Accessibility links

Шелек ауылында жиналған қазақ жастары ұлтараздық кикілжің тудырғандарды тауып, жауапқа тартуды талап етті


Желтоқсанның 16-сы күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы орталық алаңға 300-ге тарта қазақ жастары жиналды. Оған себеп, өткен айдың 18-і мен 19-ы күндері осы ауылда болған қазақ пен ұйғыр жастары арасында орын алған кикілжің еді. Сол оқиға кезінде түрлі жарақат алған қазақ жастарына болысу мақсатында Шелек маңындағы елді мекен жастары орталық алаңға жиналып, кикілжіңнің ұйымдастырушысын тауып, оны әділ жазалауды талап етті.

Желтоқсанның 16-сы күнгі Шелек ауылының орталық алаңына күндізгі сағат төрт кезінде жиналғандардың дені Ащысай, Таусүгір, Ащыбұлақ ауылдарынан келген жастар екен. Осы жерге басқа жұртпен бірген келген Ащысай аулының тұрғыны Жандос есімді жігіт өздерінің алаңға жиналу себебін «Азаттық» тілшісіне былайша түсіндірді:

- Мұнда жастар халық намысы үшін жиналып отыр. Өздеріңіз естіп отырсыздар, бір қазақтың басына дәрет сындырып кетіпті. Найзаның ұшымен, білектің күшімен ата-бабаларымыз қорғаған жерде мұндай келеңсіздіктерге жол бермейміз. Бізге жергілікті билік өкілдері істің анығын айтпай, барынша басып отыр. Мұнда шамамен 300-400 адам жиналып отыр. Тағы жиналады.

Қазақстанда жарық көретін оппозициялық «Свобода слова» басылымы желтоқсанның 7-сі күнгі санында қараша айының 18-і мен 19-ы күндері Шелек ауылында қазақ пен ұйғыр жастары арасында орын алған кикілжің кезінде бір қазақ баласының құлағы кесіліп, оны соққыға жыққандардың дәрет сындырғаны туралы жазған болатын. Бұл оқиға ауыл жастарының намысына тиген. 26-жастағы Ержан есімді мына бір азамат:

- Бұл жерде ұлтқа бөліну жоқ. Бірақ, біздің талабымыз – оқиға кезінде жазықсыз жандарды соққыға жықққандар мен қазақ жігітінің басына дәрет сындырып кеткендер заң алдында жауап беруі тиіс. Біздің мақсатымыз - біздерді ұлтқа бөлмесін. Басты талабымыз - халықтың ортасына іріткі салған адамды тауып берсін. Қырық жыл бірге тұрдық қой.

Ал Таусүгір аулынан келген Рауан есімді жігіт, өз ренішінің орынды екендігін айтып отыр:

- Өзіміздің туып-өскен ауылымызды қорғауға келдік. Қазақстанға қастандық жасаған адамға біз осылай көтерілеміз.

Сондай-ақ жиналғандардың арасынан жастары 30 бен 40-тың арасындағы азаматтарды да байқауға болады. Есімін айтудан бас тартқан жасы 40-тан асқан мына бір кісі өз ойын былайша өрбітті:

- Бүгін бізді Еңбекшіқазақ ауданының әкімі келіп тоқтатып отыр. Біз ол кісінің үлкен басын сыйлап, кері қайтып отырмыз. Ал бірақ, кезінде осы ауданның бұрынғы әкімі болған Елепай Сұлтанғазиев деген кісі түріктерге қарсы шыққанымызда: «шашы түссе - маған жауап бересіңдер» деген. Сол кезде бір рет тоқтап, біз қателік жібердік. Бүгін тоқтап, екінші қателік жасадық. Үшінші жолы қателік қайталанбайды.

Осы жиын арасынан жастармен сөйлесуге келген Шелек аулының әкімі Алтай Мәшекұлы «Азаттық» тілшісімен әңгімеде жастардың бұл әрекетіне өз бағасын былайша берді:

- Жастар біреудің құлағын кесіп, дәрет сындырып кетіпті деген қауесетті естіп келіп отыр. Оның бәрі - жалған. Ондай факт болған жоқ.. Егер сол рас болса, біз тиісті жаза қолданатын едік.

Бір айта кететін жайт, алаңға жиналған жастар арасынан ұйғыр халқының өкілдерін кездестіре алмадық. Алайда, Шелек аулындағы ұйғыр қауымдастығы ақсақалдар алқасының төрағасы Абдусалам Даутовтың үйіне барып, бұл мәселе туралы әңгімелеп беруін сұраған едік:

- Жас балалар төбелесті екен деп, біз ешуақытта ұлттың арасына кір келтірмейміз. Бір сөзбен айтқанда, ол - «бұзақылық». Біз осы жерде өмір сүргенімізше ондай мәселеге жол бермейміз. Ұйғыр халқы мен қазақ халқы бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болады.

Желтоқсанның 16-сы күнгі ауыл жастарының жиынын басуға 100-ге тарта полиция жасағы жұмылдырылып, ауылға кіретін жолдар жабылып қалды. «Азаттық» тілшісі Еңбекшіқазақ ауданының ішкі істер басқармасы Шелек бөлімінің бастығы, полиция майоры Самбат Алдабергенұлын әңгімеге тартқан еді.

- Жас балалар арасындағы төбелес. Төбелес негізінен төрт-бес жігіттің арасында өрбіген. Қылмыстық істі 257-ші баптың 2-ші тармағына сәйкес қозғап отырмыз. Тергеу болып жатыр. Барлығын анықтап, істі сотқа жібереміз, - деп жауап берді полиция өкілі.

Шелек аулында бүгінде 13 мыңға жуық қазақ, 10 мыңға тарта ұйғыр халқының өкілдері тұрады. Бұл жолы әкімшілік талабына құлақ асқан қазақ жастары ешқандай шиеленіске бармай тарқасты.
XS
SM
MD
LG