Accessibility links

Астана базарында шыққан өртте 3 адам қаза тапты


Бейсенбі күні Астанадағы автокөлік базарында шыққан өрт салдарынан 3 адам қаза тауып, тағы бірнеше кісіні күйік шалған.

Астанада қаласындағы «Сәлем» атты автокөліктің қосалқы бөлшектері мен құрылыс заттары сатылатын базарда қаңтардың 4-күні жергілікті уақыт бойынша түскі сағат екі жарым кезінде өрт шыққан. Өрт сөндіру қызметі келіп жеткенде базардағы пластиктен жасалған контейнерлер жалынға тез оралып, қою ащы түтін бүкіл маңайды алып кеткен. Өрт сөндіру қызметінің өкілдері көз аштырмас қалың түтін ішінде, базардағы қиқы-жиқы орналасқан сауда контейнерлерінде қалып қойған кісілерді құтқарудың оңайға түспегенін айтады. Өрт шыққан жерде әзірге 3 адамның мәйіттері табылды деп хабарлады бейсенбі күні баспасөз өкілдеріне Астана қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі департмент басшысы Жұмабай Ескендіров:

- Адамдар сол түтіннен тұншығып қалған, содан қаза болған секілді. Өрттің бір-бірінен тәуелсіз үш жерден шыққаны белгілі болып отыр, алайда нақты неден тұтанғанын кесіп айтуға әзірге ерте, оны анықтайтын боламыз, - деді Жұмабай Ескендіров мырза.

Бейсенбі күнгі бұл өртте күйік шалған 4 адам ауруханаға жатқызылған, қаза тапқан 3 адамның кім екендері әлі анықталған жоқ. Тілсіз жау «Сәлем» базарындағы 500 шаршы метр аумағындағы 100 тарта сауда нүктелерін жалмап қойған. Кейбіреулер өрттің тұтануына базардағы жылытқыштар себеп болуы мүмкін дейді. Өйткені, Арқаның аязды күндері базардағылардың көпшілігі электр тоғымен жылытқыштарды пайдаланған көрінеді. Сонымен бірге, өрттің 3 жерден тұтанғаны жайлы жорамалдан кейін, оның өзгедей себептері болуы да ықтимал екені айтылып жатыр. Қаладағы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өрттің нақты неден шыққаны мен оның келтірген зиян мөлшерін анықтауға кірісті.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG