Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.09.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген баспасөз беттерінде дүйсенбі күні отставкаға кеткен Даниал Ахметов басқарған үкіметтің жетістіктері мен кемшіліктеріне баға беріліпті. Сондай-ақ, кейбір басылымдар Қазақстандағы этникалық фактордың саясатпен байланысы туралы мәселе көтеріпті.

Даниал Ахметов – Қазақстан тарихындағы үкіметті ең ұзақ басқарған адам деп жазады «Жас Алаш». Ол үкіметті 3 жыл 6 ай 26 күн басқарды. Оған дейінгі премьерлердің ешқайсысының ғұмыры үш жылға жетпеген. Сондай-ақ, сәрсенбі күні Парламент Палаталарының бірлескен отырысында, жаңа премьердің кандидатурасы ұсынылатынын алға тартқан «Жас Алаш», дауыс беру тек формальды нәрсе ғана екені түсінікті дейді. Осы орайда, басылым, дүйсенбі күні президент жаңа премьердiң кандидатурасын «Нұр-Отан» партиясының жетекшiлерiмен кездесуде талқылағанын атап өтіпті.

«Литер» және «Айқын» басылымдары Даниал Ахметов үкіметінің үш жарым жылдық қызметіне табысты деп баға беріпті. «Даниал Ахметовтің командасы отставкаға кетті. Жемісті түрде» деп жазады «Айқын». «2003 жылдың жазынан бері премьерлік тұғырда нық келген Даниал Кенжетайұлы мемлекет басшысы тапсырған нұсқауларды адал әрі тез арада орындаушылығымен есте қалады. Сол үшін де, «Айқынның» жазуынша, Даниал Ахметовке сарапшылар «мықты менеджер» деп айдар таққан.

«Литер» Даниал Ахметов үкімет басқарған жылдары елде өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқыны байқалды деп атап көрсетеді. Сондай-ақ, газеттің жазуынша, Қазақстанның жаңаша тарихында Даниал Ахметовтың есімі елдің индустриалды-инновациялық дамуымен, Каспий теңізінің қазақстандық секторының игерілуімен, тұрғын үй құрылысымен байланысты болмақ. Бұған қоса, «Литер» Ахметов үкіметі мемлекеттік бағдарламаларды жасап қана қоймай, оның алғашқы нәтижелерін көріп үлгерген жалғыз үкімет құрамы екенін алға тартады. Соңғы үш жарым жылда, ғарыштық және инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру, ғылымды реформалау, мектеп, жол, мұнай құбырларының құрылысы, «электронды үкімет» бағдарламасын енгізу секілді мәселелерге баса назар аударылды деп жазады «Литер».

«Zonakz» интернет сайтында саясаткер Петр Своик, Ахметов үкіметінің индустриалды-инновациялық бағдарламасы тек сөз жүзінде қалды дейді. Своиктің айтуынша, Ахметов премьер-министр болғаннан кейін, индустриалды-инновациялық бағдарлама қабылданатыны туралы ұзақ сөз болды. Бағдарлама ұзақ уақыт жасалып, ұзақ уақыт қабылданды. Бұдан соң, бағдарламаның қалай орындалатыны туралы біршама уақыт айтылды. Осылайша, Ахметов үкіметі үш жыл бойы индустриалды-инновациялық деген сөзді қайталаумен ғана болды. Ал нәтиже жоқ. Кей жерлерде, қандай да бір өндіріс орындары іске қосылды. Бірақ, шын мәнінде ішкі экономика жұмыс істей бастады деп айту қиын, - дейді Петр Своик «Zonakz» сайтында.

«Жас Алаш» басылымы, Қазақстанда этникалық факторды саясатен араластырмаған жөн деп жазады. «Ақиқатын айту керек, билiктiң қазiргi «ұлтаралық татулық орнаған, жүздеген ұлт пен ұлыстың айрандай ұйып отырған ел» деген ұстанымы, осы бағытта жүргізген үгіт насихат жұмыстары тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біршама жағымды қызмет атқарды. Бірақ, бүгінде этникалық топтық мүддеден гөрі, әлеуметтік мүдде басым тұрғаны анық. Алайда билік этникалық топтарды жiкке бөлiп, белгiлi бiр саяси мақсат үшiн пайдалануды дағдыға айналдыра бастағандай. Алдағы сайлауларда да жекелеген ұлттар мен ұлыстар атынан үмiткерлер арнайы аталуы мүмкiн. Егер осылай жалғаса берсе, жағдайдың ушығып кетпесiне кiм кепiл?» - деген сауал тастайды «Жас Алаш»

Ал, «Zonakz» интернет сайтында мемлекеттің ресми идеологтары елдегі ұлтаралық татулық қазіргі билік пен Президенттің еңбегінің арқасында деп жиі айтатыны тілге тиек етіледі. Бюджеттен қаржы алатын бұқаралық ақпарат құралдарында Назарбаев жүргізген сарабдал саясаттың арқасында Қазақстан азаматтық соғыс және өзге де қауіп- қатерлерден аман қалды деп ашық айтылады. Бұл пікір, оппозиция тарапынан жиі сыналғанымен, көптеген адамдардың санасына сіңіп барады. Бұған қоса, еуропа халқы Нұрсұлтан Назарбаевты тұрақтылық кепілі ретінде қабылдайтыны жасырын емес. Сондықтан да, елдегі славян және казак ұйымдарының қазіргі басқарушы режимді қолдайтындарына таңқалуға болмайды, - деп жазады «Zonakz» интернет сайты.
XS
SM
MD
LG