Accessibility links

Азия елдері осыдан екі жыл бұрын Үндістан мұхитында орын алған цунами апатын атап өтті


Осыдан дәл 2 жыл бұрын Үнді мұхитында орын алған цунами апатынан 220 мыңнан астам адам қаза тапқан болатын. Апаттан аман қалғандар сейсенбі күні сол қайғылы күнді атап өтті.

Тайланд жағажайларынан бастап Үндістан аралдарына дейін мыңдаған адам қолдарына шамдар алып осыдан екі жыл бұрын табиғи апаттан қаза болғандарды үнсіз еске алды. 2004-ші жылы желтоқсанның 26-ы күні орын алған Үнді Мұхитындағы цунами апатына қуаты 9-баллға жеткен жерсілкінісі түрткі болған еді. Сол күні үлкен толқындар үйлер мен мектептерді, ауруханалар мен қонақ үйлерді қиратып жіберген тұғын. Үндістан Мұхиты жағалауындағы көптеген ауылдарды жуып әкеткен цунами апаты мыңдаған адамды қырып, қаншама адамды үйсіз қалдырған еді.

Цунамидан әсіресе қатты жапа шеккен Индонезияның Ачех провинциясының өзінде ғана 150 мың адам қаза тапқан болатын. Апаттан аман қалғандар бүгін сол қайғылы күнді атап өту үшін мешіттерге барып, дұға оқыды. Олар, сондай-ақ, зираттарда болып құрбан болғандарды еске алды. Ал Ачехтің оңтүстік-шығысындағы Бали аралында құрбандарды еске алу шараларына шамамен 15 мың адам қатысты.

Тайландтың Хао Лак жағажайында жергілікті тұрғындар мен шетел азаматтары жиналып, қаза болған жақындарын еске алды. Олардың арасында цунамидан аман қалған Норвегия азаматы Хаконгран Уенчегран да бар. Ол өзінің сезімін былай жеткізді:

“Бұл жерде мен толқып тұрмын. Сол күні болған барлық нәрсе көз алдымда тұр. Біз сәтін салып, аман қалдық”.

Ал Банг Муанг қалашығында буддист монахтар мен католик дін қызметшілері және мұсылман имамдар цунами апатынан қаза болған аты-жөні белгісіз 400 адамның рухына тағзым етті. Малайзия мен Үндістан елдері де екі жыл бұрынғы цунами апатына қатысты еске алу шараларын өткізді. Үндістанда 10 мыңнан астам адам қаза тапқан болатын. Ал Шри Ланканың Пералия қаласында президент Махинда Ражапаксе Будда ескерткішін ашты. Бұл жерде цунамидан мыңға жуық адам құрбан болған тұғын.

Ол апаттан кейін халықаралық қауымдастық көмек ретінде шамамен 10 миллиард доллар қаржы бөлеміз деп уәде берген еді. Бірақ хабарларға қарағанда ол ақшаның кей бөлігі жемқорлыққа байланысты қажет болған жерлерге жетіп бармаған. Қиратылған ауылдар әліге дейін түгелімен бұрынғы қалпына келтірілмеген.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG