Accessibility links

Қазақстанның құқық органдары азаматтардың телефонын тыңдап-жазып алу үшін заңдарға өзгеріс енгізуді ұсынып отыр


Қазақстан парламентінің мәжілісі телефондарды жариялаусыз тыңдауға мүмкіншілік беретін заң жобасын қарауға кірісті. «Жедел іздестіру қызметі туралы» заң актілеріне осындай өзгерістер енгізілу ұсынылып отыр. Бас прокуратура өкілдерінің айтуынша, бұл - қылмыс ашуға септігін тигізбек. Ал, парламенттің кейбір депутаттары бұл - демократиялық жетістіктерден шегіну, жеке адамның өміріне қол сұғу деген пікір айтады.

Депутаттарға заң өзгерістерін таныстырған Қазақстан бас прокурорының орынбасары Асхат Дауылбаевтың айтуынша, «қазіргі қолданыстағы заң нормалары ескіргендіктен ол заңмен қазіргі заманғы қылмыспен толық мүмкіншілікпен күресу қиын». Сондықтан Дауылбаев қылмыстық процессуалды кодекстің 237-бабына өзгеріс енгізіп, жариялаусыз телефондарды тыңдауға мүмкіншілік беретін бап енгізуді ұсынды. Оның сыртында, орта ауыр қылмыстарға жататын істерде күдіктілердің және айыпталып отырған адамдардың телефон әңгімелерін таспаға жазу көзделген. Бірақ, бұл пікірмен кейбір депутаттар келіспей отыр. Қазақстан парламентінің мәжіліс депутаты Уалихан Қалижанұлы солардың қатарында өз ойын былайша жеткізді:

- Тыңдау «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңға байланысты органдарға рұқсат берілген. Сосын үстеріне қылмыстық іс қозғалып, қашып жүрген адамдардың телефондарын тыңдап қайда жүргенін білу үшін заңмен реттелген. Ал, мына ұсынысты түсіне алмай отырмын. Егер, экстремизм, терроризм сондай ұйымдар, бандиттік топ мүшелерінің телефондарын тыңдайтын болса мен оны ұлттық қауіпсіздік, мемлекет қауіпсіздігі, халқымыздың тыныштығын қорғау мәселесіндегі қадамдар деп бағалар едім. Ал, енді кез келген қарапайым адамды тыңдауға құқылы болатын болса, ол - біздің Конституцияға қайшы келеді, бұл жеке азаматтың, адамның құқығын сыйламаушылық.

Қазақстан парламентінің мәжіліс депутаты Райымбек Аяшов заңгерлердің пікірлеріне құлақ асады:

- Нағыз қылмыскерлерді тыңдайтын болса ол – тиімді деп ойлаймын. Қазір құлақ естімеген, көзіміз көрмеген қылмыстар болып жатыр. Қазір ұйымдасқан топтардың техникасы органдардың техникасынан кем емес. Сондай жағдайда тыңдауға мен қарсы емеспін. Ал, егер соны пайдаланып құқық органдары бүкіл адамдарды – мені, сізді тыңдайтын болса, ол - Конституцияға қарсы болмақ. Мынау заң жүзіне келгенде бізде заңгерлер бар. Егер олар бұлтартпайтын қағидалармен келсе мен оларды тыңдаймын.

Қазақстан парламентінің мәжіліс депутаты Сергей Жалыбин кезінде Қылмыстық кодекстің және Жедел іздестіру әрекеттері жөніндегі заң авторларының бірі болған. Оның айтуынша соңғы ұсыныс - демократиялық жетістіктерден шегіну болмақ.

«Ұсыныс берушілердің айтуынша, елде қылмыс саны өсіп келеді, бірақ бұл себеп емес. Қазір құқық органдарына жаппай аңду, тыңдауға рұқсат беру бәрінен оңай. Сондықтан мен әзірге қарсымын, бірақ, біз барлық статистиканы және негіздемелерді зерттейміз», - дейді депутат Жалыбин.

Саясаткер Балташ Тұрсынбаев бұл мәселеге байланысты мынадай пікірін білдірді:

- Менің пікірім, өзгеріс енгізу керек. Тыңдау керек. Бұрын жасырын тыңдаған, енді ашық тыңдасын.

Ал, Қазақстан бас прокурорының орынбасары Асхат Дауылбаевтың айтуынша, елде орташа дәрежедегі ауыр қылмыстарға жататын істер жыл сайын көбейіп келеді екен. 2004 жылы олар бар қылмыстың 70 пайызын құраса, 2005 жылы 75 пайызға өсіп, 2006 жылы 78 пайызға дейін жеткен, дейді ол. Ал, телефон тыңдаудың арқасында осы қылмыстардың 35 пайызы ашылған деп хабарлады прокуратура өкілі. Мұный сыртында, іздеуде жүрген қылмыскерлердің 8 пайызы телефон арқылы табылған, дейді А.Дауылбаев. Оның айтуынша, кейде телефон қылмыскерді ұстайтын жалғыз амалға айналады екен.
XS
SM
MD
LG