Accessibility links

АҚШ долларына қарағанда еуроның қолданыс кеңістігі кеңейіп барады


Валюта қорын негізінен доллармен ұстайтын елдер күн санап құлдырап бара жатқан АҚШ долларын ысырып қойып, құны керісінше көтеріліп келе жатқан еуроға көшуге әзір екендерін байқату үстінде. Өткен аптада Біріккен Араб Әмірліктері өзінің орасан мол валюта қорын, Ресей, Швейцария және Венесуэла сынды елдер сияқты, доллардан еуроға аударатынын жариялады. Мұндай хабар Қытайдың доллардан бас тартуы мүмкін екенін және әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы елдердің бірі болып табылатын Иранның да өткен аптада мұнай саудасында еуромен есеп айырысуға көшетінін мәлімдеген кезінде шығып отыр. Алайда қаржы-қаражат сарапшылары бірқатар себеп бойынша мұндай бетбұрыс доллардың құнына нұқсан келтіре қоймайды деп есептейді.

Ең алдымен Орталық немесе Ұлттық банктердің қаржы қорларын өзге валюталарға аудара бастаған әрекеті – еуро, ақыр аяғында, долларды дүниежүзілік валюта кеңістігінен біржола ығыстырады деген сенімнен шықпаса керек. Ұлттық банктер ондай әрекетке, инвесторлар сияқты, қаржы қорын құнсыздану қатерінен қорғау үшін істеп отырғанға ұқсайды. Оған қоса, тәулігіне триллиондаған доллар, оның ішінде бір ғана Біріккен Араб Әмірліктерінде шамамен 2 млрд. доллар сатылатын дүниежүзілік нарықта, өзге валютамен алмастырылған доллардың көлемі онша көп емес. Нарық кеңістігінің сұраныстарын зерттейтін IDEAglobal фирмасының қаржы сарапшысы Дэвид Пауэлдің (David Powell) пікірінше, “Орталық банктердің қаржы қорларын өзге валюталарға аудара бастаған нышаны байқалады, бірақ оның қарқыны өте баяу”.

“Бұл – доллардың жаппай құнсыздануының басталғанын аңғарта ма? –деп өзіне өзі сұрақ қойған Дэвид Пауэлл: “Мен олай деп айтпас едім”, -деп оған өзі жауап береді.

Оған қоса, сарапшылардың пікірінше, шетелдік банктердің қаржы қорларын өзге валюталарға аудара бастауы доллардың құнына ұзақ уақыт әсер етпейді. Халықаралық экономиканың Петерсен Институтының аға қызметкері әрі 20 жылдан астам уақыт АҚШ-тың Федералдық қор жүйесінің халықаралық қаржы директоры болған Эдвин Трумэннің (Edwin Truman) пікірінше, “жұрттың көпшілігі ол - доллардың айырбас бағамына ұзақ уақыт бойы әсер етіп тұра алмайды деп ойлайды”.

Араб Әмірліктерінің доллардан еуроға көшуге бел буғаны туралы хабар өткен аптада доллардың еуромен, британ фунтымен және жапон иенасымен арадағы айырбас бағамының тағы да арзандауына түркі болды. Өткен 2006-ншы жылы еуроның долларға шаққандағы бағамы 11 пайызға, ал ағылшын фунты тіпті 14 пайызға дейін қымбаттады. Бірақ, қаржы сарапшыларының пікірінше, бұл – доллар 2007-нші жылы одан әлдеқайда тез құнсызданады дегенді білдірмейді. Мысалға, Оңтүстік Корея халқының қаржы қорын өзге валюталарға аударуы мүмкін деген болжамның айтылуы 2005-інші жылдың ақпанында доллардың құлдыруына түрткі болды. Бүкіл наурыз айында 1 еуро 1.30 долларға сатылып келді. Бірақ жазға қарай еуроның бағасы 1.20 долларға дейін кейін шегінді де, жыл соңына дейін баға шамалы ғана құбылды.

Орталық банктердің доллардан дереу құтылуға бара қоймауына бір себеп – шет елдер өздерінің доллармен салған инвестицияларын құнсыздандырып алуы мүмкін. Қайсыбір мемлекеттің долларды еуроға айырбастаймын деп ойлауының өзі де доллардың құнсыздануына себеп болады да, өз кезегінде, АҚШ-тың құнды қағаздарын ұстайтын барлық шетелдік инвесторларға зиянын тигізеді.

Жапониядан кейін Американың қазыналық құнды қағаздарын мол ұстайтын әлемдегі екінші ел болып табылатын Қытай, мысалға, өзінің долларлық қорын өзге валютаға айырбастаудан бас тартты. АҚШ-тың қаржы министрлігі өзінің құнды қағаздары туралы тың мәліметті жариялайтын қазан айында құрлықтағы Қытайда АҚШ қазынасының 345 млрд. доллар құнды қағазы болды. 1 жыл бұрын оның көлемі 301 млрд. доллар болатын. Қытайдың жалпы валюта қоры 1 трлн. долларға тең, ал сарапшылардың есебі бойынша, оның шамамен 700 миллиардын АҚШ доллары құрайды. Доллар жаппай сатылатын болса, Қытай юанінің долларға шаққандағы бағамының қымбаттауын тоқтату қиынға соғады және ол, өз кезегінде, АҚШ-тағы қытай тауарларының бәсекелестік қабылетін күрт әлсіретеді. Доллар күрт құнсызданатын болса, Қытайдың валюта қоры да күрт қысқарады және Қытай банктерінің несие беру қабылеті төмендейді.

Америка Құрама Штаттарындағы нарық деректерін жинайтын “Global Insight” фирмасының бас экономисі Найджел Голттың (Nigel Gault) мәлімдеуінше, “доллар – әлі де болса дүние жүзіндегі № 1-інші валюта болып қалды және солай болып қала береді”.

“Еуро – бірте-бірте маңызды валюта болуға тырысады. Бірақ мен оның доллардан маңызды валютаға айналғанын көрмей отырмын”, - деп мәлімдеді Найджел Голт.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG