Accessibility links

«Днепр» зымыран тасығышы қайтадан Байқоңырдан ұша бастайды ма?


Қызылорда облыстық мәслихат депутаттары мен осы аймақтан Парламентке сайланған депутаттар «Днепр» зымыран тасығышының Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырмау жөніндегі тиымның алып тасталғандығына наразылық танытып отыр. «Үкіметтің «Днепрге» қатысты шешімі 2006 жылғы маусымның 27-күні аталған зымыран тасығыштың Қызылорда аумағында апатқа ұшыраған соң қабылданған еді. Алайда Аэроғарыш комитетінің төрағасы Марат Нұрғожин бұл тиымның алып тасталғандығын мәлімдеген.

Қызылорда облыстық мәслихат депутаты Алмагүл Божанова өткен жылы апатқа ұшыраған «Днепр» зымыран тасығышын Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыруға қарсы шыққандардың бірі. Оның айтуынша, облыстық мәслихат депутаттарының «Днепрге» қатысты талаптары Үкімет назарына ұсынылған. Алайда билік басындағылар біздің пікірімізбен санаспай, аталған зымыран тасығышты Байқоңырдан ұшыруға шешім қабылдағаны қынжылтып отыр дейді Алмагүл Божанова.

- Облыстық мәслихат депутаттары Байқоңыр ғарыш айлағында «Днепр» зымыран тасығышының ұшырылмауын қалап отыр. Әзірге «Днепрді» пайдалануға рұқсат берілгені туралы ресми қағаз алғанымыз жоқ. Қайткен күнде де біз Үкіметке талап қоюдан бас тартпаймыз. Бұл мәселені шешу бізге байланысты еместігі қиын – барлығы жоғары жақтан шешіліп жатыр ғой.

Қызылорда облыстық мәслихат депутаттарымен қатар «Днепр» зымыран тасығышын Қазақстан аумағында пайдаланбау туралы талапты Парламент депутаттары да Үкіметке қойған болатын. Қызылорда облысы атынан сайланған Парламент депутаты Ұзақбай Қарамановтың айтуынша, бұл мәселеде Үкімет көпшіліктің пікірімен санаса бермейтіндігін көрсетіп отыр.

- «Днепрге» тиым салу туралы мәселені Парламентте көтерген едік. Алайда шешім қабылдайтын біз емес. Бірақ өз ұстанымыздан бас тартпаймыз, - дейді Парламент депутаты Ұзақбай Қараманов.

2006 жылғы маусым айының 27-күні «Днепр» зымыран тасығышы құлаған орынға ең жақын жатқан Көмекбаев ауылының тұрғындары бұл ақпараттан құлағдар болғанымен, аса бір алаңдаушылық танытып отырған жоқ дейді ауыл әкімі Рахман Нұрәлиев.

- «Днепр» зымыран тасығышына рұқсат бергендігін біз ақпарат құралдары арқылы естіп жатырмыз. Бұған қатысты ауыл тұрғындары арасында алаңдаушылық байқалмайды. Мұнда көптеген тексерулер жүргізілген. Әзірге апат салдарынан денсаулығынан айрылған ешкімді байқап отырғаным жоқ.

Қазақстан үкіметі маусымның 27-күнгі апаттан кейін «Днепр» зымыран тасығышының Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылуына тиым салған еді. Ал қаңтардың 8-күні ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитетінің төрағасы Марат Нұрғожин «Интерфакс» агенттігіне берген сұхбатында 2007 жылдан бастап бұл тиымның алып тасталғандығын мәлімдеген.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG