Accessibility links

Президент Орталық сайлау комиссиясының төрағалығына Қуандық Тұрғанқұловтың кандидатурасын ұсынды


Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарған Оңалсын Жұмабеков президенттің жарлығымен президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Енді алдағы сәрсенбіде Мәжіліс депутаттары Орталық сайлау комиссиясының жаңа төрағасына дауыс беретін болады. Ал жұма күні Мәжілістің сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитеті Орталық сайлау комиссиясының төрағалығына президент ұсынған кандидатураны талқылады. Ол осыған дейін Орталық сайлау комиссиясының төраға орынбасары қызметін атқарып келген Қуандық Тұрғанқұлов.

Оңалсын Жұмабеков Орталық сайлау комиссиясы төрағасы болып екі жыл ғана қызмет атқарды. Ал Конституцияға сәйкес Мәжіліс депутаттары бес жыл мезгілге дауыс береді. Оңалсын Жұмабеков өзінің қызметінен кетуін «Азаттық» радиосына былайша түсіндіреді:

– Президенттің ұсынысы мен менің ниетім бір жерден шықты деп айтуға болады. Президент әкімшілігіне жұмысқа Елбасы шақырып отыр. Бұл құқықтық саланың мәселелері. Ол тікелей менің мамандығыма да бұрынғы тәжірибеме сәйкес. Сондықтан да әрине бұл жұмысқа өзім ынтаммен бара жатырмын.

Оңалсын Жұмабековтің тұсында Қазақстанда ең ірі сайлаулардың бірі – 2005 жылдың желтоқсан айында президент сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде 91 пайыз дауыспен қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткен болатын. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы президент сайлауы халықаралық талаптарға сай өткен жоқ деп баға берсе, шетелден келген бірқатар байқаушылар сайлау нәтижесі Кеңес заманын еске түсіреді деген болатын. Ал Оңалсын Жұмабековтің өзі екі жылғы жұмысына жоғары баға береді:

– Айта кететін маңызды жасаған жұмысымыз әрине, 2005 жылғы желтоқсан айындағы Елбасының кезекті сайлауын өткізу. Менің пікірім ғана емес, халықтың пікірі, шетелден келген байқаушылардың пікірі бойынша Елбасы сайлауы өте жоғары деңгейде өтті. Түгел сайлау жүйесінің жұмысы жоғары дәрежеде жасалды деп айтуға болады.

Ал осы сәтте Мәжілістің сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитеті Орталық сайлау комиссиясының жаңа төрағалығына ұсынылған кандидатураны талқылап жатты. Ол осыған дейін Орталық сайлау комиссиясының төраға орынбасары қызметін атқарып келген Қуандық Тұрғанқұлов. Алдағы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бұл кандидатураны дауысқа салатын болады. Ал Қуандық Тұрғанқұловтың өзі депутаттардың сынынан өткенше, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап бермеймін деді. Ал Сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің төрағасы Сергей Жалыбин Қуандық Тұрғанқұловтың сайлау жүйесіндегі біліміне қанағаттандық дейді.

Сергей Жалыбиннің айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің құрамы да өзгереді. Ол алдағы Мәжілістің жалпы отырысында белгілі болады дейді.

Ал көпшілік түгілі Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшынбаев Орталық сайлау комиссиясының төрағалығына президент ұсынып отырған кандидатура Қуандық Тұрғанқұловты жақсы білмейтіндігін айтты. Зейнолла Алшынбаевтың пікірінше, демократиялық реформалар жүргізу үшін ең алдымен Орталық сайлау комиссиясының жұмысы ашық болуы керек:

– Демократиялық принциптердің орнығуына Орталық сайлау комиссиясының қызметі өте үлкен рөл атқарады. Біздегі ең бір үлкен кемшілік сайлау комиссиясының қызметтері. Осылардың қызметтерінің біз үшін ашықтығы керек. Еш нәрсені халықтан жасырудың қажеттілігі жоқ. Алдымыздағы мәслихат, 2009 жылы өтетін Мәжіліс депутаттарының сайлаулары барлығы да ашық түрінде өтуі керек. Қажет болатын болса, партия, қоғамдық ұйымның мүшелерін де қатыстыру керек. Сонда ғана азаматтық қоғам құруға сол арқылы қызмет жасай аламыз.

Ал Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов биліктегі өзгерістерді демократиялық реформаларға қадам деп айтуға болмайды дейді:

– Үлкен реформалар туралы айту әлі ертерек шығар.
XS
SM
MD
LG