Accessibility links

Қазақстан халқының саны өсіп келеді


Қазақстан халқының саны жылдан-жылға артып келеді. Мұны Қазақстан Республикасы Статистика Агенттігінің 2006 жылдың қаңтар-қараша айларында жүргізген есебі көрсетіп берді. Статистика Агенттігіндегі Әлеуметтік және демографиялық статистика департаменті директорының орынбасары Ерболат Мұсабектің айтуынша, қазақстан халқы жыл сайын 1 пайызға артып келсе, 2006 жылдың 11 айында-ақ ол көрсеткіш 1,1 пайызға дейін көтерілген. Алайда мамандар, қазақстандықтардың 20 миллионға жетуі үшін әлі талай жылдар керек дейді.

Қазақстан Республикасы Статистика Агенттігі әлеуметтік және демографиялық статистика департаменті директорының орынбасары Ерболат Мұсабектің айтуынша, Қазақстан халқы 2006 жылдың 11 айында 161 мың 600 адамға өсіп, сол жылдың 1 желтоқсанында 15 миллион 380 мың 900 адамға жеткен. Халықтың 131 мыңнан астамы табиғи өсіммен өссе, 30 мыңы сырттан көшіп келушілердің есебінен өскен дейді Ерболат Мұсабек:

- 11 айда Қазақстанда 277 мың 49 сәби дүниеге келді. Оның 194 мың 550-і қазақ балалары. Сонымен қатар, қайтыс болғандар 145 мың 466. 1-ші желтоқсандағы есеп бойынша, 15 миллион 381 мың адамның 9 миллион 96 мыңы немесе 59 пайызы қазақтар.

Сонымен қатар, Ерболат Мұсабек азайып және көбейіп келе жатқан ұлттарды да атап өтті. Оның мәліметтеріне сүйенсек, 11 айда табиғи және миграциялық жағдайларға байланысты орыстар 32 мыңға, украиндер 7700 адамға кеміп кеткен. Ал республикада саны жөнінен 4-ші орында тұрған өзбектер керісінше, 10 мың адамға өсіп, өткен жылғыға қарағанда 2,3 пайызға артқан. Бұл Қазақстандағы әр түрлі ұлттар арасында әзірше, ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр дейді ол. Сондай-ақ, Ерболат Мұсабек қазақтардың 11 айда 2 пайызға өскендігін де айтты.

Ал демограф-ғалым Мақаш Тәтімов тұрғындар санының жылдам өсуін халықтың түзелген әлеуметтік-экономикалық жағдайымен және қазақ халқының тарихи демографиялық үрдісімен түсіндіреді. Сондай-ақ Мақаш Тәтімов үлес салмағы басым қазақтармен бірге, Қазақстанда мұсылман, түркі тілдес халықтардың да көбейіп отырғанына мән береді.

- Қазақтарды демографиялық тасқын күтіп тұр. Ол тек қазақтарды ғана емес, мұсылман, түркі тілдес өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, дүнген халықтарын да күтіп тұр. Бірақ та ең жақсы көрсеткіш қазақтарда болып тұр. Өйткені қазақтар негізгі халық ретінде өсіп келеді, - дейді Мақаш Тәтімов.

Осыған қарамастан, демограф президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақстан халқы санын 20 миллионға жеткіземін деген жоспары өз мерзімінде орындала қоймайды деген болжам айтады.

- 2015 жылға аз уақыт қалды. 20 миллонға Қазақстан халқы 2025 жылы жетеді. Қазақ халқы кем дегенде өз жерінде 20, ал әлем бойынша 25 миллонға жетіп, биік деңгейге көтеріліп алу керек. Өйткені апаттар немесе жаман ауруларға қарсы төтеп беретін көп сан керек, - дейді демограф.

Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев билік Қазақстан халқы санын өсірудің мүмкіндіктерін әлі де толық пайдаланбай отыр деген пікір айтады. Ол осы бағытта 3 нәрсені жақсылап қолға алу керек дейді.

- Бірінші кезекте, қалай болғанда да, табиғи өсімді көбейту керек. Екіншіден, шетелдердегі қазақтарды көптеп әкелу керек. Үшінші жол, тілі, діні ұқсас, «қазақ боламын» деген халықтардың қазаққа қосылуына жол ашуымыз керек. Мысалы, Ауғанстан, Өзбекстанда тұратын ертеректе қазақ болған, бірақ кейіннен өзбек болып кеткендер қайтадан «қазақ боламыз» дейді. Соларға жол ашуымыз керек, - дейді Сұлтанәлі Балғабаев.

Ұзақ жылдардан бергі адам санының азаюынан кейін, 2002 жылдан бастап Қазақстанда халық саны жыл сайын 1 пайызға өсіп келеді. Ал биылғы өсім 1,1 пайызды құрады.
XS
SM
MD
LG