Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.16.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар «Қазақмыс» корпорациясы мен «Миттал Стил Теміртау» компаниясында жұмыс істейтін қарағандылық кеншілердің әлеуметтік жағдайы туралы мәселе көтеріпті. Ал кейбір газеттер Қазақстан үшін ірі саяси өзгерістердің қажеттілігі жайын сөз еткен.

2006 жылдың қараша айында арнайы баспасөз маслихатын өткізіп, жұмысшылардың әлеуметтiк жағдайына ерекше көңіл бөлеміз деп уәде берген «Қазақмыс» басшылығы сөзінде тұрмапты деп жазады «Жас Алаш» газеті. Басылым дүйсенбі күні Алматыда баспасөз маслихатын өткізген Қарағанды облыстық тәуелсiз кәсiподақ қоғамдық ұйымының төрағасы Бүркiтбай Насырхановтың мәлімдемесін келтіреді. Оның айтуынша, «Қазақмыс» корпорациясының басшылары халықты алдап отыр. Жұмысшылар жер астында 10-12 сағат жұмыс iстегенiмен, жалақы 7 сағат 20 минутқа ғана төленеді. Бүркітбай Насырхановтың сөзіне қарағанда, соңғы бес жылда Владимир Ким жұмысшылардың еңбегін қанаудың арқасында байып отыр» деп жазады «Жас Алаш».

Ал «Егемен Қазақстан» басылымы, өткен жылдың қыркүйек айында «Миттал Стил Теміртау» компаниясында болған кеншілер ереуілінен кейін, түнгі уақыттағы жұмысқа төлем бағамы көтерілді деп жазады. Ендігі жерде түнгі бір сағатық жұмыс үшін шахтерларға 567 теңгеден төленбек. Сондай-ақ, басылымының жазуынша, «Миттал Стил Теміртау» компаниясының көмір департаментінде еңбекақы қорының ұлғайуынан кеншілердің жалақысы да көтерілген. Атап айтқанда, бесінші разрядты кеншінің жалақысы 70 мың теңгеге жетті. Ал бірінші топтағылар ай сайын 52 мың теңге еңбекақы алатын болады. Бұған қоса, «Егемен Қазақстанның» жазуынша, шахтерлар бұдан былай 30 мыңнан 60 мың теңгеге дейін сыйақы берілетініне қуануда.

Осы орайда, «Айқын» басылымы «Миттал Стил Теміртауға» қарасты Ленин атындағы шахтада болған апатқа байланысты қылмыстық іс сотқа тапсырылғанын жазыпты. 2006 жылдың 20 қыркүйегінде аталмыш шахтада метан газы жарылып, 41 кенші опат болған еді. «Айқынның» дерегінше, қылмыстық іс бойынша Ленин шахтасының сегіз жұмыскері жауапқа тартылып отыр. Олардың үшеуі қаладан кетпеуге қолхат берген болса, бесеуі тергеу изоляторында қамаулы. Жауаптылар «жауапкершіліктеріне немқұрайлы қарау», «қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы салдарынан адам өлімінің және өзге де аса ауыр жағдайдың орын алуы», «еңбек қорғау ережелерінің бұзылуы» баптары бойынша айыпты деп танылған.

«Экспресс-К» газетінің пайымдауынша, Қазақстан үшін қазір, жаңа бір даму сатысына көтерілуге мүмкіндік туып отыр. «Бұл үшін Қазақстанда барлық жағдай бар. Мысалы, елдің сыртқы саяси беделі бар, экономикалық өсу қарқыны жалғасуда, халықтың сауаттылығы жоғары». Бұған қоса, газеттің жазуынша, Қазақстан қоғамы мен мемлекетін демократияландыру процессі де әлі аяқталған жоқ. Елде болып жатқан кезекті саяси өзгерістер, тіпті Қазақстанның Ата заңына белгілі бір өзгерістер енгізіледі деп күтілуі де осыған дәлел бола алады. Осы саяси өтпелі кезеңде дамудың жаңа бір деңгейіне көтерілу үшін, елге ірі саяси өзгеріс қажет деп жазады «Экспресс-К».

Қаңтар айының басында Қазақстанда болған кезекті кадрлық алмастыру елдің ішкі және сыртқы саясатында үлкен өзгерістер болады дегенге меңзейді. Ресейлік «Время новостей» газетінің бұл болжамын «Жас Алаш» газеті жариялапты. «Бұл өзгерістердің барлығы – Назарбаев баяғыда уәде еткен елдiң саяси жүйесiн реформалаудың басы. «Время новостей» газетiнiң қолында бар ақпараттар бойынша, президент бұл бағдарламаны қаңтардың соңында Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында жарияламақ» деп жазады «Жас Алаш» басылымы.
XS
SM
MD
LG