Accessibility links

Түркіменстанда президент сайлауы 11-ші ақпанда өтеді


Түркіменстанда президенттік сайлау алдағы жылдың 11-ші ақпанында өткізілетін болды. Бұл жөнінде желтоқсанның 26-сында Ашхабадта Түркіменстанның жоғарғы заң шығарушы органы - Халық мәслихатының елдің авторитарлық президенті болған Сапармұрад Ниязовтың өлімінен кейін елде президенттік сайлау өткізу мерзімін белгілеу жөніндегі отырысында шешілді. Сонымен қатар, бұл Кеңесте сайлауға қатысатын кандидаттарды анықтау мәселесі де қаралып, Халық мәслихаты президенттікке кандидат ретінде қазіргі президент міндетін атқарушы Гурбангулы Бердімұхамедовты бірауыздан ұсынған. Және кеше түркімен оппозициясы президенттік сайлауға өздерінің бірыңғай кандидаттарын ұсынатындықтарын мәлімдеді.

Сонымен Түркіменстанда президенттік сайлау 2007 жылдың 11-ші ақпанында өтетіні белгілі болды. Ол жөнінде Орталық сайлау комиссиясының басшысы Мұрад Гарриев жариялады. Бұл шешімді Халық мәслихатының 2,500-дей мүшесі бірауыздан қолдап дауыс берді. Бұл жиынға жалпы саны 2,513 адам қатысқан. Түркіменстан президентінің міндетін атқарушы Гурбангулы Бердімұхамедов бүгінгі Кеңеске қатысушыларды түгендеп, отырысты ашқанда, жиынға шетелдік журналистер мен елшілер қатысып отырғанын айтып кетті.

“Бүгінгі кеңеске қатысушылардың жалпы саны 2,513. Олардың арасында 2,466-сы Халық Ассамблеясының мүшелері, қалған 47-сі шақырылған шетелдік елшілер мен журналистер. Түркіменстанның халық Ассамблеясының 18-ші төтенше отырысы ашық. Дауыс беруге кірісейік” деп отырысты бұрынғы дәстүрімен жалғастырған Бердімұхамедов, Халық мәслихаты күн тәртібінде тұрған бірнеше мәселе бойынша дауыс беруі тиіс екенін айтты.

Сейсенбі күні Түркіменстанның Оппозициялық Біріккен Демократиялық Күштерінің жетекші мүшесі, Түркіменстанның бұрынғы сыртқы істер министрі Авды Кулиев, Норвегиядан Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында, Түркіменстан президенттігіне кандидат ретінде, Түркіменстан оппозицияның бірыңғай ортақ кандидаты Түркіменстанның демократиясы үшін күресіп келген Нұрберді Нұрмаммедовты ұсынатындықтарын мәлімдеді.

“Біздің ұйымымыз, Түркіменстанның Оппозициялық Біріккен Демократиялық Күштері Нұрберді Нұрмаммедовты Түркіменстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынады. Ол өте танымал тұлға, басынан бастап Түркіменстан демократиясы үшін күрескен белгілі демократ” -дей келе, Кулиев Түркіменстандағы адам құқықтары мен сөз бостандығы үшін күрескен Нұрмаммедовтың 23-ші желтоқсанда із-түссіз жоғалып кеткенін айтып отыр.

Нұрмаммедов Ашхабадтан Сапармұрад Ниязов қаза болған күні Азаттықтың Түркімен қызметіне сұхбат беріп, өз ойын ашық айтқан болатын, содан екі күннен кейін оның қайда кеткенін туыстары да білмей отыр.

Ал, осы “Ағзы бірлік”-яғни қазақша айтқанда “ауыз бірлік” партиясының жетекшісі Нұрберді Нұрмаммедов Азаттыққа берген сұхбатында:

“Менің пікірімше, қалыптасқан жағдайды өркениетті елдердегідей, халықтың өзі шешуі керек. Үкімет құрылымы, оның жұмысы халықтың келісімі бойынша жүзеге асуы тиіс. Демократияның негізі сол, біз сол демократияға қарай қадам басуымыз керек” -деген.

