Accessibility links

БҰҰ-ның адам хұқтары бойынша өкілдері Иранды 7 арабты өлтірмеуге шақыруда


БҰҰ-ның адам хұқтары бойынша үш өкілі Иранды елдегі ұлты араб болған 7 адамды өлтірмеуге және оларға байланысты әділ сот өткізуге шақыруда. Әлгі 7 кісіге АҚШ пен Британия күштерінің Ирақтағы жаттығуларынан кейін үкіметті құлатпақшы болды деген айыптар тағылған. БҰҰ мамандары мен адам хұқтары жөніндегі ұйымдардың айтуынша, Ирандағы арабтарға қатысты өткен сот халықаралық стандарттарға сай келмеген және олар өлім жазасына кесілген.

Иран билік орындары ол арабтардың туыстарына «өлім жазасы бірнеше күннен кейін іске асырылады» деп айтыпты. Бұл туралы өткен аптада БҰҰ-ның баяндама жасаушылары хабарлады. Өлім жазасына кесілген 7 араб өткен жылы маусым айында Хузестан өлкесінде қамауға алынған бір топ арабтардың арасында болған. Тұтқындалған арабтарға үкіметке қарсы әскери әрекеттерді жоспарлады деген айыптар тағылған тұғын.

Қараша айында Иранның Жоғарғы соты 10 ирандық арабқа шығарылған өлім жазасын растаған еді. Сот төрағасының айтуынша, олар Хузестан астанасы Ахвазда бомбаларды жарды деген айып бойынша айыпты деп табылған.

Ал 10 күн өтіп Хузестан телеарнасынан әлгі арабтар қылмыстарын мойындады делінген бейнетаспа көрсетілді. Онда ирандық арабтар жарылыстарға қатысымыз бар және шетелдіктермен байланысқанбыз деп мойындаған. Бір айдан кейін адам хұқтары бойынша ұйымдардың өлім жазасы тоқтатылсын деген шақыруларына қарамастан 10 арабтың үшеуі өлтірілген болатын. «Amnesty International» ұйымының айтуынша, олардың мәйіттері жерлеу үшін туыстарына тапсырылмаған, сондай-ақ, адамдардың оларға көңіл айтуларына жол берілмеген.

Адам хұқтары бойынша халықаралық «Amnesty International», «Human Rights Watch» және тағы басқа ұйымдар өлім жазасына кесілген арабтардың соты халықаралық стандарттарға сай келмеді дейді. Сонымен қатар, БҰҰ-ның адам хұқтары бойынша үш өкілі ол арабтар қинап-азаптау арқылы өздеріне тағылған айыптарды мойындаған деп мәлімдеді.

Ирандағы кей адамдардың айтуынша, жарылыстарды жүзеге асырды делінген арабтар тағылған айыптарды қысым астында мойындаған болуы мүмкін. Ирандағы адам хұқтарын қорғаушы танымал белсенді Емад Бағи бірнеше рет билікті арабтарға шығарылған өлім жазасын іске асырмауға шақырған болатын. Ол әліге дейін билік орындары халықаралық ұйымдардың шақыруларына құлақ асып, қалған 7 арабты өлтірмейді деп үміттеніп отыр.

«Оларға байланысты шығарылған өлім жазасының іске асырылуы әбден мүмкін, себебі арабтардың үшеуі өлтірілген соң қалғандарына түрмедегі күзетшілер: «сіздер де өз достарыңызға бірнеше күннен кейін барасыздар» деп айтқан екен. Бұл – «дайындала беріңдер» деген белгі десе болады. Бірақ одан кейін бірнеше күн өтті, олар әлі өлтірілмеді. Сондықтан билік орындары халықаралық ұйымдардың шақыруларына құлақ асып, өлім жазасын іске асырмайды деп үміттеніп отырмыз», - деді Бағи.

Адам құқын қорғаушы топтардың айтуынша, Иран үкіметі Хузестандағы ұлттар құрамын өзгертуді жоспарлап отыр деген әңгіме шыққан соң билік орындары 2005 жылдың сәуір айынан бері елдегі жүздеген арабты қамауға алған. Ирандағы жалпы халықтың 3 пайызын арабтар құрайды, ал елдің мұнайға бай Хузестан өлкесінде тұрғындардың көбі арабтар екен.

Бұдан бұрын бұл өлкеде бірнеше рет жарылыстар орын алған еді. Мысалы Хузестан астанасы Ахвазда шамамен бір жыл бұрын жарылыстар болып кемінде 8 адам қаза тапқан тұғын. Иран билігі ол жарылыстарға «шетелдіктер» мен сыртта жүрген «оппозиция күштері» жауапты дейді. Алайда Британия бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Бақылаушылар аймақтағы толқуларға басты себеп кедейшілік пен әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар дегенді айтады.

Бағидің айтуынша, Ахваздағы жарылыстарға қатысы бар деп кұдіктелгендердің көбі ұзақ жылдарға түрмеге жабылған, ал бірнешеуі өлім жазасына кесілген. Билік орындары бұл мәселеде байсалдырақ болуы керек дейді Бағи.

Әлгі арабтарға мейірімділік көрсету жөніндегі шақыруларға байланысты Иран ресмилері әзірше өз пікірлерін білдірмеді.
XS
SM
MD
LG