Accessibility links

Үкіметтің алмасуынан елдегі саяси топтардың қайсысы ұтады?


Үкіметтің ауысуы Қазақстан қоғамына қандай өзгерістер әкелмек? Жаңа үкіметтің басшысы елдегі саяси күштердің ара салмағына қалай әсер етуі мүмкін? Осы сауалдарға «Азаттық» радиосы қазақстандық бірқатар сарапшылардың пікірлерін білген еді.

Ел үкіметінің ауысуын қазақстандық сарапшылар көптен күткен кезекті кадрлық алмастыру деп бағалап отыр. Үш жарым жылдан астам Қазақстанның бас министрі болған Даниал Ахметовтың неліктен дәл қазір атқарушы билік басынан кетіп бара жатуының негізгі себебін тек қана президент біледі дейді «Тәуекелді бағалау тобы» сараптама ұйымының жетекшісі саясаттанушы Досым Сатпаев.

«Себебі, Қазақстанда болып жататын кадрлық ауыс-түйістер ең алдымен президенттің қалауы мен еркіне, ағымдағы саяси қажеттіліктерге байланысты жүргізіледі», - дейді Д.Сатпаев.

Сонымен бірге тағы бірқатар сарапшылар үкіметтегі бұл өзгеріс Қазақстан қоғамын алда өзгедей жаңалықтар күтіп тұрғанының нышаны болуы мүмкін деген ой айтады.

«Меніңше, президент, тіпті түбегейлі болмаса да, қандай да бір өзгерістерге баруға бел байлаған тәрізді. Қалай болғанымен де, үкіметтің отставкаға кетуі – ел басшылығының өзгерістерге жасауға әзір екені туралы Қазақстанның өз іші мен халықаралық қауымдастыққа белгісі», - дейді Алматыдағы «Альтернатива» зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарев.

Конституция бойыншаҮкімет басшысына үміткерді парламентке ұсынатын Қазақстан президентінің ендігі таңдауы кімге түспек? Сарапшылар президент Назарбаев өзінің бұрыннан келе жатқан әдісімен қоғамдағы барлық ықпалды күштердің арасалмағын тепе-тең ұстауға тырысады деген ортақ пікірге келіп отыр.

«Қоғамдағы қандай да бір жеке топты күшейту, әрине, басқа топтардың наразылығын тудырары анық. Ал президент дәл қазір оған мүдделі емес. Сол себепті, бұл қызметке бейтарап тұлға қойылуы мүмкін. Әйткенмен, бұл жерде Тимур Құлыбаевтың [президенттің екінші күйеу баласы] тобының шақ-шамасын жете бағаламауға болмас. Бұл топ үкіметке өз ықпалын орнатуды бұрыннан көксеп жүр», - дейді Досым Сатпаев.

Қазақстандық кейбір ақпарат құралдарында бас министр қызметіне Ахметовтың кабинетінде вице-премьер болып істеген Кәрім Мәсімов ұсынылмақ екені жайында болжамдар айтылып отыр.

«Егер Мәсімов тағайындалса, бұл онсыз да мықты Құлыбаевтың позициясы күшейеді деген сөз. Онда биліктің өз ішіндегі тепе-теңдікті сақтау үшін Мәсімовке байланысты президенттің стратегиялық әдісін қолдануға тура келеді», - дейді Алматыда орналасқан Еуразиялық саяси зерттеулер орталығының директоры Рүстем Лебеков.

Ал саясаттанушы Досым Сатпаев болса, елдегі билік жүйесі қандай да бір топтың үстемдік алып кетпеуін бақылауда ұстап отыр деп санайды.

«Кейбір бағыттар бойынша, әсіресе саясат саласында, айталық, ұлттық компанияларды бақылау ісінде, Қауіпсіздік кеңесі мен президент әкімшілігі үкіметтен де жоғары тұрады. Сондықтан, жаңа бас министр кім болса да, егер ол ашықтан ашық жекелеген топтың мүддесіне ғана тарта беретін болса, оның өзіне және әлгі топқа кері салдары болуы мүмкін», - дейді Досым Сатпаев.

Отставкаға кеткен үкімет былтыр парламентте бекітіп алған 2007 жылға арналған бюджетті іске асыру енді келер кабинеттің міндеті болмақ.

«Бас министр болып кім келсе де, жаңа кабинет президенттің қолдауын алған бұрынғы үкіметтің әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдарламасын жалғастыра береді», - дейді Д.Сатпаев.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа үкіметке алғашқы кезеңде бұрынғы кабинеттің тұсында қойылған міндет-мақсаттарды жүзеге асыруға тура келеді. Оның назары көбінесе экономикалық салада болады дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев

- Ал елдегі ішкі саяси қызмет негізінен президент әкімшілігінен басқарылып, бағытталып отырады. Сондықтан, бұл салада айтарлықтай өзгеріс болмайды, - дейді қазақстандық сарапшы.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG