Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалар саны тағы өсті


Оңтүстік Қазақстан облысында тағы үш балада ВИЧ инфекциясы диагнозы расталды. Сөйтіп олардың саны 87-ге жетті. Ал облыс тұрғындарын ВИЧқа қарсы тексеру жұмыстары әлі жалғасуда.

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаменті баспасөзбен байланыс бөлімінің қызметкері Айжан Омарованың айтуынша, Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының зертханасы аталмыш облыстың Қазығұрт ауданы мен Түркістан қаласының үш баласына қатысты ВИЧ инфекциясы диагнозын растаған. Бүгінгі таңда облыста осы дертті жұқтырғандардың жалпы саны 87 болды. 8-і түрлі сырқаттардан көз жұмса, 1-еуі шет елдіктер асырауына берілген. Сондай-ақ бойынан аталмыш дерттің қоздырғыштары табылған аналардың саны - 12.

«Індет жұқтырған балалардың 27-сі арнайы ем қабылдауда. Олардың 5-і қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында, 1-еуі туберкулезге қарсы диспансерде, 21-і үйінде ем қабылдап жатыр. Сонымен қатар антиретровирустық ем қабылдап жатқан 24 бала бар», дейді Айжан Омарова.

Өткен жылдың соңында Оңтүстік Қазақстан облысының мамандары Қазығұрт ауданында қатерлі дерттің екінші ошағын анықтап, аудандағы ауруханада облыстық балалар ауруханасынан иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған бүлдіршін емделгендігі туралы айтқан болатын. Алайда, бүгінгі анықталған үш сәбиге індет қалай жұққаны қазірге белгісіз, дейді Айжан Омарова. Оның айтуынша, қазір балаларға індет қайдан, қалай жұққанын анықтау мақсатында тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыста ВИЧ індетінің жаппай таралуына орай қозғалған 46 томнан тұратын қылмыстық іс таяу уақытта Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық сотында қаралатын болады. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық соттың баспасөз хатшысы Ғалымжан Қасымбеков айтты.

«Іс қаңтардың 8-і күні іс әл-Фараби аудандық сотына жіберілген болатын. Қазіргі таңда істі қарауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді Ғалымжан Қасымбеков.

Қатерлі дерттің таралу оқиғасына қатысты 28 қылмыстық іс қозғалып, оның 25-і бір өндіріске біріктірілген еді. Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық іс ҚР қылмыстық кодекстің бірнеше баптарын қамтиды. Атап айтқанда 316-бап бойынша - «өз ісінде салақтық жіберу», 311-бап – «пара алу», 177-бап – «алаяқтық» және тағы басқа да баптар бойынша 21 адамға айып тағылған еді. Сондай-ақ, тергеу барысында ауру ата-аналарды алдап қан немесе дәрі-дәрмек сату фактілері анықталған. Қылмыстық іс қозғалғандардың ішінде бір медбике мен бір дәрігер бар. Қалғандары облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы басшысы мен оның орынбасарлары, жұқтырудың негізгі көзі болған облыстық және қалалық балалар ауруханасының бас дәрігерлері мен олардың орынбасарлары сынды лауазымды тұлғалар.

Мамандар бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысында қатерлі індетке шалдыққандар санының әлі де өсу мүмкіндігін алға тартқан болатын. Өйткені, ВИЧ індетін жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 300-ден астам бала әлі күнге табылған жоқ. Көрсетілген мекен-жайларда жоқ болып шыққан балаларды таба алмаған полицейлер мүмкін олар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 445 бұйрығына сәйкес жасырын түрде ем қабылдаған болулары мүмкін дейді.
XS
SM
MD
LG