Accessibility links

2007 жыл Қазақстанның Украинадағы жылы болып жарияланды


2007 жыл Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Украинадағы Қазақстан жылы болып жарияланды. Бұл екі ел арасындағы экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту және Қазақстан мен Украина президенттері арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау мақсатында жүзеге асып отыр делінген ҚР президентінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерде. Осы жайында «Азаттық» радиосына берген сұхбатында сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мұхтар Кәрібай Қазақстан мен Украина елдерінің жақындай түсуі осы кезге дейінгі екі ел байланыстарының бай мазмұнға толы болуына байланысты деп отыр.

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мұхтар Кәрібай Украинада Қазақстан жылының жариялану әрекетіне Қазақстан ұстанып отырған диломатиялық дәстүрдің жалғасы болды деп баға береді. Ол екі ел арасында ежелден орнаған қатынастар әсіресе, соңғы жылдары биік деңгейге көтерілді дейді.

- Қазақстан мен Украинаның қарым-қатынастары қазір нығайып келеді. Мысалы, 2006 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында сауда-экономикалық байланыстар 971 миллион долларды құраған. Соның ішінде Қазақстаннан Украинаға көбінесе, минералды, отын-энергетикалық өнімдер шығарылса, Қазақстанға Украинадан машина құралдары мен әр түрлі құрылғылар импортталған. Бұл елдердің арасында соңғы кездері инвестициялық ынтымақтастық та дамып отыр, - дейді Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ Мұхтар Кәрібай келер жылы Қазақстанда Украина жылы жарияланып қалуы да мүмкін екенін айтты.

- Қалыптасқан дәстүрге қарайтын болсақ, алдымен Қазақстанның Ресейдегі жылы жарияланса, кейіннен Ресейдің Қазақстандағы жылы жарияланды. Сол сияқты биыл Қазақстанның Украинадағы жылы жарияланса, келер жылы Укранинаның Қазақстандағы жылы болып жариялануы әбден ықтимал, - деді ол.

Ал Алматы қалалық Украин мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Валентин Лейморенко бұл саяси шешімді қуанышпен қарсы алғанын жеткізді.

- Бізді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ішіндегі ең мықты мемлекеттің, яғни Қазақстанның Украинамен тығыз байланыс ұстауы қуантады. Бұл әрине, екі елдің достығын күшейте түседі. Қазір жергілікті украиндар Қазақстанда өздерін үйлеріндегідей сезінеді. Оны Халықтар Ассамблеясының жұмысынан көруге болады. Қазақстанда сондай-ақ, біздің қауымдастығымыз жұмыс істейді. Мұнда украин тілі мен мәдениетін дамытуға барлық жағдай жасалған десе болады. Біз қуанбағанда қайтеміз, - деді Валентин Лейморенко.

Ал саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек болса, Украинада Қазақстан жылының жариялануы Астананың экономикалық мүдделерімен байланысты болып отыр деп есептейді.

- Кеңестік кезеңдегі бүкіл өнеркәсіптік потенциал Ресей, Украина, Белоруссияның жерінде орналасқан болатын. Мұнымен қатар Украинада ұшақ ракета жасау кешендері бар. Мұның бәрінде Қазақстанның мүддесі бар. Қазақстан Украина рыногіне де қызыға қарайды. Қазір Укранина рыногі әсіресе, газды, онан кейін мұнайды қажетсініп отыр. Бұл жағдайды Қазақстан жағы дұрыс пайдаланғысы келеді. Мұның астарында сонымен қатар, Қазақстанның Украинаға инвестиция салу жоспары да жатуы мүмкін, - дейді саясаттанушы.

Қазақстанның қатысуымен бұған дейін де осы тәрізді атаулы жылдар болған еді. Мысалы, 2003 жылы Қазақстанда Ресей жылы жарияланса, 2004 жылы Ресейде Қазақстан жылы жарияланған болатын.
XS
SM
MD
LG