істер басқармасының Алматыдағы уақытша ұстау мекемесіне, Алматы тергеу абақтысына хабарласқанымызбен, Жетпісбаевтың бүгінгі тағдыры туралы нақты бір мәлімет алу мүмкін болмады. Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис бұл ретте заң бұзушылықтарға жол берілген дейді.

- Заң бойынша олар хабарлауға міндетті болатын. Туыстары прокурормен байланысулары қажет. Өйткені, заң талаптарына сәйкес, Жетпісбаевты ұстаған құқық қорғау орындары оның қайда екендігін хабарлауға тиіс еді. Егер олар мұны істемесе, онда олар заң бұзып тұр! Сондықтан, прокурорға бұл заң бұзушылықты жою, Жетпісбаев туралы ақпарат беріп, оған адвокат жіберу талабымен шығу керек, - деді адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис.

Оның айтуынша, билік орындары желтоқсанның 11-і күні Астана сотының үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылған «Қазақстанның Отаншыл жастар одағының» бірінші хатшысы Махамбет Әбжанға қараған тәрізді журналист әрі жастар ұйымының белсендісі Азамат Жетпісбаев ісіне де таңдап-іріктеу тұрғысынан келіп отырған тәрізді.

- Бұл істе оны тұтқындау тәрізді қатаң шараларға бармауға да болар еді. Өйткені, біздегі тәжірибе бойынша тұтқындаудың арты бас бостандығынан айыру жазасына ұласып жатады. Ал бізде кейде шенеуніктерге одан гөрі ауырлау қылмыс жасалды деп күдік келтірілгенде де олар ешқандай тұтқындаусыз, оңай құтылып кететін мысалдар кездесетін. Сондықтан, бұл тұтқындау мен одан кейін болатын сот процесі іріктеу тәсілінің қолданылғанын байқатады. Бұл тәуелсіз журналистер мен оппозициялық жастар ұйымының белсенділеріне «кімде-кім билікке қарсы тұрса, осындай қатаң шаралар қолданылатындығын» паш етіп отыр, - дейді адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис.

Ал желтоқсанның 13-14-і күндері Алматыда Орталық Азиядағы демократиялық процестерге арналған конференцияға Азамат Жетпісбаевпен бірге қатысқан «Социалистік қарсылық» жастар ұйымының белсендісі әрі журналист Данияр Енекеев өз әріптесінің тұтқындалуы туралы естіп, күйзелгенін білдірді.

- Біз үшін – оппозициялық жастар үшін қайғылы әрі күтпеген оқиға. Азамат Жетпісбаевты ұстағаны нені көрсетеді? Бұл, бір жағынан, елде демократия жоқ екенін көрсетсе, екінші жағынан, билік оппозциялық жастардан қорқып жатқанын көрсетеді. Бұл орын алған оқиға М.Әбжанның аппеляциялық сотына өз ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Біз Азаматтың қайда екендігінен хабарсызбыз. Бірақ, біз оны қолдауға дайынбыз: не баспасөз-мәслихатын өткіземіз, не арнайы мәлімдеме қабылдаймыз.

Бұл кезде халықаралық «Журналистер апатта» қоғамдық ұйымының төрайымы Розлана Таукина өздерінің халықаралық журналистік ұйымдарды, оның ішінде «Шекарасыз репортерлер» ұйымын хабардар етіп, өздерінің бұл оқиғаны бақылауда ұстап отырғандырын айтты.

- Біз мәлімдеме қабылдадық. Билік орындарынан оның босатылуын талап етіп, «Шекарасыз репортерлер» ұйымынан, басқа да халықаралық ұйымдардан оны қорғауға көмектесулерін сұрап, хат жаздық, - деді Розлана Таукина.

2005 жылы жаз мерзімінің соңында Махамбет Әбжан мен Азамат Жетпісбаев өздерінің саяси көзқарасы үшін билік тарапынан қудалауға ұшырағандарын, сондықтан Қырғызстан астанасы Бішкекте бас сауғалауға мәжбүр екенін айтып, мәлімдеме таратқан болатын. Сол жылғы желтоқсанның 13 күні, Бішкек қаласы ішкі істер басқармасының қызметкерлері Махамбет Әбжан мен Азамат Жетпісбаевты ұстады. Сол күні Азаматты босатып жіберді де, желтоқсанның 23-күні Қырғыз жағы Махамбет Әбжанды Қазақстанның заң орындарына тапсырды. Содан бастап Астананың тергеу абақтысында қамауда болған Махамбет Әбжанды биыл желтоқсанның 11-күні Астана қаласының екінші аудандық соты сайлау науқанындағы насихатқа бюджеттен бөлінетін қаржыны өзге мақсатқа жұмсаған деп тауып, оның мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеп, 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Және сол үкім бойынша Махамбет өзіне тағайындалған жазаны өтеп бостандыққа шыққан соң, оған 2 жыл бойы қоғамдық жұмыспен айналысуға тыйым салынды.

Ал биылғы жылдың тамыз айынан бері «Азаттық» радиосының Бішкектегі тілшісі болып істейтін Азамат Жетпісбаев алдыңғы аптада Алматыға халықаралық конференцияға шақыртумен жеке тұлға ретінде қатысуға келген еді. Желтоқсанның 15-і күні ол ұсталып, қамауға алынды. Желтоқсанның 16-сы күні Алматы уақытша ұстау мекемесінен оны қаладағы тергеу абақтысына ауыстырылғаны хабарланды. Алайда, тергеу абақтысындағылар Қазақстандағы мейрам күндерін сылтау етіп, А.Жетпісбаевтың тағдыры туралы сауалдарға ешқандай жауап бермей отыр.
XS
SM
MD
LG