Accessibility links

Шаңырақтағы қақтығысқа байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталды


Қаңтардың 12-күні Алматы қалалық сотында былтыр жазда Алматы қаласындағы Шаңырақ кентінде полиция күштерімен қақтығыста қылмыстық әркекеттер жасаған деп айыпталғандардың үстінен қозғалған іс бойынша оларға қарсы сот басталды. Бұл күні Алматы қалалық соты ғимаратындағы 300 адамға шақталған сот залында бос орын болған жоқ. Соттың алғашқы отырысында-ақ айыпталушылардың бірқатары сот құрамына сенімсіздік танытып, бұл істің алқа билер сотында қаралуын талап етті. Алайда, сот төрағасы Адайбек Бейімбетов әлгіндей талаптың заңға қайшы екендігін айтып, оны қанағаттандырмай тастады. Сот төрағасының қаулысына келіспейтіндігін білдірген айыпталушы Арон Атабекұлы талап орындалмаған жағдайда сот отырысына келуден бас тартатындығын мәлімдеді.

Өткен жылдың ең маңызды оқиғаларының біріне айналан «Шаңырақ қақтығысына» байланысты бұл сот процесі 26 адамға қарсы қозғалған қылмыстық істі қарайды. Олардың бесеуі ҚР Қылмыс Кодексінің 96-бабы бойынша адам өлтірген деген күдікпен істі болып отыр. Алты айға созылған тергеу амалдары нәтижесінде 72 томдық материал жиналыпты.

Жұма күнгі соттың алғашқы отырысы айыпталушылардың жеке бастарын анықтаудан басталды. Бұл іс бойынша сотқа тартылып отырғандардың дені Шаңырақ ықшам ауданындағы «сай» тұрғындары. Күдіктілердің екеуі - әйел. Ал айыпталушылардың ең жасы 19-да.

Жауапқа тартылушылардың жеке бастарын анықтап алған соң сот төрағасы Адайбек Бейімбетов олардың талап-тілектерін сұрады. Айыпталушылардың бірқатары осы іс бойынша тергеу амалдарын жүргізген кісілердің сот залына шақыртылуын талап етті. Тараптар қарсы болмаған соң сот төрағасы бұл талапты қанағаттандырды.

Айыпталушылардың бірі, елде ресми тіркелмеген «Алаш» партиясының төрағасы Арон Атабекұлы осы қылмыстық істің Алқа билер сотында қаралуын сұрады.

- Өйткені, сот - ауқымды. Бұл соттың қазіргі құрамына менің көңілім толмайды, - деді Арон Атабекұлы.

Бұл пікірді басқа да айыпталушылар қолдап шықты. Екі сағатқа созылған үзілістен соң сот төрағасы Адайбек Бейімбетов айыпталушылардың бұл талабы орындалмайтындығын жеткізді.

- Себебі, «Алқа билер соты туралы» заң 2007 жылдан бастап күшіне енді. Бұл уақытта қаралып отырған іс бойынша тергеу аяқталып қоған болатын. Заң бойынша істің алқа билер сотында қаралуы тергеу процесі кезінде анықталады, - деді сот төрағасы.

Бұл тұжырыммен келісе алмайтындығын білдірген Арон Атабек талап орындалма сот залына келуден бас тартатындығын білдірді. Ал сот төрағасы болса сот процесіне қатысу-қатыспау әр азаматтың өз қалауы екендін, бұл жағдайда сот айыпталушының адвокатының қатысуымен жалғаса беретіндігін жеткізді.

Ал бұл уақытта адвокаттар сот процесіне жәбір көрушілердің барлығын қатыстыру керек деген талап қойды. Алайда сот төрағасы мыңдаған адамды сотқа шақырудың қажеті шамалы екендігін, сот процесіне жәбір көрушілердің өкілі ғана қатысатындығын айтты.

Сонымен қатар, жақтаушылар тергеу барысында заңсыз соғылған үйлерді бұзу ісі заңды ма деген мәселе қаралмағандығын атап көрсетіп, осыған қатысты 115-ші атқару өндірісін іске қосуын сұрады. Прокурор Бауыржан Оспанов адвокаттардың бұл талабымен келіседі. Алайда, жақтаушылардың сұрауы бойынша айыпталушылардың жақындары мен ұйым өкілдерін қоғамдық қорғаушылар ретінде сотқа қатыстырудың қажеті жоқ, деді прокурор.

Бұл мәселе қаңтардың 23-іне белгіленген келесі сот отырысында қаралмақшы. Ал қаңтардың 12-күні таңертеңгі сағат онда басталған алғашқы сот отырысы сегіз сағатқа созылды.

Сарапшылар тергеу материалдарының ауқымдылығына байланысты «Шаңырақ оқиғасына» қатысты сот кем дегенде алты айға созылуы мүмкін екендігін айтады. Айыпталушылардың жақындары болса сот әділ өтсе деген пікірде.

- Осы уақытқа дейін баламды маған көрсетпей келді. Қазір ғана оның тірі екенін көріп, көңілім орнына түсіп отыр. Тек қана сотқа сеніп отырмын, - дейді айыпталушылардың бірінің әкесі Нүсіп Сүйіндіков.

Алайда «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің төрағасы Дос Көшім сот шешімі қатаң болуы мүмкін екендігін айтып отыр.

- Бақайдағы екі жас азаматтың сотталғанын еске алсақ, сот қатал болатын сияқты. Себебі, дәл осындай жағдай қайталанбас үшін басқаларға сабақ болуды ойлайтын секілді.

2006 жылы Алматының шетіндегі Бақай ауылындағы заңсыз соғылған үйлерді бұзу кезінде баспана шатырына шығып алып, полицейлерге қарсылық көрсеткен екі азамат екі жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Ал Бақайдағы 300-ге жуық үйдің бұзылуынан бір апта өткен соң, өткен жылғы шілденің 14-күні Шаңырақ ықшам ауданының тұрғындары заңсыз соғылған үйлерді бұзуға барған полицияға қарсылық көрсетіп, содан туындаған қақтығыс кезінде өртке оранған бір полицей қатты күйіктен кейін ауруханада жатып қаза болған еді. Осы оқиғадан соң жүзден астам шаңырақтықтар тергеу амалдарына тартылып, қылмыстық іс 2006 жылдың соңында сотқа тапсырылған болатын.
XS
SM
MD
LG