Accessibility links

Иран елі газ тапшылығын тартып отыр


Мұнай мен табиғи газдың мол кенішіне ие екендігіне қарамастан Иран елі газ тапшылығына душар болып отыр. Атап айтқанда елдің 11 аймағында газбен қамтамасыз ету не жартылай, не мүлдем тоқтап қалған. Бұл жағдай экспортқа да кері әсерін тигізген.

Иранның Ұлттық газ компаниясы қаңтардың 2-сі күні арнайы мәлімдеме жасады. Онда компания ирандықтарды, оның ішінде Техран тұрғындары да бар, газды үнемді пайдалануға шақырып, олай болмаған жағдайда газсыз қалатындарын ескертті. Ресмилер бұл проблема үшін газ тұтынудың өсе түскендігін және жобалардың кешігуін айыптауда. Мұнай министрінің орынбасары Хасан Касайдың айтуынша, өткен қыспен салыстырғанда газ тұтыну деңгейі 45 пайызға өсе түскен. Ел бойынша 11 аймақты газбен қамтамасыз ету жартылай немесе толық тоқтатылған екен. Иран сонымен бірге қаңтардың 3-7-сі күндері Түркияға газ экспортын да тоқтатып тастаған болатын.

Иранның батысында энергия тапшылығы халықтың наразылығын туғызды. Күрдістанның Саққиз деген елді мекенінде тұрғындар қаңтардың 4-і күні, аймақтық үкімет кеңсесінің алдына жиналып, сегіз күндік газсыз өткерген тұрмыстарына наразылық білдірді. Осы жерден 200-дей шерушілер қала кеңесі ғимаратына қарай шерулетіп, содан кейін орталық алаңға бет алған. Оған дейін шерушілер саны бір мыңға жеткен екен.

Саққиз және Банехтен парламентке сайланған депутат Фахридин Хейдари Ирақ президенті Махмуд Ахмадинежадқа жағдайды талдап, арнайы хат жолдаған болатын. Депутаттың жазуынша, жылу жүйесінің газдың жоқтығынан істен шығуына байланысты бір отбасында бес адам қаза болған екен. Ол сондай-ақ ирандықтарды газсыз қалдырып, бұл табиғи отынды Иранның қарсыластары жағына шыққан мемлекеттерге жөнелтіп жатыр, деп ресми билікті айыптады.

Осы Күрдістан аймағының Санандаж елді мекенінен сайланған келесі депутат- Әмин Шабани. Егер газбен қамтамасыз етудегі проблемалар одан әрі жалғаса беретін болса, онда Иран Мұнай министрі Казем Вазири- Хаманиді парламентке шақырып, сауалдар астына алу керек, деп ұсыныс айтуда.

Газ тапшылығы негізінен Күрдістан және солтүстік-батыстағы Занжиан, сондай-ақ Шығыс және Батыс Әзірбайжан аймақтарына едәуір қиындықтар әкелген. Сарапшылардың айтуынша, президент Ахмадинежадтың сайлау алды науқанында уәде еткендеріне қазіргі жағдай мүлдем қарама-қайшы болып отыр. Тұрғындардың үйіне газды кіргізіп, оларды мұнайдан түскен байлыққа қарық ету жөніндегі уәде орындалмады, дейді олар. Депутат Шабани сондай-ақ елдегі қажеттілік толық өтелгенге дейін газ экспортын тоқтатып қоюға шақырды.

Осы аптада жағдай біршама түзелген сияқты. Депутат Шабанидің айтуынша, келесі бір суық күндер толқынында елдің салқын аймақтарында тұратын халықтың отын тапшылығына ұшырауының 100 пайыздық ықтималдығы бар көрінеді. Жылу жүйесі тапшылығынан құтқару жөнінде берген уәдесінің жартысын ғана орындады, деп депутат Шабани мұнай министрін айыптауда. Ол сондай-ақ, осы қиын түйіннің дұрыс шешілмеуіне байланысты президент әкімшілігін де сынға алуда.
XS
SM
MD
LG