Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда ВИЧ дертіне қатысты тергеу аяқталды


Оңтүстік Қазақстан облысында жаппай ВИЧ инфекциясының таралу оқиғасына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы желтоқсанның 22-күні «Азаттық» радиосына Бас прокурордың аға көмекшісі Төрехан Адай хабарлады. Оның айтуынша, қатерлі кеселдің таралуы оқиғасына қатысты 28 қылмыстық іс қозғалып, ҚР Қылмыс кодексінің бірнеше баптары бойынша 21 адамға қарсы айып тағылып отыр.

Бас прокурордың аға көмекшісі Төрехан Адайдың айтуынша, қазіргі таңда ВИЧ инфекциясының жаппай таралу оқиғасына қатысты қылмыстық істің материалдарымен танысу процесі жүріп жатыр.

- Бұл мәселе бойынша 28 қылмыстық іс қозғалған. Соның 25-і бір өндіріске біріктіріліп, ол бойынша 21 адамға қарсы айып тағылды. Қазіргі уақытта қылмыстық іспен танысу жүргізіліп жатыр. Бұл процесс аяқталған соң қылмыстық іс прокурорға жолданып, әрі қарай сотқа тапсырылуы тиіс, - дейді Бас прокурордың аға көмекшісіТөрехан Адай.

Сонымен қатар, Төрехан Адай айыпталушылардың бірқатары тергеу материалдарымен танысуды аяқтағандығын, ал біразы бұл жұмысқа енді ғана кіріскендігін айтты. Ал 21 адамға тағылған қылмыстық айыптар ҚР Қылмыс кодексінің бірнеше бабын қамтиды, дейді Бас прокурордың көмекшісі.

- ҚР Қылмыс кодексінің 316-бап бойынша - «өз ісінде салақтық жіберу», 311-бап – «пара алу», 177-бап – «алаяқтық», тағы басқа да баптар бойынша қылмыстық айып тағылып отыр. Тергеу барысында біз ауру ата-аналарды алдап қан немесе дәрі-дәрмек сату арқылы «алаяқтық» жасау фактілер анықтадық.

Қатерлі дерпттің жаппай таралуына қатысты қылмыстық іске тартылғандардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы директоры Нұрсұлу Тасмағамбетова және оның екі орынбасары – Нағима Жолдасова мен Рахима Қуандықова, облыстық балалар ауруханасының бұрынғы Бас дәрігері Ташмұқан Тойбеков, облыстық қан орталығының бұрынғы Бас дәрігері Шора Сейдінов және денсаулық сақтау саласының басқа да лауазымды қызмет иелері бар.

Бас прокурордың көмекшісі Төрехан Адайдың айтуынша, бұл іске қатысты материалдар сотқа жақын арада тапсырылуы мүмкін.

- Қылмыстық істің қашан сот қаралатындығы айыпкерлердің іс құжаттарымен танысуына байланысты. Біздің жоспарымыз бойынша, бұл процесс жақын уақытта бітіп қалуы тиіс, - дейді Төрехан Адай.

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаменті таратқан соңғы мәлімет бойынша, қазіргі күні ВИЧ инфекциясы облыстағы ауруханаларда емделген 82 баладан табылса, тағы 11 ананың қатерлі инфекция жұқтырғаны анықталып отыр.
XS
SM
MD
LG