Accessibility links

Олимпиадаға дайындалып жатқан Қытай қауіпсіздік шараларын күшейтуде


Қытай астанасы Бейжің 2008 жылдың тамыз айында өтетін кезекті Олимпиадаға ерекше қарқынмен дайындалып жатыр. Осынау спорт мейрамын тамашалауға келетін миллиондаған шетелдікті таң қалдыру мақсатында Бейжіңде көптеген жаңарту шаралары қолға алынған, қала ішінде мен қала маңында жаңа спорт кешендері тұрғызылып жатыр. Алайда спорттан тысқары мәселелер де ұмыт қалмай отыр. Солардың бірі - Олимпиада кезіндегі қауіпсіздік мәселесі. Аталмыш жағдай Қытай ресми орындарына халықаралық қауымдастықпен тығыз байланыс орнату мүмкіндігін тудырып отыр. Алайда Қытай ресми орындары мұны елдегі диссиденттерді одан әрмен басып-жаншуға да пайдалануы мүмкін.

Қытайдың Олимпиада-2008 жобасының жетекшісі Ху Бо алдағы 12 ай жаңа заман тарихындағы ең ғажайып Олимпиада ұйымдастырмақ Қытай елі үшін өте маңызды екенін айтып отыр. Бейжіңді 29-шы Жаздық Олимпиадаға дайындау шараларына 40 млрд. долларға тарта қаражат жұмсалып отыр. Бұл ақша қаланы жаңарту, ескі лас аудандарды тазартып, жаңа парктер құру шараларына да жұмсалмақ.

Қытай бойынша маман Кристиан Лемьердің айтуынша, Қытай жетекшілігі Олимпиаданы жаңарған Қытай елінің әлемдік бейнесін көрсетудің мүмкіндігі ретінде қарастырып отыр.

"Үкімет бұны соңғы ширек ғасыр бойы экономикалық тұрғыдан екі сандық көрсеткіштермен дамып келген Қытайды, жаңарған Қытайды әлемге паш етудің мүмкіндігі ретінде қарастырып отырғанына күмән жоқ. Сөйтіп олар Бейжің Олимпиадасын Қытайдың ұлттық мақтанышы ретінде ғана көрсетіп қоймай, халықаралық қауымдастыққа Қытайдың мұндай шараларды қалай өткізе алатынын көрсетуге де пайдаланбақ", - дейді Қытай бойынша маман Кристиан Лемьер.

Мұндай жиындардың террорлық шабуыл нысанасына айналу мүмкіндігін ескерген Олимпиадалық Қауіпсіздік Басқармасы Орталығы қаңтар айының басында арнайы халықаралық байланыс бөлімшесін құрды. Бұл бөлімшенің алдына қойылған мақсат басқа елдердің полициясы мен қауіпсіздік қызметтерімен ынтымақтастықты нығайту.

Олимпиададағы қауіпсіздік мәселелеріне жауапты топтың жетекшісі Хуаң Уэй халықаралық жәрдемсіз Олимпиададағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес дейді. Бұл тұрғыда Қытай халықаралық Интерпол ұйымымыне байланысын да күшейте түскен.

Террористтерден сақтану шараларының сыртында, Қытай Бейжің көшелерін қалтаға түсетін ұры-қарыдан да тазартуға тырыспақ.

Алайда, Қытай ресми орындары сескеніп отырған енді бір топ бар, ол – Қытайдың онсыз да қысым астында қалған диссиденттері. Шеру, немесе адам құқықтары қозғалысына қатысты қандай бір оқиғаны Қытай жетекшілігі ұятты жағдай деп қабылдары сөзсіз. Сондықтан, Қытай ресми орындары қазірдің өзінде мұндайды болдырмаудың барлық шараларын қолға алып отыр, - дейді адам құқықтарын қорғаумен айналысатын халықаралық Amnesty International ұйымының өкілі Корина-Барбара Фрэнсис.

"Қытайдағы адам құқығын қорғаушылардың бүтін жүйесіне қарсы қудалау әрекеттері басталып кетті. Қытай үкіметінің Олимпиада ойындарына бірнеше жылдан бері дайындалып келе жатқанын ескерер болсақ, бұл қудалаулар кездейсоқ емес", - дейді Amnesty International ұйымының өкілі.

Оның айтуынша, Қытай полициясына арнайы ережелердің басылып шыққандығы, онда үкімет сенімсіз деп есептейтін адамдардан сұхбат алуға тырысатын шетелдік журналистермен полиция қалай жұмыс істеу қажеттігі жөнінде кеңес берілетіндігі жөнінде Amnesty International-ға хабарлар келіп түскен.

Олимпиада өткізу құқығына ие болар алдында Қытайдың адам құқықтарын жақсарту тұрғысында берген уәделері жүзеге аспай отырғанына өкініш білдірген Amnesty International ұйымының өкілі Корина-Барбара Фрэнсис ойын басталғанға дейін Қытай бұл тұрғыда әлі де оң өзгерістер жүзеге асыра алатынына үміт білдіреді.

29-шы Жазғы Олимпиада 2008 жылғы тамыз айының 8-24 аралығында өтпек.
XS
SM
MD
LG