Оппозиция жетекшісі Авды Кулиев, Түркменстанның Оппозициялық Біріккен Демократиялық Күштерінің бағдарламасына да тоқталған:

“Біз толығымен бәрін өзгерткіміз келеді. Біз Түркіменстанның батыстық үлгідегі демократиялық ел болғанын қалаймыз. Біз адам құқықтарының қорғалғанын, және онда шынайы сөз еркіндігі болған қалаймыз. Біз адамдардың үкіметті құруға қатысқанын, парламент пен қоғамдық ұйымдар арқылы мемлекеттік шешімдер жасауға атсалысса дейміз”.

Сонымен қатар, оның алдында Киевте Түркімен оппозициясының қуғында жүрген жетекшілері, Түркіменстанның Республикалық партиясының басшысы Нұрмұхаммет Ханамов пен Ватан қозғалысының жетекшісі Құдайберді Оразов баспасөз мәслихатын өткізіп, парламенттің сейсенбі күнгі отырысына өздерінің қатысқысы келетіндіктерін танытты. Ватан қозғалысының жетекшісі Құдайберді Оразов өздерінің Түркіменстанның енді демократиялық әрі өркениетті жолмен дамығанын көргісі келетіндіктерін айтып, оған халықаралық қауымдастықтың қолдауын сұрады.

“Біздің мақсатымыз - Түркіменстанды өркениетті, демократиялық даму жолынан көру. Сондықтан, бұл тұрғыда біз Түркіменстанның демократиялық жолмен дамуы жөніндегі өз пікірлеріміз бен тілектерімізге халықаралық қауымдастықтың қолдауын алуда демократиялық елдермен, халықаралық ұйымдар мен ақпарат өкілдерімен жұмыс жасауға тырысамыз” деген.

Осылайша, Түркімен оппозициясы президенттік сайлауға ортақ үміткерлерін ұсынатындықтарын мәлімдеп отыр. Десе де, қазіргі билік өкілдері егер опозиция жетекшілері елге келсе, оларды бірден қамауға алатындықтарын ескертті.

Бұл орайда 2002 жылы Түркіменстан президентіне қастандық жасамақшы болды деген айыппен сотталған Түркіменстанның бұрынғы сыртқы істер министрі Борис Шихмурадовтың 80-ге келіп қалған анасы баласынан 4 жыл бойы еш хабар ала-алмай, оның не тірі не өлгенін білмей дал болып отырғанын айтады. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі Алтын Мағауинаға берген сұхбатында, Шихмурадовтың анасы ендігі биліктен де үміт күтпейтінін білдірді.

“Ізге түсуден басқа да бітпейтін әрлі-берлі әурелеу, 80-ге келіп қалған мені де тыныш өлуге мұрсат бермейді” деді.

Түркімен оппозициясы Еуропа Одағы, Ресей және Құрама Штаттарды Түркімен билігінің халықаралық бақылаушылардың бақылауымен әрі оппозиция да қатыса алатындай демократиялық сайлау ұйымдастыруын қамтамасыз етуге көмектесуге шақырды. Түркіменстанның Ата заңы бойынша, президенттікке 40 жастан 70 жасқа дейінгі Түркіменстан азаматы қатыса алады, және түркімен тілін білуі тиіс ол кандидат соңғы 15 жыл бойы Түркіменстанда тұруы қажет делінген. Бірақ, Түркіменстан билігі ел Конституциясын қазірдің өзінде сақтамай отыр, яғни елдегі Ата заңда президент қаза болған жағдайда елді уақытша басқару парламент төрағасына беріледі деген болатын, Алайда Ниязов қаза болған күні парламент төрағасы Овезгелды Атаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол бірден қамауға алынды. Және тағы бір мәселе, Конституция бойынша президенттік сайлауға қазіргі президенттің міндетін атқарушы қатыса алмайды делінсе, енді міне, Түркімен парламентінің сейсенбі күнгі отырысында ел Конституциясына өзгеріс енгізу ұсынылып, Халық мәслихаты президенттікке үміткер ретінде Гурбангулы Бердімұхамедовты бірауыздан ұсынып отыр. Сонымен бірге Ассамблея отырысында бұл ақпан айындағы президенттік сайлауға Бердімұхамедовпен қатар түсетін тағы бес кандидат анықталды. Олар Түркіменстанның энергетика министрінің орынбасары, және екі қала әкімі, бір аймақтың депутат және бір аудан басшысы болып отыр.

Бердімұхамедов сейсенбі күнгі отырысты ашқанда, барлық кандидат Ниязов салып кеткен жолмен жүруі тиіс деген.
XS
SM
MD
LG