Accessibility links

АҚШ-ың бұрынғы президенті Джералд Форд қайтыс болды


АҚШ-тың 38-ші президенті Джералд Форд 93 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Калифорниядан оның жұбайы Бетти сейсенбі күні хабарлады. Фордтың өліміне не себеп болғаны жөнінде айтылмады, бірақ соңғы кездері бұрынғы президенттің денсаулығы нашарлап кеткен болатын. Джералд Форд - АҚШ тарихындағы сайланбай президент болған жалғыз саясаткер.

“Уотергейт” жанжалына байланысты президент Ричард Никсон қызметінен кеткен соң, вице-президент болған Джералд Форд 1974 жылы тамыздың 9-ы күні президенттікті өз қолына алып, Америка халқына былай деп мәлімдеді:

“Қадірлі отандастарым, ұлтымыздың сұмдық кезеңі аяқталды. Біздің конституциямыз жұмыс істеп жатыр. Біздің ұлы республикамызда адамдар емес заңдар өктемділік етеді”.

Америка тарихындағы ең нашар саяси жанжалдардың бірі “Уотергейт” дауы Республикашыл партиясындағы Ричард Никсонды жақтайтын бір топ белсенділерге қатысты еді. Олар 1972 жылы президент сайлауы науқаны қарсаңында сол кездегі оппозициялық Демократтар партиясының Уашингтон қаласындағы кеңселеріне заңсыз бұзып кірген. Никсон әкімшілігі сайлаудың алдында оппоненттеріне кедергі жасау үшін билікті асыра пайдаланды деген айыптар айтылған болатын. Сөйтіп 1974 жылы Конгресте “Уотергейт” жанжалына байланысты талқылаулар басталған тұғын. Дәл сол кезде президент Ричард Никсон өз қызметінен кетуге мәжбүр болған.

Бірақ кейін оның орнына отырған Джералд Форд бір ай өтіп, елдегі саяси теке-тіресті аяқтау мақсатында Никсонды кешірді.

“Конституцияның екінші бабындағы екінші бөлімге сәйкес кешіру хұқына ие, мен АҚШ президенті, Жералд Форд, Ричард Никсонды 1969 жылы қаңтар айынан бастап 1974 жылдың 9-шы тамызына дейін болған уақыт аралығында Америка Құрама Штаттарына қарсы жасаған іс-қимылдары үшін немесе сондай әрекеттерге араласуы мүмкін болған іс-қимылдарын толығымен кешіремін”, - деген Джералд Форд.

1976 жылы Республикалық партияның атынан президент сайлауына түсіп, демократтардың үміткері Джимми Картерге жеңіліп қалса да, адамдардың көбі Джералд Фордты “қоғамның жаңа президентке деген сенімін қалпына келтірді” деп еске алады. Сонымен қатар Форд президент болған кезде Хельсинки келісімі жасалған болатын. Ол құжатқа қол қойған елдер, олардың ішінде Совет Одағы мен Шығыс және Батыс Германия, бейбітшілікке ұмтылуға және адам хұқтарының сақталуына кепілдік беруге міндетті болған.

Джералд Форд 1913 жылы шілденің 14-і күні АҚШ-тың Небраска штатының Омаха қаласында туған. Басында оған Лесли Кинг деген ат қойылған тұғын, бірақ кейін оның әке-шешесі ажырасып, оның анасы басқа кісімен тұрмыс құрған соң, ол өгей-әкесінің атын алып Жералд Форд деп атанған. Форд колледжде экономика мен саясатты оқыған, кейін Йейл университетіндегі заң факультетін тәмамдаған. Ол алғашқы рет Өкілдер палатасына 1948 жылы сайланған.
XS
SM
MD
LG