Accessibility links

Демократтар Американың Ирақтағы саясатын өзгертуді қалап отыр


Өткен айда Америкада болған аралық сайлау нәтижесінде Демократтар партиясы Американ Конгресінің екі шатырында да көпшілік орындарға ие болды. Сенат пен Өкілдер Шатыры қаңтардың 4-інде бас қосқан кезде Демократтар партиясының жетекшілігі Президент Буштың Ирақ саясатына өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Конгрестегі аса ықпалды Қарулы Күштер Комитетіне жетекшілік ететін Айк Скелтон осылай деп мәлімдеп отыр.

Скелтонның айтуынша, Президент Буштың Ирақ саясатына әсер етудің үш түрлі амалы бар.

Біріншіден, – қаржыны қысқарту, сол арқылы соғысты аяқтатуға тырысу. Алайда Демократтар мұндай шараға бармайды, өйткені бұл Ирақтағы Американ әскерлеріне қауіп төндіру және Ирақ халқын жікшілдік пен, негізінен Әл-Қаида ұйымдастырып отырған, іштен жасалатын шабуыл өртінде қалдыру боп шықпақ.

Екінші амал – заңдар енгізу арқылы Буштың соғысты одан әрмен жүргізу мүмкіндіктерін шектеу. Скелтонның сөз мәнеріне қарағанда, Демократтар бұл тәсілді де жүзеге асыруға тырысуы екіталай.

Үшінші тәсіл – Буштың Ирақтағы соғыста жіберіп отырған кемшіліктерін Конгрес тарапынан талқылау, және Скелтон, Конгрестегі аса ықпалды Қарулы Күштер Комитетінің жетекшісі ретінде, дәл осы тәсілді қолдайтындығын айтып отыр.

"Меніңше, бұл Конгресс бұған дейін пайдаланбай келген өте өтімді тәсіл,"- дейді конгресмен Скелтон.

Конгресті Президент Буштың төл партиясы - Республикашылдар қадағалап отырғанда мұндай тәсілдің нәтижесі айтарлықтай емес еді,- дейді Скелтон. Алайда алдағы айдан бастап Демократтар Ирақта не жасалып жатқаны және не жасалатыны жөнінде Буш әкімшілігіне қатаң сауалдар қоятын болады,- дейді ол.

Ирақтағы соңғы кезде ерекше өршіп кеткен зорлықты тоқтату үшін ондағы Американ әскерлерінің санын, қысқа мерзімге болса да, 30 мыңға дейін, тіпті одан да артыққа көбейту ұсынысы бар. Ақ Үй мен Пантагон арасында бұл мәселеде келіспеушілік бар екені де хабарланып отыр. Хабарларға қарағанда, Президент Буш бұл ұсынысты қолдауда, алайда әскери басқарма бұған қарсы. Әскери жетекшіліктің айтуынша, Ирақ пен Ауғаныстанда әскер ұстап отырған қарулы күштер үшін бұл өте ауыр болмақ.

Конгресмен Скелтон әскери жетекшіліктің сөзімен келісетінін айтып отыр. "Мұндай жағдайда бірнәрсенің пәлендей өзгере қоятынына өз басым сенбеймін,"- дейді ол. Әскер санын бастапқы кезде көп ету керек еді, бүгінде оны ойлаудың өзі кеш, дейді ол.

Скелтонның айтуынша, бүгінгі жағдай – Саддам Хүсейн биліктен тайдырылғаннан кейін Ирақта қалыптасқан саяси және әскери вакуум мәселесін елемеудің салдары. Ол Американ үкіметінің Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Германияны оккупациялау жоспарын бірнеше жыл бұрын дайындай бастағанын мысалға келтіреді.

Ирақ жетекшілігіне елдегі жікшілдікті тоқтатып, халықты ішкі шабуылдардан аман ету олардың қолындағы нәрсе екенін түсіндіру, Скелтонның пікірінше, Ирақтағы соғысты шегініссіз аяқтаудың ең дұрыс жолы.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG