Accessibility links

Семейде гепатиттің А түріне шалдыққандар тіркеліп отыр


Қазіргі уақытта 70-ке жуық семейлік осы диагнозбен ауруханаға түскен. Алайда кең таралған мұндай ақпаратты ресми орындар жоққа шығарып, дәл қазіргі уақытта қанша адамның бұл аурумен ауырып жатқандығы жайлы нақты ақпарат бермей отыр.

Қазақстандық баспасөз беттері Семей қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына сілтеме жасап таратқан ақпаратта аталмыш ауруханада гепатиттің А түрінен 70 адам емделіп жатқанын хабарлады. Олардың арасында мектеп және бала бақша жасындағы балалар да бар екендігі айтылған. Алайда, қаңтардың 8-күні «Азаттық» тілшісіне Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансаның жұқпалы аурулар бөлімі меңгерушісінің орынбасары Станислав Казаков бұл ақпаратты жоққа шығарып: «Осыдан екі сағат бұрын бізге де жеткен жоғарыдағыдай мәлімет жалған болып шықты», деді.

Семей жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Серік Әткенов те «Азаттық» радиосы тілшісіне: «Тарап отырған ақпарат шындықа сай келмейді. Қазіргі жағдай туралы ешқандай мәлімет бере алмаймын. Өйткені, кейбір ақпарат құралдары менің айтпаған сөзімді айтты деп, жалған деректер келтірді. Менің міндетім - алдыма келген ауруды емдеу, оған диагноз қою. Бұл үшін мен әр уақытта жауап беремін. Ал сізге сұхбат беру, қанша адамның бұл дертпен сырқаттанып жатқандығы жайлы айту менің міндетіме жатпайды», деп, дертке шалдыққандар жайында нақты ақпарат беруден бас тартты.

Электронды баспасөз құралдары бетінде тараған ақпаратта аталған жұқпалы дерттің таралуына міндетті егу жұмыстарының уақытында жүргізілмегендігі, 40 адамға арналған Семей жұқпалы аурулар ауруханасында қазіргі уақытта 68 адамның жатқандығы, мұны эпидемиялық жағдайдың басы деп санауға болатындығы айтылған еді.

«Басқадай халық өміріне қауіп төніп, адам өмірі қатерге ілініп тұрса мен ақпарат беруші едім. Ал жоғарыдағы түкке қажеті жоқ бос сөз», деді Семей жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Серік Әткенов.

Мамандардың айтуына қарағанда, гепаттитің А түрі ішек індетіне жатады. Ол кәдімгі тұмау сияқты басталып, адамның ыстығы көтеріліп бас ауырады.
XS
SM
MD
LG