Accessibility links

Қазақстан президентінің Қытайға сапары басталды


Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев 4 күндік ресми сапармен 19 желтоқсан күні Қытай Халық Республикасына аттанды. Бейжіңде Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтао арасында кеңейтілген және тар ауқымда өтетін келіссөздер барысында екі жақты 10 келісімге қол қойылады деп күтілуде. Қазақстан Республикасы президентінің Қытайға сапарына байланысты қазақстандық саясаттанушылар да өз көзқарастарын білдірген еді.

«Отан» Республикалық партиясының сарапшысы, саясаттанушы Шәріпбек Әмірбековтың пікірінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Қытаймен қарым-қатынасын дұрыс жолға қоя біліп, шекара және тағы басқа мәселелерін ұтымды шеше алған. Саясаттанушы Қазақстан президенті Қытайда осы жолы да ел мүддесіне сай келетін маңызды мәселелерді шешіп қайтады деп есептейді.

- Қазір Қытай рыногы қаулап өсіп келе жатқан үлкен рыногтардың біреуі, сондықтан да Қазақстан Қытай рыногына шығуға мүдделі. Жылына Қытайға тасымалданатын мұнайдың көлемі көбеймек. Сондықтан да бұл мәселе де күн тәртібінде тұрған сияқты. Осы сапар барысында екі ел экономикалық қатынастарды жақсартумен қатар, Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы шеңберіндегі жобаларды да қарастыратын шығар, - дейді Шәріпбек Әмірбеков.

Ал ұзақ жылдар Қытайда Қазақстанның елшісі қызметін атқарған мәдениеттанушы Мұрат Әуезов болса, Қазақстан мен Қытай арасында әлі де шешілмей жатқан мәселелрдің бар екендігін айта келіп, келіссөздер барысында Астана Пекинмен өзін тең ұстауы керек дейді.

- Қазір Қытай Қазақстан мен Орталық Азияға көзін тігіп отыр. Сондықтан да біз Қытайдың әрбір қимылына, ұсыныстарына сақтықпен қарауымыз керек. Келіссөздер барысында ең біріншіден, құпия келісімдер болмауы керек. Соңғы 15 жылда біздің бұл жағынан ащылау тәжірибеміз бар. Мысалы, шекара мәселесі. Сондай-ақ, Қытай бірнеше жылдан бері Қара Ертіс, Іле өзендерінің жағдайын өз пайдасына шешіп келе жатыр. Осы жолы барғанда, Қазақстан Қытайдың шебер саясатына қарамастан, өз мүддесін есепке алады деген үмітім бар, - дейді Мұрат Әуезов.

Ал саясаттанушы Берік Әбдіғалиев сыртқы саясатта көпвекторлы саясатұстанып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Ресейге, сосын АҚШ-қа жасаған сапарынан кейін, Қытайға да жол тартуын жөн деп есептейді.

- Қытайдың да, Ресейдің де, АҚШ-тың да Орталық Азияға келгенде, мүдделерінде қарама-қайшылық пайда болады. Сондықтан, Қазақстан Қытайға саяси мәселерін шешуге бара жатқан шығар. Саяси ойындарда Ресей өз жерінен өтетін мұнай құбырларын жауып тастау, оның бағасын көтеру сияқты әрекеттер қолданса, АҚШ Баку-Жейһан құбыры арқылы Қазақстанға қолынан келгенше, әлдеқандай қысымдар көрсетуге тырысып жүр. Сондықтан біз мұнай тасымалдауда Қытай жағын да пайдалансақ, бұл біздің экономикалық қауіпсіздігімізді нығайтады деп ойлаймын, - дейді Берік Әбдіғалиев.

Естеріңізге сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев Қытайда сонымен қатар, Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысының тұрақты комитеті төрағасы У Банго және Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябаомен кездесіп, Сянган, Аомэнь арнайы әкімшілік ауданына бармақ.
XS
SM
MD
LG