Accessibility links

Қазақстанның мемлекеттік органдарындағы басқарма шенеуніктерінің саны азайтылып, мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы көбеймек


Қазақстан президенті Назарбаев осы жұмыстарды жүзеге асыруға септігін тигізетін «Республиканың мемлекеттік басқару жүйелерін модернизациялау шаралары жөніндегі» қаулыға қол қойды. Бұл туралы Астанада қаңтардың 15 күні премьер-министр Кәрім Мәсімов үкімет кеңесінде хабарлады. Ал сыншылардың айтуынша бұл реформаның кесірінен керісінше кәсіби мамандар қысқарып қалуы мүмкін.

Әкімшілік реформаларға арналған жиналыста хабарланғандай, әкімшілік реформаларға орай 4 жұмыс тобы құрылды. Олар мемлекеттік қызметтің нақты сатыларын анықтауы тиіс. Мемлекеттік органдарды ықшамдау жұмыстарының жүргізіліп келе жатқандығына 5 жыл болғанына қарамастан кейбір функциялардың қайталануы әліде кездеседі, дейді үкімет өкілдері. Осылайша, кәсіби ықшамды үкімет құру жоспарланып отыр. Сонда ол туындаған сұрақтарды жедел шешетін болады, деп хабарланған. Әкімшілік реформалар жобасына сәйкес мемлекеттік қызмет сапасы әлеуметтік сауалнама өткізу арқылы тексеріледі. Ресми ақпаратқа сәйкес бұл реформалар шет елдердің тәжірибесінен алынған. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Зауытбек Тұрысбековтың айтуынша бұл реформада шенеуніктер емес мемлекеттік қызметтегі жұмыс орындары қысқарады:

- Функционалдық сараптама жасалып болғансоң тек жұмыс орындары қысқарады, адам қысқармайды.

Парламент мәжілісінің депутаты Амангелді Айталының айтуынша бұл реформа нәтижесі адамдарға байланысты:

- Адамдық факторға байланысты, кім қысқарады кім қалады. Және осы идеяның сол адамдардың игергеніне іскерлігіне байланысты.

«Нағыз Ақ жол» партиясының Астанадағы бөлімінің төрағасы Уалихан Қайсаровтың айтуынша, бұл реформада кәсіби мамандар азайып қалуы мүмкін:

- Мемлекеттік қызметке алған кезде тестілеуден өтеді. Кейбіреулер болады 100 пайыз алады. Бірақ, собеседование кезінде 40-50 пайыз алғандар өтіп кетеді. Телефон арқылы келісіп алады өздері. Сосын нағыз мамандар жұмыссыз қалады.

Бұған дейін Мәсімов айтып өткендей, қазір жеке меншік секторда әсіресе шикізат және телекоммуникациялық салалардағы еңбекақы жоғары болып тұр, тіпті халықаралық стандарттармен салыстырғанда, ал мемлекеттік қызмет бұған бәсеке жасай алмай отыр. Ресми мәлімет бойынша мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын көтерудің мақсаты жемқорлықты азайту. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Зауытбек Тұрысбековтың айтуынша реформаның арқасында шенеуніктердің еңбекақысы көтеріледі:

- Енді бос орындардың бәрі қысқартылады келешекте. 30 пайызға дейін деп едікқой, соның ақшасы қалған мемлекеттік қызметкерлерге бөлінеді. Соның есебінен айлық көтеріледі.

Парламент мәжілісінің депутаты Амангелді Айталының айтуынша бұл реформа тиімді:

- Біріншіден, материалдық жағынан ынталандырып жемқорлықты азайтуға жәрдемдеседі. Екіншіден, шенеунік көп болған сайын жұмыс көп бітеді деген соз емес, керісінше қағаз көбееді. Сондықтан мүмкін қағазда ықшамдалар.

«Нағыз Ақ жол» партиясының өкілі Уалихан Қайсаров бұл реформаның жүзеге асуына күмән келтіреді.

- Әкімшілік реформа деген бұрыннан қажет нәрсе. Президент 7 жыл болған шығар өзі көтеріп жүргеніне. Бірақ, қазір Қазақстанда ондай реформа өте алмайды. Біз білемізғой қай министрлікке қай департаментке барсаң кілең жас қыздар отырады. Оларды қалай жұмысқа алды, ол бөлек сұрақ. Бірақ, өкінішке орай кез келген мемлекеттік органды алсаңыз жұмыс істейтін адамдар аз, нағыз өз жұмысын білетіндер. Менің қорқатыным, егер штатты қысқартамыз дегеннен кейін мына әр органдағы «жұмыс жылқылары» барғой соларды мүмкін қысқартып тастайтын шығар.

Премьер Кәрім Мәсімов хабарлағандай, әкімшілік реформалардың негізгі мақсаты - ең таңдаулы қызметкерлерді мемлекеттік органдарға тарту. Бұған дейін хабарланғандай, министрлердің құқықтары кеңейтілетін болады. Бұдан былай министр бір қызметкерге 3 адамның еңбекақысын төлеуге немесе 3 адамға бір адамның еңбекақысын беруге құқылы болады.
XS
SM
MD
LG