Accessibility links

"Аэрофлот" ұшағы Прага әуежайында төтенше жағдайда қондырылды


Мәскеуден Женеваға ұшып бара жатқан "Аэрофлот" орыс компаниясының ұшағы бүгін Прага әуежайында төтенше жағдайда қондырылды. Чехия полициясы тиісті шараларды атқарып жатыр, ұшақты басып алған деп күдіктелетін азамат ұсталды.

Орыс ұшағы Праганың "Рузины" деп аталатын орталық әуежайында 28 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11-ге таман қонды. "Эйрбас А-320" ұшағы Мәскеуден шығып, Швейцария астанасы Женеваға жол тартып бара жатқан болатын. Ұшақта шамамен 170 адам болды, дейді "Сезнам" чех интернет сайты.

"Аэрофлот" компаниясының баспасөз-хатшысы Ирина Даненберг ұшу барысында экипажды кепілдікке алу әрекеті жасалды деді. ИТАР-ТАСС агенттігі мас болған жолаушы төбелес шығарған дейді, жарылғыш затым бар деп қорқытып, ұшақ бағытын өзгертуді талап етті деп хабарлады. ББС радиосы хабарлағандай, мұндай ақпаратты "Аэрофлот" компаниясының баспасөз-хатшысы Ирина Даненберг растаған, ол ресми өкіл бір жолаушының не алкогольдік ішімдіктен, не есірткіден мас болғанын айтқан.

Прага әуежайының өкілі Павлина Хайкова күндізгі сағат 11-ге таман ұшақтың осы әуежайға қонғанын айтып отыр. Бұл Астана уақытымен шамамен сағат 16.

- Сағат 11-ге таман Прага әуежайына кестеден тыс "Аэрофлоттың" "Эйрбас А-320" ұшағы қонды, ол Мәскеуден Женеваға ұшып бара жатқан болатын. Экипаж капитаны борт үстінде дабыл қаққан, - деді Павлина Хайкова.

Чехияның ЧТК ақпарат агенттігі Чехия полициясының президенті Владислав Хусактың сөзін келтіріп, күдікті азамат ұсталды дейді. Ұшақтағы жолаушылар Чехия билігің өкілдері келмей тұрып күдікті азаматты өздері ұстап, байлап тастаған, дейді "Сезнам" интернет сайтына Ресейдің Чехиядағы елшілігінің өкілі Александр Письменный. ББС радиосы ол кісіде ешқандай жарылғыш зат жоқ екен дейді. Интерфакс агенттігі Ресейдің Чехиядағы елшілігі бұл азаматтың аты-жөнін анықтап жатыр дейді. Чехия телекомпаниясы бұл азаматтың жанұясы қасында болған дейді, олар бұл кісінің не істеп не қоятынын білмеген.

Оқиға барысында экипаж мүшелері және жолаушыларға зақым келмеген. Ұшақ жолаушылары Женеваға барып жете алады делініп жатыр. Бас пәтері Прагада орналасқан "Азат Еуропа/Азаттық" радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Клейр Бигг Прага әуежайынан редакциямызға хабарлағандай, төтенше жағдай әуежай қызметіне теріс әсер еткен жоқ, кестедегі ұшақтар әдеттегідей келіп-кетіп жатыр. Чехия полициясы осы сағаттарда ұшақтағы жүкті тексеріп жатыр.
XS
SM
MD
LG