Accessibility links

Қазақстан кәсіпкерлікке жағдай жасалған 175 елдер тізімінде 62 орынды иемденді


Әлемдік банк және халықаралық қаржы корпорациясы «Doing Business 2007» деп аталатын есебін жариялады. Бұл құжатта іскерлікпен айналысуға жағдай жасалған 175 елдің тізімі бар. Қазақстан бұл тізімде 62-ші орында тұр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 20 сатыға жоғары. Рейтинг жасау кезінде компания құруға және салық төлеуге кететін уақытпен қаржы ескеріледі.

Ресми мәлімет бойынша, соңғы 4 жылда Қазақстан банктері берген несиелер бұрынғы жылдармен салыстырғанда 5 есеге өсіп 21 миллиард долларға жеткен. Бұл қаржының 24 пайызы саудаға, 15 пайызы өндіріске, 13 пайызы құрылысқа және 6 пайызы ауыл шаруашылығына берілген екен. Оның сыртында 2006 жылдан басталатын жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарлама талаптарына сәйкес, лицензия, яғни, арнайы рұқсатты талап ететін кәсіп түрлеріне жеңілдіктер ескерілді. Енді, лицензия саны 40-қа дейін азайды. Мысалы, адвокат, нотариус, қойма ұстау және тағы сол сияқты кәсіп түрлеріне лицензия қажет емес. Осылайша, инвестициялық климат біртіндеп жақсарып келеді деп хабарланады. Ал, «Мұнай-аспап кәсіпорнының» бас директоры Сейілбек Калаговтың айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту үшін, тексерушілер санын азайту керек:

- Қазір 54 мекеме тексереді. Республикадан, облыстан, қаладан, ауданнан 54-ті 4- ке көбейтіп көріңіз.

«Мұнай-аспап кәсіпорнының» бас директоры Сейілбек Калагов қазір шикізат саласында қызмет атқарып келеді. Ал, Қазақстан президенті Назарбаев бәсекеге сай ел болу үшін шикізаттан тыс салаларды дамыту керек деген. Астанадағы Еуразиялық университет профессоры Сергей Силиверстовтың айтуынша бәсекеге қабілетті болу жоспары шикізат бағыты арқылы емес инновация, ғылым арқылы деп қойылды, бастысы осы, дейді ол.

Еуразия университетінің ұстазы Абай Бөбеевтің айтуынша, ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлу керек:

- Мысалы, тоқырау заманында Қазақстанды тек шикізат қорында ғана ұстап келді, соның зардабын әлі шегіп келе жатырмыз. Мысалы, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі әлі артта қалып келе жатыр. Қазақстанда бұрын 7 консерві зауыты жұмыс істесе, қазір біреуі де істеп тұрған жоқ.

Ал, әлемдік банктің Қазақстандағы өкілі Педро Родригестің айтуынша, Қазақстанға қаржы қызметтерін, телекоммуникациялық және көлік саласындағы қызметтің сапасын жақсартып, әлемдік стандарттарға жеткізу керек. Бірақ, Қазақстанда ауыр индустрия және сүт өнімімен шоколад шығаратын кейбір кәсіпорындар Ресеймен бәсекеге түсе алады, дейді шетелдік экономист.

Астанадағы Еуразиялық университет профессоры Марат Ахметовтың айтуынша, Қазақстанда дамитын жолдары мол. Біріншіден елде ресурстар бар, екіншіден жағрапиялық орналасуы тиімді. Үстінде Ресей сияқты үлкен базар, астында Қытай базары және аймақтық базар бар, дейді ол.

Жергілікті экономистердің айтуынша соңғы 6 жылда жыл сайын елдің ішкі жалпы өнімі 10 пайызға көтеріліп келеді. Ал инфляция көрсеткіші 7-8 пайыз мөлшерінде. Өндіріс және сауда министрлігінің мәліметі бойынша көтерме саудаға Қазақстанның сауда серіктерінің көбейгендігі жақсы әсер еткен. Соңғы 5 жылда Қазақстан 80 елмен сауда жасаса, қазір 145 мемлекет Қазақстанмен сауда жасауға ынталы.
XS
SM
MD
LG