Accessibility links

Рөлі оң жақта орналасқан көлік иелері атынан үш азамат Қазақстан үкіметін сотқа берді


Сәрсенбі күні қазақстандық үш азамат үкіметтің былтырғы жылы желтоқсанның 28-күні рөлі оң жақта орналасқан көліктерге орай шығарған қаулысын Қазақстанның бірнеше заңына қайшы деп есептеп, Қазақстан үкіметінің үстінен Жоғарғы сотқа арыз берді. Бұл туралы «Азаттық» радиосына арызданушылардың бірі, заңгер Сергей Уткин мәлімдеді. Республикалық МАИ басқармасының жетекшісі Өмірзақ Түсімов қаулы дайындалар алдында мамандар сараптамасынан мұқият өткендігін алға тартады.

Былтырғы жылы республикада 117 мыңнан астам рөлі оң жақта орналасқан мәшине тіркелген. Ал Қазақстан үкіметінің №1301 қаулысы Қазақстанның барлық талаптары мен техникалық нормаларына сай жасалынған осындай автокөліктерді алу және әкелу құқығымыз бен заңды мүддемізді бұзады деп есептейді сәрсенбі күні Жоғарғы сотқа шағымданған азаматтар. Солардың бірі заңгер Сергей Уткин арызға өзінен басқа «оң жақтағалар Одағы» қоғамдық қозғалысының лидерлері Санжар Боқаев пен Сергей Бондарцев қол қойғанын айтты.

«Біз бүгін поштамен арызды жібердік, ертең ол сотқа жетеді», - деді Сергей Уткин «Азаттық» тілшісіне қаңтардың 17-күні.

Оның айтуынша, үкіметтің рөлі оң жақтан басқарылатын көліктерге орай шығарған қаулысында көптеген анықтамалар дұрыс берілмеген.

«Сонымен бірге, «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Техникалық реттеу туралы» заңдарға қайшы келетін тұстары бар. Сондай-ақ қаулыда Кеден Кодексінде көрсетілген талаптарға орай да сәйкессіздіктер кездеседі. Үкіметтің Қазақстан ауқымына әкелуге тыйым салынатын тауарлар қатарын анықтау құзыреті бар екендігіне қарамастан, олар өздерінің біліктілік шеңберінен шығып кетіп отыр. Үкімет тыйым салатын тауарларды «төбеден түскендей» етіп анықтамай, олардың кеден саясатының мүддесіне сәйкес келуін ескеруі керек еді. Ал бүгінгі күні рөлі оң жақтағы көліктерді әкелуге тыйым салу әрекеті осы кеден саясатының мүддесіне сәйкес келмейді. Мысалы, Қазақстанға әкелуге тыйым салынған қару-жарақ, есірткі, порнографиялық өнімдер тәрізді тауарлардың әрқайсысы бөлек заңдармен анықталып, бекітілген. Ал рөлі жақтағы көліктерге келгенде олар асығыстық танытқан. Өздері алдымен тыйым салып алып, заңға өзгерістер енгізу мәселесін парламентке беруді енді ойластырып жүр. Парламенттің мұндай машиналардың зияны жоқ деп шешуі де әбден мүмкін ғой?!» - дейді Сергей Уткин.

Айтқандай-ақ Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік бойынша комитет төрағасы Серік Әбдірахманов бұған дейін үкіметтің рөлі оң жақта орналасқан көліктерді әкелуге тыйым салу және оны пайдалану шектеу бойынша келтірген уәждеріне күмәнмен қарайды. Ол бұл шараның атында белгілі-бір экономикалық топтардың тұруын жоққа шығармайды.

«Бұл жерде кімнің мүддесі қолдау тауып, үкіметте қорғалуда? Себебі, рөлі оң жақтағы машиналар арзан, бәсеке жасап тұр. Сол себептен, осы бәсекелестерден құтылу үшін, мінеки, биік деңгейге көтеріліп, Ел басына, әйтеуір, жасанды бір ақпараттар беріп, қарсыластарын жолдан тайдырып, өздері жаңа, Еуропадан келген машиналарды Қазақстанда сатпақ», - дейді депутат Серік Әбдірахманов.

Дегенмен, Ішкі істер минстрлігіне қарасты Республикалық мемлекеттік автоинспекция басқарамасының бастығы Өмірзақ Түсімов сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына үкімет қаулысы Қазақстан заңдарына толықтай сәйкес екендігін, ал оған қарсы шығып жүргендердің, керісінше, жеке мүдделері бар дегенді айтты:

«Соны істеп жүргендер – көлікті алып келетін, бизнесін жоғалтқандар ғой. Бәрі заңға сай! Үкімет қаулы қабылдар алдында оны жан-жақты зерттеп, қарады ғой. Бас прокуратура, Әділет министрілігі, Индустрия және сауда министрлігі – бәрімен келісілген. Бас прокурордың өзі қол қойған. Егер заңға қайшы болса, оған қол қоя ма?!»

Қалай болғанда да, рөлі оң жақта орналасқан көлік иелерінің мүддесін қорғаймыз деп отырған арызданушылар Жоғарғы соттан өздеріне 10 күн ішінде, яғни, қаңтардың 28-і күні жауап келуі тиіс екендігін айтса, Қазақстанның мемлекеттік автоинспекция басқарма бастығы дәл сол күні рөлі оң жақта орналасқан көліктерді әкелуге тыйым салатын үкімет қаулысының күшіне енетіндігін айтады.
XS
SM
MD
LG