Accessibility links

Көкшетаулық «Степной маяк» газетінің журналистері биліктің шешіміне наразы


90 жылға жуық тарихы бар кокшетаулық "Степной маяк" газетінің журналистері қала әкімшілігінің осы газетке бас редакторы қызметіне жаңа атқарушыны тағайындау туралы шешімімен келіспей отыр. Егер бұл адам бас редактор болса, газеттің шығармашылық ұжымының түгелдей жұмыстан кететіндігін жеткізді "Азаттық" радиосына "Степной маяк" газетінің жауапты хатшысы Мадина Жусупова. Ал Ақмола облыстық әкімшілігі газетке жаңа редактордың тағайындалып, мәселенің толықтай реттелгендігін айтып отыр.

Қаңтардың 11-і күні көкшетаулық «Степной маяк» газетінің кезекті санын оның уақытша шығармашылық ұжымы қала әкімшілігімен бірнеше келіссөздер жүргізгеннен кейін жарыққа шығарды. Себебі, егер газеттің бас редакторына қатысты мәселе оң шешімін таппаса, өздерінің жаппай жұмыстан кететіндіктерін айтады газеттің жауапты хатшысы Мадина Жусупова.

«Алдыңғы редактор жұмыстан кетісімен сол орынға конкурс жарияланды. Осыған орай хабарлама жарық көріп, бір апта өткен соң, бізде редактор қызметін атқарушының бар болғанына қарамастан, қала әкімшілігі бұл орынға басқа адамды алып келді. Ол адамды жақсы танимыз. Оның жеке қасиеттеріне де, кәсіби деңгейіне де көңіліміз толмайды. Сондықтан, қала әкімшілігінің шешімімен келіспейтіндігінімізді білдірдік», - дейді журналист Мадина Жусупова.

Наразылық ретінде шығармашылық ұжым, яғни, 7 журналист жұмыстан кету туралы өтніш жасаған. Бірақ, әкімшілік жүргізген келіссөздерден кейін журналистер бас редактордың қызметіне орай жарияланған конкурс аяқталғанша газетті шығаруды тоқтатпауды ұйғарыпты. Ал газеттің бас редакторы қызметін атқарушы болып тағайындалған Сергей Харитоненко жалпы ұжыммен ешқандай қайшылықтарға бармағанын айтады.

«Бұл тек жеке қарым-қатынастарға байланысты нәрсе. Менің жалпы ұжыммен араздығым болған жоқ. Ал осы ұжымның кейбір өкілдерінің өздерінің кінәсінен бұрын менімен келіспеушіліктері болған рас. Қазір бұл мәселе шешілді», - дейді «Степной маяк» газетінің бас редакторы қызметін атқарушы Сергей Харитоненко.

Газеттің бас редакторы қызметіне әкімшілік жариялаған конкурс қаңтар айының 28-інде аяқталуы тиіс. Содан кейін сараптау жүргізіліп, басылымның жаңа басшысы анықталады, сол конкурс нәтижелері біздің пайдамызға шығады деп үміттенеміз дейді газеттің жауапты хатшысы Мадина Жусупова.

Ал бұл кезде Ақмола облысы әкімшілігінің баспасөз қызметінен қала әкімі мен қалалық мәслихат көмегімен жарыққа шығатын газеттің бас редакторына қатысты мәселе шешімін тауып, бас редакторы анықталғандығын айтып отыр.

«Журналистердің жеке амбициясынан туындаған мәселе. Оларға бас редактор ұнамай қалды. Қазір бұл мәселе шешілді. Бас редакторы – Сергей Харитоненко. Журналистердің барлығы – жұмыста. Бүгін нөмірді шығарды».

Әзірге Қазақстанда газет құрылтайшылары шығармашылық ұйымның басшысын тағайындауда өз беттерінше әрекет етеді, олар журналистердің пікірін ескермейді дейді «Әділ сөз» қорының төрайымы Тамара Калеева.

«Әлбетте, бұл орайда біз келешекте өркениетті формаларға, яғни, меншік иесі мен ұжым арасында жасалатын уағдаластықтарға қол жеткіземіз деп ойлаймын.Онда ұжымның бас редакторды таңдауға ықпал ете алу мүмкіндігі көрсетілуі тиіс. Себебі, журналистердің жәй ғана бригаданы емес, шығармашылық ұжымды жасақтайтынын ескерген жөн», - дейді Тамара Калеева.

«Степной маяк» газеті - 1920-шы жылдан бері жарық көріп келе жатқан апталық басылым. Қазіргі таңда көкшетаулық газеттің таралымы 9700 дана.
XS
SM
MD
LG