Accessibility links

Ауған соғысының ардагерлер одағы Қазақстан парламентіне және Қазақстандағы саяси партияларға арнап ашық хат жолдады


Желтоқсанның 20-сы күні Алматыда Қазақстандағы Ауған соғысы ардагерлерінің ‘Жауынгерлік ынтымақ‘ атты одағы соғыс өрті әлі басылмаған Ауғанстанға Қазақстан 200 сарбаздан тұратын шағын әскери контингент жібермекші көрінеді деген әңгіменің ел ішінде тарап кетуіне байланысты өз алаңдаушылығын білдірген ашық хатын Қазақстан парламенті сенаты мен мәжілісінің депутаттарына және Қазақстандағы саяси партиялар атына жолдады.

Ауған соғысына қатысқан қазақстандық соғыс ардагерлері ұйымының төрағасы Сергей Пашевичтің айтуынша халықаралық терроризмге қарсы күрес каолициясын қолдап отырған Қазақстаннан АҚШ бастаған батыс елдері өз әскерін қалайда Ауғанстанға жіберуді кеңес етіп кейде ашық талап отырған жағдайлар бар. Қазақстаннан жасақталып баратын әскери көмек бұл Ауғанстанның соғыстан қираған провинция аймақтарын қалпына келтіру, жөндеу мақсатындағы әскери бөлім деп аталмақшы дейді ол.

Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы С.Пашевич осы өткен қараша айының соңында Ауғанстанға барып сондағы жағдайды өз көзімен көріп қайтыпты. Оның айтуынша Ауғанстандағы жалпы жағдай әлі тұрақсыз, көптеген аймақ провинцияларда әлі соғыс жүріп жатыр. Кабулде жағдай біршама тұрақты секілді сезілгенмен талибан жасақтары каолиция күштері мен үкімет әскерилері алдына әлі бағынышты екендіктерін білдіріп бой ұрған жоқ, шайқастар әлі жүріліп жатыр бұл соғыста бейбіт тұрғындар көптеп құрбан болуда күні сайын 60-80 адам шәйіт болғандығы туралы хабарлар бар дейді ол.

Дәл осындай жағдайда Қазақстан өз әскерилерін Ауғанстанға жіберуі орынсыз, қазақ сарбаздары шиеленісті аймақтарға жіберіліп сонда ешкімге керексіз соғысқа жегіліп кетуі ықтимал ал бізде Қазақстанның қорғансыз министрлігінің бір жоғары лауазымды өкілі таяуда Ауғанстанның солтүстік аймақтарын аралап жергілікті жағдаймен танысып қайтқаны туралы нақты хабар мәлімет бар дейді С.Пашевич.

Ал осы хабарға байланысты Қазақстанның қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің Алматыдағы өкілі полковник Алтынбай Дәуренбековпен хабарласқанымызда ол кісі бұл хабар туралы ешнәрсе айта алмайтындығын, ал қазақ сарбаздарының Ауғанстанға баратыны туралы әлі ресми нақты хабардың жоқ екендігін айтты.

Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы төрағасы, ‘ Әділетті Қазақстан үшін‘ қоғамдық қозғалысының жетекшісі Жармақан Тұяқбайдың пікірінше осындай әңгіменің ел арасында айтылуы тегін емес, ал егер Қазақстан өз әскерін соғыс өрті басылмаған Ауғанстанға жіберетін болса онда бұл үлкен қате, ешбір қисынға келмейтін іс шара болады. Сондықтан бұндай істен абай болғаны дұрыс дейді ол.

Ал саясаттанушы, ‘Ұлт тағдыры‘ қозғалысының төрағасы Дос Көшім Қазақстан Ауғанстанға шын жаны ашыса онда әскери көмек көрсеткеннен гөрі гуманитапрлық көмек көрсеткені дұрыс болар еді деген пікір айтады.
XS
SM
MD
LG